Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2017

Жамбыл облысында газ стансасы іске қосылды

526 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облысының Айша бибі ауылында газ инфрақұрылымының жаңа нысаны пайдалануға берілді, ол «Қазақстан - Қытай» газ магистралының өнімділігін арттыруға септігін тигізеді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жамбыл облысында газ стансасы іске қосылды

№3 компрессор стансасын «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясы іске қосқан. Ол - «С» магистралды газ құбырының жоспардағы сегіз компрессор стансасының бірі. Инвестициялық жобаның құрылысы мен пайдаланылуын «ҚазТрансГаз» АҚ пен «Trans-Asia Gas Pipeline Co. Ltd-ның» бірлескен еншілес кәсіпорны - «Азия газ құбыры» ЖШС жүзеге асырып отыр.  Жоба жылына «С» газ құбырының қуатын жылына 25 млрд текше метрге дейін жеткізу, сондай-ақ процесті аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат үздіксіз жүргізу мүмкіндігін береді. «Қазақстан - Қытай» газ құбырының компрессор стансасын іске қосуға арналған салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты. Өңір басшысы осы аталған жоба аймақ экономикасында айрықша да ерекше мәнге ие екендігін атап көрсетті.

«Бүгін, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «Азия газ құбыры» компаниясы Жамбыл облысында кезекті газ компрессор стансасын іске қосып отыр. Жылына ол арқылы өтетін 25 миллиард текше метр газдың 5 миллиард текшесі экспортқа шығарылады. «Бейнеу - Бозой - Шымкент» магистралды газ құбырын іске қосу арқылы «көгілдір отын» тасымалдауға тәуелділіктен де арыламыз әрі газдың қалған бөлігін экспорттау мүмкіндігіне де ие боламыз. Келер жылы «Отар АГБС-ның» жоба-сметалық құжаттары дайын болып, сол желі арқылы Мойынқұм ауданының тоғыз елді мекенін газбен қамту жоспарлануда. Қордай ауданының таулы аумақтағы 12 ауылы «С» желісі бойынша газбен қамтылады», - деді өңір басшысы.

Станса сағатына 567 мың текше метр газ өткізе алады. «Газ инфрақұрылымының жаңа нысаны Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтеді. «Қазақстан - Қытай» магистралында тағы бір қуатты компрессор стансасының іске қосылуы отандық газ тасымалдау жүйесін жетілдіру бойынша жасалған нық қадамдардың бірі болды», - деді Кәрім Көкірекбаев.