14 Желтоқсан, 2017

Әділеттің ақ жолынан Трампша аттау

789 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің ас­та­на­сы дегенді мойындап, АҚШ ел­шілігінің Тель-Авивтен сол қалаға кө­шірілетінін мәлімдеді. Үстіміздегі жылдың маусым айында ғана елші­лікті көшіруді кейінге қалдырған Трамп­тың бұл шешімі қандай да бір қы­сы­мның күштілігінен екені көрініп тұр. 

 

Әділеттің ақ жолынан Трампша аттау

Бір жағынан бұл Ресейдің АҚШ-тағы 2016 жылғы президенттік сайлауға олигархтар мен шенеуніктердің сыртта жүрген қаражаттары арқылы араласуы туралы Конгрестің 2018 жылдың ақпан айында жариялайтын есебінің алдында Д.Трамптың жұрттың назарын басқаға аударып әрі өте ықпалды еврей қауымдастығының қолдауына ие болу үшін жасаған амалы сияқты.

Трамптың мәлімдемесі араб әлемінде жатқан жыланның құйрығын басқандай қатты әсер етіп, осы елдер халықтарының жаппай наразылықтарын туғызды. Араб мемлекеттері лигасының сыртқы істер министрлері бірлесіп, Д.Трампқа Таяу Шығыс елдерінің халқын «хаосқа» ұрындыратын шешімінен қайтып, мәлімдемесінен бас тартуды талап етті. Өйтпеген жағдайда осы аймақтағы ты­ныштық пен тұрақтылыққа араағайын болып жүрген мәртебесі мойындалмайтыны да жеткізілді. 

Көптеген еуропалық, азиялық ел­дер­дің көшбасшылары, оның ішінде Ресей президенті В.Путин мен Түркия­ президенті Р.Ердоған БҰҰ қарары­на­ сәйкес келмейтін бұл шешімге алаңдау­шылық білдірді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме жасап, Иерусалим қаласының мәртебесі жөніндегі БҰҰ Бас Ассамблеясы және Қауіпсіздік Кеңесі қарарларының сақта­луын қалайтынын жариялады. 

Иерусалим қаласы мәртебесінің БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарының назарына қалай ілігіп жүр? Арабша әл-Құддыс деп аталатын бұл қала Таяу Шығыста Жерорта және Өлі теңіз ара­лығында орналасқан өте ежелгі қала. Ол тіпті б.д.д. ХІ ғасырда еврейлер ба­сып алғанға дейін-ақ қала болған. Рим империясы тараған кезден ол Византияның қарамағына өтіп, мұнда христиан діні дамыған. Ал VІІ ғасырдан ХVІ ғасырға дейін кресшілер басып алған аз уақытты есептемегенде 700 жылдай ол араб қаласы саналып, ислам діні қатты өркендеді. Иерусалимде исламмен қатар христиан мен иудаизм діндері де дамыған. Сол себептен бұл қала әлемдік үш діннің орталығы саналады. Бірақ соңғы мың жылдан астам уақытта негізінен мұсылмандардың қолында болды.

1947 жылдың 29 қарашасындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарында Палестина жерінің араб пен еврей мемлекеттері үшін екіге бөлінуіне байланысты Иерусалимді Британ мандаты аяқталған соң ұйым өзінің бақылауына алатындығы айтылған. Осыдан кейін екі жылға созылған араб-израиль соғысы басталып, Иерусалимнің шығыс бөлігі арабтарға, батыс бөлігі еврейлерге тиесілі болып бөлінді. Ал 1949 жыл­дың 5 желтоқсанында Израильдің пар­ламенті (кнессет) қаланың батыс бөлігін елдің астанасы деп жариялап, барлық мемлекеттік және өкіметтік мекемелердің осында көшетінін жариялады. Осы шешімнің өзі әлі күнге бітпей келе жатқан араб-еврей дауының бір ұшы.

1967 жылғы алты күндік араб-ев­рей­ соғысында Израиль Иерусалимді түгелдей басып алды. Бұл арабтардың еврейлерге деген өшпенділігін тіпті тереңдетіп, екі халықтың арасындағы жікті аша түсті. Әрине, БҰҰ мен әлем­дік қоғамдастықтың негізгі бөлігі Иеру­салимді Израильдің астанасы деп мойындамайды. Қауіпсіздік Кеңесі өзінің 1967 жылғы 22 қарашадағы қарарымен Израильді Иерусалимнің басып алған аумағынан шығуын талап етті. Бірақ Израиль бұл қарарға құлақ асқан жоқ. 1980 жылдың 22 шілдесінде қарарға қосылмаған елдердің басшылары өзде­рінің алтыншы конференциясында Иеру­салимнің еврей мемлекеті басып алған аумағы Палестинаның ажырамас бөлігі деген шешім шығарған еді. Оған қарсы кнессет 30 шілдеде Иерусалимді «Израильдің астанасы» деген заң қабылдады. Ал БҰҰ Бас Ассамблеясы 1996 жылдың 4 желтоқсанында әлемнің қасиетті қаласын Израильдің жеке-дара меншіктеп, өзінің заңымен басқаруы дұрыс емес, сондықтан оның заңдық күші жоқ деген мағынада қарар қабылдады. Бұған да бағынбаған Израильге қарсы БҰҰ Бас Ассамблеясы 2004 жылы ар­нау­лы, оныншы төтенше сессиясында Иерусалимнің басып алынған аума­ғында еврей өкіметі қабылдаған бар­лық шешімдердің заңды күші жоқ деп табылсын деген бұрынғы қарарды бекітті. Сонымен бірге осы қарарда Шығыс Иерусалимнің Палестина халқына тиесілі екендігі де айтылған.

Ал АҚШ әкімшілігінің Иерусалим­ге қатысты бұл әрекеті әділеттің ақ жолынан аттау екені көрініп тұр.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»