– Чжон Сынг-мин мырза, кезінде Қазақстанға күштеп көшірілген корейлер осында тастай батып, судай сіңді. Көбі Қазақстанды туған Отаным деп біледі. Осы қандастарыңыз екі елдің қарым-қатынасына алтын көпір болып отыр деп айтуға бола ма?
– Меніңше, Қазақстандағы корейлер – үлгілі ұлттың бірі. Мұндағы қандастарымыз қалжыңдап өздерін «төртінші жүз» деп атайды. Бұл – бекер емес. Бір жағынан олар этностық корейлер болғандықтан, Корея түбегімен түбі бір. Мұндағы корейлер Қазақстанның заңдарын, тәртібін, тілі мен мәдениетін жақсы біледі. Жапония мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы басталғаны белгілі. Содан бері мұндағы корейлер саясат, экономика, мәдениет пен білім салаларындағы байланыстың бекемделуіне ерекше ықпал етті. Еуразиялық ынтымақтастық аясында Қазақстандағы корейлер Корея мен Еуразияның достығы мен әріптестігінде маңызды рөл атқарады.
– Қазір Қазақстанда Корея тауарлары жақсы бағаланады. Алдағы уақытта екі мемлекеттің тауар айналымы арта ма?
– Корея мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 1992 жылы 10 миллион доллар шамасында болатын. Былтыр бұл көрсеткіш 650 миллион АҚШ долларына жетті. Яғни бұл көрсеткіш 65 есе көбейді.
Биылғы жылдың алғашқы жартысында Кореяның Қазақстанға экспорты 93,8 пайызды құрап, құны 240 миллион АҚШ долларына жетті. Ал импорт 483 пайызға өсіп, 350 миллион АҚШ долларын құрады. Биылғы тауар айналымы өткен жылға қарағанда әлдеқайда жоғары. Екі мемлекеттің экономикалық байланыстары бірін-бірі толықтырып отыр. Оған қоса Қазақстанның «Жібек жолын» жаңғырту саясатының аясында тауар айналымы үздіксіз өсіп отыратын болады.
– Оңтүстік Корея Қазақстанға қандай тауарлар беріп, ал бізден қандай тауарлар алып отыр?
– Корея шикізат өңдеуде бәсекеге қабілетті ел. Сондықтан Қазақстан Кореяға өзінің табиғи ресурстарын сатуға мүмкіндігі бар. Негізінен Қазақстан Кореяға уран, ферроқорытпа мен түрлі-түсті металдарды экспорттап келеді. Биыл Қазақстан Кореядан болат құбырлар, синтетикалық шайыр (смола) мен жылыту радиаторларын алады.
– Елшілік қоныс тепкен оңтүстік мегаполис ерекше табиғатымен туристерді тартады деп ойлаймыз. Сіздіңше, Алматының қандай нысандары отандастарыңызды қызықтырады?
– Іле Алатауына іргелес жатқан Алматы өте көрікті қала. Мен туристерді биігінен мәңгілік қар кетпейтін Шымбұлаққа шақырар едім. Бұл – Орталық Азиядағы ең мықты тау шаңғысы бар курорттық кешен. Оның биігіне дейін көтерілсеңіз, ар жағынан ғажайып Тянь-Шань қыраттарын көресіз. Сонымен қатар Алматыдан 1,5 сағаттық жерде орналасқан Үшқоңырды атап өткім келеді. Өткен жылы маусымда Оңтүстік Корея Жоғарғы сотының төрағасы Янг Сын-Тэ мырзаны Алматы облысындағы Үшқоңыр жайлауына алып барғанмын. Шөбі шүйгін даладағы қой отарлары, тау бөктерлері оған өте ұнады. «Талай көрікті жерлерді араладым, бірақ Үшқоңыр жайлауындай мекенді көрген жоқпын» дегені есімде.
– Қазақстанға қыдырып келіп жатқан жерлестеріңіз жайлы нақты мәліметтер бар ма? Кореяға сапар шегетін қазақстандықтар саны қанша?
– Есіңізде болса, 2014 жылы 29 қарашада екіжақты визасыз режім күшіне енді. Бұл мәміле екі елдің барыс-келісін айтарлықтай жандандырды. Өткен жылы Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға 34068 адам барса, Қазақстанға келген корей туристерінің саны 22276 адамға көбейді.
– Медициналық туризмнің ауқымы қандай? Мәселен, Оңтүстік Корея медицинасы туралы Қазақстан Президенті өте жақсы пікір айтып, осы салада әріптестік орнатуға шақырғаны белгілі.
Екі елдің Денсаулық сақтау министрліктері арасында медицина саласындағы ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойғаннан кейін, Қазақстан Орталық Азиядағы өкілетті және тығыз үйлестіруші елге айналды. Қазақстанның 84 дәрігері 2009-2016 жылдары аралығында кореялық медицина мекемелерінде тәлім алды. Бұдан бөлек, 11 бас дәрігер 2016 жылы Кореядан менеджменттік оқу бағдарламаларынан өтті.
Қазақстаннан арнайы Кореяға емделуге келетіндер саны жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2009 жылы 128 адам келіп емделсе, 2015 жылы олардың саны 12500-ге жетті. Қазақстан мемлекеттік ауруханаларының тиімділігін арттырып, мемлекеттік және жекеменшік әріптестікке шетелдік капиталды тарту арқылы медицина мекемелерін көбейтудің арқасында ұлттық денсаулық сақтау саласын жаңғырту ілгері жылжып келеді. Бұл сегментте Корея үкіметі де белсенділік танытып, барлық мүмкіншілікті қарастырып отыр. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласындағы әріптестік арта түседі. Екі елдің үкіметі медициналық көмек көрсетудің сапасын көтеруге күш салатыны анық.
– Қазір Кореяда Қазақстанның біраз студенті білім алуда. Біздің жастарымыз көбіне қандай жоғары оқу орындарын таңдайды?
– Бұрын қазақстандық студенттер Сеулде орналасқан университеттерге түсуге тырысатын. Соңғы кезде олар басқа қалаларда да жақсы оқу орындары мен профессорлар бар екенін білді. Соның нәтижесінде қазақстандық студенттерді Кореяның кез келген қаласынан көруге болады. Бүгінде Кореяда 800-ге тарта Қазақстан студенті тіл, экономика, техника саласында білім алуда. Үкіметіміз шетелдік студенттердің алаңсыз оқуына мүдделі.
– Алматыда Корей мәдени орталығы бар. Оған корей тілін үйренуге баратын жастарымыз жетерлік. Сол сияқты Оңтүстік Кореядан да келіп, қазақ тілін үйреніп жүрген студенттер кездеседі. Келешекте мұның пайдасы қандай болмақ?
– Корей студенттері үшін Қазақстан Орталық Азиядағы шешуші рөлге ие ел. Сондықтан жастарымыз болашақта Қазақстанмен қарым-қатынас бұдан да тығыз болады деген үмітпен қазақ тілін меңгеруде. Сол сияқты қазақ студенттері де біздің экономикалық дамуымызға қызығушылық танытып, екіжақты байланыстардың артуына үлес қосамыз деп белсеніп отыр. Қазақ жастарының корей тіліне деген қызығушылығының артуына к-поп пен телесериалдар септігін тигізеді деп ойлаймын. Әрі қазақ және корей тілдерінің грамматикалық ұқсастықтары көп. Бұл тілдерді меңгеруді айтарлықтай жеңілдетеді. Қазір мәдениет алмасуының белсенділігіне қарап, келешекте елдеріміздің байланысы бүгінгіден де жоғары болады деп үміттенемін.
– Қазір Қазақстанда жұмыс істеп жүрген Оңтүстік Корея компаниялары көп. Бұлар қай салада басымдық танытып отыр?
– Олар барлық салада кездеседі. Ең ірілері саналатын Samsung Electronics, LG Electronics, Shinhan Bank, Lotte Confectionery, Asiana Airlines, Korea National Oil Corporation, Woorim Construction сияқты компаниялардың Орталық Азиядағы бас кеңселері Алматыда орналасқан. Сондай-ақ косметика, медициналық құрал-жабдықтар шығарумен айналысатын компаниялар, сауда-саттықты жүргізуге қолдау көрсететін кореялық KOTRA компаниясы барлық саланы қамтиды. Соңғы жылдары Қазақстан заманауи медициналық құрал-жабдықтарды енгізуге күш салып отыр. Сондықтан корей компаниялары осы салаға қызығушылық танытады. Бірақ көп адам Қазақстан мен Корея ауылшаруашылық саласында біріккен үлкен жобаларды қолға алып, жылыжайлар салу, қызанақ сұрыптарын жақсартуда жақсы жұмыс істеп отырғанын біле бермес.
– Соңғы сауал. Тарихи отанынан тысқары жердегі корей ұлттық театры және корей тіліндегі ұлттық газет Қазақстанда ғана бар. Алматыдағы корей театры 2016 жылдың тамыз айында Сеулге барып өнер көрсетті. Ондағы театр мамандары біздің корейлердің талантын қалай бағалады? Өзіңіз Алматыда шығатын «Корё Ильбо» газетін оқып тұрасыз ба?
– Қазақстандағы мемлекеттік корей музыкалық комедия театры 1992 жылы Оңтүстік Кореяға гастрольдік сапармен барып, Сеулде өткен әлемдік ұлттық театралдық өнер фестивалінде өте жоғары деңгейде өнер көрсеткен болатын. Бұл Хан Диннің «Ағашты сілкудің қажеті жоқ» деп аталатын пьесасы еді. Одан кейін 2016 жылғы қыркүйекте Қазақстандағы корей театры Сеул театр фестиваліне қонақ ретінде шақырылды. Олардың Кореядағы маңдайалды театрлармен иық тіресе өнер көрсеткенінің өзі көп нәрсені білдіреді. Қазақстандық корей театры қойған «Актриса» спектаклін қазылар жоғары бағалады. Басты рөлді сомдаған Антонина Пяк көрермендердің үлкен ықыласына ие болды. Шынында Корея түбегінен жырақта жатқан сонау Алматыда 85 жылдан бері корей театры өз ана тілінде табысты өнер көрсетіп келе жатқанына таңғалмасқа шара жоқ.
Ал «Корё Ильбо» келесі жылы 95 жылдығын атап өтеді. Бұл газеттің негізі КСРО кезінде Қиыр Шығыста қаланған. Бастапқы атауы «Сенбон» (Авангард) деп аталды. Корейлер Қиыр Шығыстан көшірілгеннен кейін қайтадан «Ленин кичи» деген атаумен жарық көре бастаған. Басылым корей театры сияқты біз үшін корей халқының тілі, этникалық бірлігі мен мәдениеті сақталып қалуына үлкен үлес қосқан құнды мұра.
Мен жұма сайын шығатын «Корё Ильбо» газетінің оқырманымын. Апта осы газетті парақтаудан басталады. Орысшасын оқи алмаймын. Бірақ 16 беттік газеттің 4 беті корей тілінде басылады. Соның арқасында Қазақстандағы корейлердің өткені мен бүгінінен және басқа жаңалықтардан хабардар болып отырамын. Дипломатиялық қызметім аяқталып, еліме оралған соң «Корё Ильбо» газетін сағынатыным сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ