Ашхабадтағы үйінің ауласында аяқдоптың әліппесін ашқан қара баланың қатарынан озықтау қарым-қабілетін байқап қалған қаладағы «Строитель» футбол мектебінің мамандары көрегендік танытқан тәрізді. Біраз баулыған соң дарынды шәкірт басқалардан даралана бастайды. Содан талабы оңғарылған талантты оғланды Түрікменстанның маңдайына басқан мақтанышы – «Колхозчи» командасы аттай қалап әкетеді. Осы клубта ол оң-солын айырып, шеберлігін шыңдайды. Жанкешті жаттығуларда төккен тердің арқасында қанаты қатайып, бұғанасы бекіді. Қарсыластары қаймығар қабырғалы ойыншыға айналды.
Жалындағы жиырма бестің жалына жармасқан нағыз науша шағында Алматының «Қайратына» шақырылды. Сол үшін күні бүгінге дейін Тимур Санжарұлы Сегізбаевқа алғыс айтады. Әке-шешесі, ағайын-туыс, әсіресе әріптестері оған ұшқан ұяны ұятқа қалдырмауды қайта-қайта тапсырып, мойнына мол жауапкершілік жүгін артып Қазақстанға шығарып салды.
КСРО чемпионатының жоғары лигасында өнер көрсету оның көкейін тескен көп арманының асқар шыңы болатын. Соның сәті түскеніне қатты қуанды. Аламанға шабар арғымақтай арындап, жасыл алаңда жарқылдауға асықты. Онда негізгі құрамнан ойып орын алу оңай емес-тұғын. Алдыңғы саптан көрінуді көздеп барын салып бақты. Ақыры айы оңынан туды. «Қайраттың» Ордабаев, Байшақов, Талғаев, Хисамуддинов, Ионкин секілді саңлақтары шау тартыңқырағанымен әлі шабандай қоймаған кезі еді бұл. Бұған сондай сойқан ойыншылармен бірге ойқастау бақыты бұйырды.
Ойхой, шіркін, Құрбанның құмар қандырар көркем ойынын көруге көз керек-тін. Асыл тұқымды Ақалтекенің аяқ тастасындай әдемі қимыл-қозғалысы қандай десеңізші. Орталық стадиондағы репродуктордан саңқылдаған дауыс «Қайраттың» құрамымен таныстырып жатқанда сілтідей тынатынымыз, ал енді «Жетінші нөмірде команда капитаны Құрбан Бердыев» дегенде самсаған жанкүйерлер сатырлата қол соғатын сәттер сірә, естен кетер ме?!
Сеңсең бөріктілер елінен келіп, қазақтың өз ұлындай болып кеткен сүйікті футболшымыздың мәртебесі биіктеуін бәріміз іштей тілейтінбіз. Кейде тіпті, техникасы жағынан оған күллі Одақта тең келер ешкім жоқтай көрінетін. Кезінде керемет ойын өрнегімен көрермен көңілін көншіткен Кипиани, Буряк, Гаврилов, Черенков секілді жарық жұлдыздармен иық тірестіруге жарайтын жампозымыздың барын ауыз толтыра айтатынбыз. Бірақ, біз ұнатып ұлықтағанмен ел құрамасының тізгінін ұстаған Константин Бесков, Валерий Лобановский, Нодар Ахалкаций, Эдуард Малофеевтердің назарына ілікпей қойғаны өкінішті-ақ. Бәлкім, олардың да бір ойлағаны болған шығар. Қайдан білейік...
Әншейінде әттегенайлатып, жігерімізді құм қылатын «Қайратымыз» кейде қаһарына мінгенде жаралы жолбарыстай шабынып, азуын айға білеген командалардың қалпағын қайырып жіберетінін қайтіп ұмытайық. Сөйтіп Мәскеудің «Спартагын» да сүріндірген, Киев пен Тбилисидің «Динамоларын» да дірілдеткен. Жерлестерімізді желпіндірген мұндай жеңістерге Құрбанның қосар үлесі аз болмайтын.
Бағына қарай, Бердыевтің командалас серіктері «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сенімге ие еді. Аттарын атасақ, Евстафий Пехлеваниди, Сергей Стукашев, Сергей Волгин, Владимир Никитенко, Вахид Масудов, Фанас Сәлімов, Сергей Ледовских, Александр Убыкин... Ал, Құрбан Бердыев осылардың ойынын үйлестіретін орталық сияқты болғанын көзіміз көрді. Алаңдағы аңғарымпаздығы арқасында ойын тактикасын «оқи» білетін. Өзіне қарай ұшқан доп аяғына тигенше оны қалай қарай бағыттайтынын қас-қағымда шешіп үлгерер шеберлігіне тәмам жұрт таңдай қағатын. Құрбан құр босқа шапқыламайтын. Әр қимылы есепке құралатын. Бұл жөнінде сонау 1983 жылы «Лениншіл жастың» жүйрік журналисі Несіп Жүнісбаев ағамызға берген интервьюіндегі «Мен үшін футболдағы ең басты нәрсе – ойлылық. Ойлы ойынсыз футбол – тек доп тебу!» деген сөзі оның бүкіл болмыс-бітімін, спорттық жолында ұдайы табан тірер ұстанымын айқындап тұрғаны анық.
Жартылай қорғаушы бола тұра өткір шабуыл өтіндегі жігіттерден кем соқпайтын. КСРО біріншілігінің жоғарғы және төменгі топтарында 366 ойын өткізіп, ұзын саны 55 гол соғыпты. Біле білсек, бұл бір ойыншыға аз олжа емес.
Көкмайсада көпшіліктің көз қуанышы болған Құрбан Бердыев бутсысын шегеге ілген бойда жаттықтырушылық жолды таңдады. Мәскеудегі бапкерлердің жоғары мектебін бітіріп, он шақты жыл Қазақстанда жұмыс істеді. Өзін тәрбиелеп өсірген «Қайраттың», Жамбылдың «Химигінің», Маңғыстаудың «Мұнайшысының» футболшыларына миллиондардың миын арбаған осынау спорт түрінің қыр-сырын үйретті және онысы жеміссіз болған жоқ. Өкінішке қарай, республика футболының басында отырған шенеуніктеріміз тарапынан шектеу көргендіктен амалсыз несібесін басқа бақшадан теруіне тура келді.
Жақсыда жаттық бола ма, жұмыссыз жүрген жампозға ресейліктер «құда түсті». Бірінші дивизиондағы Смоленскінің «Кристалын» көш соңында салпақтаған көтерем күйден арылтып, бесінші орынға дейін көтерді. Сөйтіп, ала доп айналасындағы атқамінерлердің ыстық ықыласына бөленді.
2001 жылдың тамылжыған тамызында Қазанның «Рубиніне» бас бапкерлікке тағайындалды. Алла жарылқап, алдынан ақ күн туды. Аз ғана уақытта бүкіл Татарстан күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып, аламаннан аты озуын тілеген «Рубиннің» есіктегі басын төрге сүйреп, Ресейдің премьер-лигасына жолдама әперді. Әрі қарай Рубинбашының алтын дәуірі басталды. Қанаттанған қазандықтар елді қайран қалдырып, екі рет қатарынан Ресейдің чемпионы атанды. Онымен тоқтамай, Ресей кубогын да, суперкубогын да жеңіп алды.
Бердыевтің абырой-беделін асқақтатқан 2009-2010 жылдардағы чемпиондар лигасындағы матчтарда «Рубиннің» Еуропаның ең үздік клубтарын жеңуі еді. Бұл енді айтып тауыса алмайтын аңызға бергісіз әңгіме. Әсіресе, әйгілі «Барселонаны» испандық жанкүйерлер алдында тізе бүктіруі өңіміз түгіл, түсімізге кірмеген бір ғажайып оқиға ретінде жадымызда әлі талай жаңғырары сөзсіз. Осынау орасан зор оқиға Құрбан Бердыевтің де, Ресей футболының да рейтингін едәуір көтеріп тастағаны тағы талассыз.
Қай кезде де тасы өрге домалаған табысты жандарға тасадан тас лақтыру әдеті қалған ба, сондай солақай мінезді «содырлар» Құрбанның соңына да шам алып түсті. Оның аяғы білікті бапкердің қызметтен кетуіне әкеліп соқты. Сол-ақ екен, абыройлы азаматтың алдағы карьерасы туралы тұспалдар желдей гуледі. «Әй, мына татарлардың маңдайы тайқы екен. Мынандай марғасқадан айырылды. «Осыдан қара да тұр ол енді топжарған топ-командалардың бірінен бір-ақ шығады» десті.
Біраз үзілістен кейін біздің кейіпкеріміз сәуегейлер соққандай Мәскеуді емес, облыс орталығы саналатын Дондағы Ростовты бетке алды. Аң-таң болған жұрт әліптің артын бақты. Өйтетін жөні де жоқ емес. Өйткені «Ростов» Ресейдің премьер-лигасынан әне-міне «ұшып» кеткелі тұрған болатын. Баяғыда әскери борышын өтеу кезінде өзі ойнаған команданы құтқаруға белін бекем буып іске кіріскен Бекиевичтің еңбегі зая кетпеді. Өйтіп-бүйтіп, өлімсіреген ұжымға «жан» бітіріп, апаттан аман алып қалды. Ал, келесі маусымда айды аспанға шығарып, ростовтықтарға бұрын-соңды болмаған сый жасады. Ала жаздай көш бастаған «Ростов» күздегі күтпеген жеңілістерден соң чемпиондыққа сәл ғана жетпей, екінші орынды иемденді. Солайша ортадан төмен «Ростовты» үкілеп үздіктер қатарына қосты. Алайда, қаржылық жағдайы қиындап, ойыншыларына тиісті жалақысын төлеудің өзі мұраға айналған командадан Бердыев кетуге мәжбүр болғаны белгілі.
Ойламаған отставка тағы да өрттей өршіген өсек-аяңның өрістеуіне өзек болды. Бұқаралық ақпарат құралдары ұлардай шулап оның ендігі тағдыры Мәскеудің «Спартагымен» байланысты болатынын хабарлады. Тіпті, Ресей құрамасының басына келетініне де журналистердің шүбәсі болмады. «Спартакпен» келісімшартқа қол қоюға шақ қалғанда Бердыевтің аяқ-астынан айнып қалғанын елден есітіп, еріксіз бас шайқадық.
...Ол биыл Қазанға оралды. Бүгінде басынан бағы тайған «Рубиннің» дүрілдеген даңқын қайтаруға бар қайратын жұмсау үстінде.
Қалың қазақ бауырлары атынан біз Құрбанға тек сәттілік тілейміз!
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»