Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жетекшілік еткен отырыста ең алдымен күн тәртібіне сай жеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. Атап айтқанда, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский «Газ және газбен қамту туралы» заң жобасына қатысты баяндама жасады. Сол сияқты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанова кинематография туралы және оның мәселелерін реттеуге бағытталған заң жобасы жөнінде сөз алса, депутат Нұртай Сабильянов арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заң жобасына ілеспе түзетулер, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы және Қазақстан мен Әзербайжан үкіметтері арасындағы табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау, салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары жөнінде баяндады. Депутаттардың дауысқа салуымен аталған мәселелерге қатысты арнайы қаулы қабылданып, алдағы уақытта заң жобалары жөнінде жан-жақты жұмыстар жүргізілетін болды.
Содан кейін халық қалаулылары Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна Яковлеваның таныстыруымен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) жобасына Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі заң жобалары талқыланды.
Баяндамашының айтуынша, аталған заң жобаларына Парламент Сенаты 35 түзету енгізген. Оның ішінде көрсетілетін фармацевтикалық қызметтерді және дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды есепке алу мен өткізу жөнінде көрсетілетін қызметтерді, еркін қойма иелері ретінде тіркелген ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер үшін ҚҚС-тан (қосымша құн салығы) босатуды ұсыну, букмекерлік кеңселерге арналған электронды кассалар бойынша 1,5 есе ұлғайтылатын мөлшерлемелерді қоспағанда, ойын бизнесі үшін салықты 2 есе арттыру сынды мәселелер бар.
«Жалпы, Сенат енгізген осы тақылеттес өзектілігі мен маңызы жоғары түзетулер Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейді және мазмұнын нашарлатпайды. Сондықтан да Қаржы және бюджет комитеті аталған заң жобасына Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісім білдіруді ұсынады», деді Т.Яковлева.
Депутаттардың жоғарыда аталған заң жобаларын бірауыздан мақұлдауынан кейін Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің баяндауымен «Стандарттау туралы» заң жобасы мен осыған қатысты өлшем бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде баяндама жасады. Бұл заң жобалары бірінші оқылымда қаралған болатын. «Қазіргі Қазақстан экономикасының даму жағдайында бизнесті дамыту үшін өлшемдердің біркелкілігін қамтамасыз ету, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықаралық сауда серіктестіктерінің сеніміне ие болу мәселелері басты назарға алынуы тиіс. Бұл қажетті өлшеу дәлдігін қамтамасыз ету арқылы іске асады. Заң жобасында шығарылатын өнімнің сапасын жақсартудың тиімді механизмі ретінде өлшеу құралдарын калибрлеуді дамытуға және бизнестің дамуына ықпал ететін өндірістік технологияларға баса назар аударылады», деді Ж.Қасымбек.
Министрдің мәлімдеуінше, өлшеу құралдарын калибрлеу – өлшеу дәлдігін қамтамасыз ететін икемді және өздігінен реттейтін құрал. Осыған байланысты отандық өндірушілер мен бизнес калибрлеуге көшуге мүдделі. Себебі бұл қажетті өлшеу дәлдігін өздерінің анықтауына мүмкіндік беретін көрінеді. Алайда өлшеу құралдарын калибрлеу Қазақстанда кең таралмай отыр. Тіпті даму деңгейі де төмен екен. Ал талқылау барысында сөз алған депутаттар тарапынан салада делдалдар саны өсіп, ол өз кезегінде стандартқа қолжетімділік қызметінің қымбаттауына жол ашуы мүмкін деген пікір айтылды. Сондай-ақ заң жобасында стандарттау туралы ұлттық органмен келісімшарт жасасу үшін заңды және жеке тұлғаларға қойылатын талаптар нақты көрсетілмегені де айтылды. Осы ретте мәселені шешу тетігін қалыптастыруды, жүргізуді және сүйемелдеуді ұлттық стандарттау органы жүргізетін нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорына назар аударған Мәжіліс Төрағасы аталған ақпараттық жүйені жалпыға ортақ қолжетімді етуге не кедергі болып отырғанын сөз етті. «Әрине, стандарттау институты одан түскен қаржымен ақпараттық жүйені жүргізу бойынша шығындарын жабатыны түсінікті. Алайда оны тарату үшін арада делдалдың болуы қандай қажеттіліктен туындап отыр? Оның үстіне заң жобасында оларды таңдау бойынша, қызмет құны бойынша, тіпті ақпараттардың шынайылығына жауапкершілік турасынан ешқандай өлшем, талап белгіленбеген. Жұмыс тобы екінші оқылымға дейін осы бапты қарап, маңыздылығына қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс», деді Н.Нығматулин.
Айта кетейік, бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасының негізгі мақсаты субъектілердің және олардың стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыру процесіндегі қатынастарының жиынтығы ретінде ұлттық стандарттау жүйесін қалыптастыру болып табылады. Онда стандарттаудың мақсаттары, қағидаттары, стандарттау субъектілерінің құзыреті мен олардың өзара іс-қимыл рәсімдері нақты айқындалған.
Отырыс соңында Зәуреш Аманжолова, Сәкен Қаныбеков, Екатерина Никитинская, Зағипа Балиева, Азат Перуашев сынды халық қалаулылары орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»