Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2017

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы талқыланды

463 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия қызметін жаңғырту және оның саяси жұмысына жаңа үлгілер мен әдістерді қолдану жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл орайда Елбасы жаңғырудың 2017 жылы жарияланған үш бағдарламасын іске асыру барысында «Нұр Отан» партиясының рөлін айқын әрі анық түсіну, бағдарламаларды жүзеге асыруға лайықты атсалысу үшін партия өз жұмысын өзгертудің нақты жолдарын табуы тиіс екенін атап өтті. Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасы қалай орындалуда?

 

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы талқыланды

Оңтүстік Қазақстан облысында бірқатар кездесулер өткізген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов сапарының негізгі мақ­саты да Елбасы тапсырмаларының сапалы әрі мерзімінде орындалуына жергілікті саяси ұйым мүшелерінің назарын аудару болатын. Сондай-ақ хатшы партияның облыстық филиалы­ның мәжіліс залында партия активімен жиын өткізіп, нұротандықтардың бас­ты мақсаттарының бірі халыққа жақын болу, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, оның шешілуіне ықпал жасау екенін еске салды. Жиын барысында өңірде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойын­ша облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұ­қан Егізбаев, жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының басшысы Мұхит Отаршиев және құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев хабарлама жасады. 

Жыл басынан бергі 11 айда Оңтүстік Қазақстан облысының макро­эко­номи­калық көрсеткіштерінде оң серпін бай­қалуда. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 773,5 миллиард теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102 пайызды құраған. Өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінде айтарлықтай өсім бар. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 179 704 бірлікке жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,3 пайыз болған. Жыл басынан бері 72 943 жаңа жұмыс орны ашылды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту­дың  2017-2021 жылдарға арналған бағ­дар­ламасы» аясында 1 желтоқсанға дейін 86 950 адам қамтылып, жылдық жоспар 135,2 пайызға орындалған. 

Басқарма басшыларының баянда­маларынан кейін білім, денсаулық, жұ­мыс­пен қамту, құрылыс салаларындағы өзекті мәселелер талқыға салынды. Баяндамашыларға партия белсенділері тарапынан сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды. Жиында партия хатшысы өңірдегі үш ауысымды және ғимараты апатты жағдайда тұрған мектептердің санын азайту, Ұлттық бірыңғай тесті­леу­дегі нәтижені жоғарылату бойынша атқа­рылып жатқан жұмыстар барысын сұрады. Халықты жұмыспен қамту бағдар­ламасын жүзеге асыруда сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу бойынша ұсы­ныстарын айтты. Мәжіліс соңында партия хатшысы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай бірқатар азаматтарға «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» омырау белгісін және партияның Құрмет грамотасын табыс етті. 

Сондай-ақ Ғ.Әбдірахымов М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекет­тік университетінде облыстағы жастар ұйымдарының көшбасшыларымен, «Жас Отан» ұйымының төрағаларымен кездесті. Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы қатарында 185 мың жас азамат бар екені, бұл барлық партия мүшелерінің 18 пайы­зын құрайтыны айтылды. Тек биылдың өзінде 84 мыңнан астам жас қазақстандық «Нұр Отан» мүшесі атаныпты. Өткен жылы Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша партия Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған және сынақтан сүрінген 52 мыңнан астам түлекке қолдау көрсетіп, олардың жұмыс­қа орналасуына немесе кәсіби білім алуы­на жағдай жасаған. Биыл дәл осындай 55 мың мектеп бітіруші партияның қам­қорлығына алынды. Облыстық және аймақтық филиал басшылары алдағы уақытта бұл жұмысты жаңа форматта жалғастыруы тиіс. Сондай-ақ кездесуде студенттердің білім алу барысында кез­десетін мәселелер, жастар ұйымының жұ­мысы, партияның жаңа бағыттары, жас­тарды жұмысқа орналастыру, шетелде білім алу, «Болашақ» бағдарламасы­мен білім алған түлектердің жағдайына қатысты мәселелер ортаға салынды. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»