Жарыстың ұйымдастырылуына мұрындық болған «Marat#ON» жүгіру клубының құрметті мүшесі, атақты қазақстандық ультрамарафоншы Марат Жыланбаев жарыста 3 қашықтық көзделетінін, олар, классикалық марафон – 42 км 195 м, жартылай марафон – 21 км және 10 км-ні құрайтынын тілге тиек етіп, бәйгенің мақсатымен бөлісті.
«Қысқы жүгіруді ұйымдастыру шешімі бұқаралық спортқа қазақстандықтарды мейлінше молынан тартумен негізделген, ашық ауа астында жыл бойы жаттығулармен айналысуға кедергі еместігін дәлелдеу. «Marat#ON» жүгіру клубы 2016 жылғы қарашадан бері жұмыс істейді, ай сайын жаңадан келгендер жүгірудің қыр-сырын үйреніп, соңынан әуесқой спортшылар жаппай жүгіруге қатысады. 10 км аса қашықтыққа қысқы сайысты біз Астанада тұңғыш рет ұйымдастырамыз, тіркеу 12 желтоқсаннан бастап 20 желтоқсанға дейін жалғасып, жарыстың өзі 24 желтоқсанда Астананың триатлон паркі аумағында өтеді. Іс-шара коммерциялық емес және клуб мүшелерінің, демеушілер мен серіктестердің қаражатына ұйымдастырылады», деді атақты марафоншы.
«Қазақстан Республикасы Жеңіл атлетика федерациясы» АҚ ерекше мәселелер бойынша кеңесшісі Оксана Хашагульгова 2017 жылы Қазақстанда Астана, Алматы, Атырау, Рудный, Қарағанды қалаларында 6 марафон іс-шаралары өтіп, оларға шамамен 30 000 адам қатысқанын тілге тиек етіп, 2018 жылы Федерация марафонға қатысушылардың санын үш есеге арттыруға ниетті екенін жеткізді.
Мәре сызығын алғашқы болып кескендерге медальдар, кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»