Кодекс жобасымен кедендік баждар, салықтар, арнайы демпингке қарсы және өтемақы баждары туралы ережелер, сондай-ақ кеден баждарын есептеу, төлем жөніндегі міндеттемелердің туындауы мен тоқтатылуы, кеден баждары мен салықтарды төлеу мерзімі, олардың төлеу және өндіру жөніндегі міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі ережелер реттеледі.
Заң жобасы ЕАЭО-ның кедендік аумағына тауардың келуі мен кетуіне байланысты кедендік операцияларды жүзеге асыру, кедендік декларацияны беру және шақырып алу, тауарларды шығару тәртібін реттейді. Халықаралық тасымал құралы, халықаралық пошта жөнелтілімдері, тұрба құбырлары тасымалы және электр желілері арқылы берілетін және осы секілді басқа да тауарларды ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу тәртібі мен шарттарының ерекшеліктері белгіленді.
Кодекс аясында декларация берушіні әкімшілік жауапкершіліктен босату жағдайлары айқындалып, кедендік бақылау реттеледі, кеден ісі саласындағы және экономикалық операторға өкілетті адамдардың қызметіне қатысты ережелер енгізіледі.
Одан басқа, заң жобасы кедендік реттеу саласындағы басымдыққа ие жаңа бағыттарды, оның ішінде кеден органына тиісті құжаттарды бермей-ақ кеден декларациясын электрондық нұсқада беру; кедендік баждарды аванстық төлемдер енгізу арқылы төлеу; мемлекеттік органдардың өзара ақпараттық іс-қимылының «бір терезе» тетігін пайдалану мүмкіндігін көздейді.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда талқылады.
Жаңа Кеден кодексінің қабылдануына байланысты 35 заңға түзету енгізіледі. Оның ішінде Қылмыстық, Кәсіпкерлік, Экология және Бюджет кодекстері, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс және «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Өсімдіктер карантині туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Техникалық реттеу туралы» және басқа да заңдарға түзетулер енгізілетін болды.
Заң жобасымен тауарлар шығару туралы өтініште немесе уақытша әкетілген халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты операциялар жасау туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтер көрсетіп ЕАЭО кеден шекарасы арқылы ірі көлемдегі тауарлар өткізуді экономикалық контрабандаға жатқызу бөлігіне өзгеріс енгізіледі.
Кеден операцияларын жасау барысында республикалық бюджетке жіберілетін салық түсімдерінің түрлері, оның ішінде: ішкі нарықты қорғау шараларын қолдануға байланысты төленетін кеден баждары, кеден алымдары мен арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждары, сондай-ақ алдағы төлемдерді төлеу есебінен аванс төлемдері нақтыланады.
Заң жобасының аясында бірқатар заңдарға басқа да түзетулер енгізіледі.
Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.