Әр нысанның өзіндік маңызы мен ерекшелігі бар. Дегенмен, аудан тұрғындары екі гектардан астам жерді алып жатқан Тәуелсіздік саябағы Шолаққорғанның ажарын аша түскенін айтуда. Саябақта Тәуелсіздікті айшықтайтын монумент пен 30 метрлік тұғырда көк байрақ орнатылған. Сондай-ақ, су бұрқақтар мен жол айрықтар салынған, отбасымен серуендеп, демалуға жағдай жасалған. Саябақтың құрылыс жұмыстарын «Аммар Проект» ЖШС-і жүргізіпті. Демалыс орнының ашылуына қатысқан аудан әкімі Салыхан Полатов барша тұрғындарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ауданға көрік беретін саябақ созақтықтар мен қонақтар үшін саялы мекен болатынын атап өтті.
Айтулы мерекеге орай ашылған екі бірдей балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ел игілігіне берілді. Аудан орталығындағы жалпы алаңы 254 шаршы метрді құрайтын «Асыл-Ай» бөбекжай-балабақшасы 75 балаға арналған. Ал, Созақ ауылдық округіндегі қос қабатты «Айдын» балабақшасы 100 орындық. Балалар үшін барлық жағдай жасалған бақшада медициналық кабинет, төрт ойын, төрт жатын бөлмесі мен акт залы бар. Балалар тамақтанатын асхана мен шаруашылық бөлмесі жеке орналасқан. Сондай- ақ, бұл күні, бұқаралық спортты дамыту мақсатында, уран өндіретін «Инкай» ЖШС-нің демеушілігімен салынған, Шолаққорған, Тасты, Құмкент ауылдарында спорт алаңшалары ел игілігіне берілді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»