14 Желтоқсан, 2017

Қостанай облысында екі бірдей елді мекенге көгілдір отын келді

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денисов ауданындағы Альчан және Антонов  ауылдарына қатар  газ берілді. Облыс орталығынан шалғайда жатқан бұл ауылдарда барлығы 524 түтін бар. «ҚазТрансАймақ» акционерлік қоғамы  бұл әлеуметтік нысандарға  193,4 миллион теңге жұмсады, жалпы құны 430 миллион теңге болды.  Газдың берілу салтанатына  облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.

«Осыдан үш жыл бұрын  Қостанай облыстық әкімдігі, «ГазТрансГаз» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары үш жақты меморандумға қол қойғанбыз. Сол келісім аясында Қостанай облысында құны 13,4 миллиард теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылуы тиіс болатын. Екі жылда біз он жобаны іске қостық. Соның бірі міне, Денисов ауданындағы Альчан және Антонов ауылдарының тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп отыр» деді Архимед Бегежанұлы.

Облыс басшысы мұның барлығы Елбасының сарабдал саясатының арқасында мүмкін болып отырғанын және Нұрсұлтан Назарбаев ылғи халықтың әл-ауқатын өсіру жөнінде тапсырмалар беріп отыратындығын жеткізді.

Екі ауылдың да  тұрғындары өркениеттің келуіне орай қыс бойы көмір тасып, күл шығарудан құтылғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Осы газды көптен күткен едік. Қуанышымызда шек жоқ. Елбасыға, осы істі жасаған  кәіпорындарға, облыс басшыларына алғысымыз шексіз. Жыл да 11 мың теңгеден  10 тонна көмір алатынбыз, қыстай  шелектеп тасимыз. Енді газ әрі қолайлы, әрі арзан» деді  Антонов ауылының ақсақалы Бейісхан Еспамбетов.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облыыс, Денисов ауданы