Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды.
Палата Қазақстан мен Грузия арасындағы Қазақстан Үкіметінің Грузия Үкіметіне берген мемлекеттік кредиттері бойынша Грузия Үкіметінің берешегін қайтадан қайта құрылымдау туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады.
2017 жылғы 13 маусымда қол қойылған Келісім Париж клубына несие беруші мемлекеттер өкілдерінің 2001 және 2004 жылдары Грузия үкіметімен келісіліп қол қойылған хаттамалардың шарттары бойынша, сондай-ақ Қазақстан мен Грузияның қолданыстағы келісімдері есепке алынған Грузия Үкіметінің мемлекеттік несиелері бойынша Грузияның берешегін қайтадан қайта құрылымдауды көздейді.
Келісімге сәйкес 2017-2025 жылдар аралығындағы кезеңде грузин тарапының төлемі 37 997 815 АҚШ долларын құрайды.
«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Заңда сот жүйесі, мемлекеттік рәміздерді орналастыру, Конституциялық Кеңес, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мәселелері бойынша конституциялық заңдардың жекелеген ережелері нақтыланды.
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерінің ант беру тәртібін Президент айқындайтыны туралы түзету енгізілді.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңда Тұңғыш Президенттің мәртебесі нақтыланды.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сот төрелігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруға тікелей байланысты лауазымдарды алмастыру тәртібін белгілеуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Конституциядан «Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар» ұғымының алынып тасталуына байланысты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңға мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібін белгілеу жөніндегі түзетулер ұсынылды.
Сақтандыру және банкі қызметінің дамуына, қаржы технологиясының, электрондық коммерция мен инновациялық жобалардың жетілдірілуіне байланысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңда Орталықтың міндеті ұлғаятын болды.
Сенаторлар отырыста «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады.
Заң жобасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, әкімшілік-құқық бұзушылық заңнамасын ізгілендіруге, бизнеске қысымды азайтуға, жекелеген процестік ережелерді жүйелеуге, сондай-ақ құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды алып тастауға бағытталған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске:
- әкімшілік құқық бұзушылықтың жекелеген құрамдары бойынша әкімшілік айыппұлдар мөлшерін төмендетуді;
- ескерту институтын қолдануды ұлғайтуды;
- жеке тұлғаға салынатын айыппұлдардың ең жоғары шегін бес жүз айлық есептік көрсеткіштен екіжүзге дейін азайтуды;
- қысқартылған іс жүргізуді қолдану аясын ұлғайтуды;
- қызметтің жекелеген түрлерін тоқтатуға негіз болған тәртіп бұзушылық жөнделген кезде берілген рұқсаттың (немесе оның жекелеген қосымшаларының) күшін мерзімінен бұрын қайта жаңғыртуды;
- жекелеген қызметті немесе әрекетті жүзеге асыруға берілген рұқсат беру құжаттарының күшін жоюды немесе тоқтатуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Кішігірім, мардымсыз тәртіп бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату тетіктері енгізіледі. Одан басқа, әкімшілік тәртіп бұзған адамды әкімшілік жазасының бірі ретінде жиырма төрт сағатқа дейін қамауға алу жөніндегі әкімшілік ұстау мерзімін белгілейтін толықтыру енгізіледі.
Заң жобасын екінші оқылымда қарай келіп, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжілісте мақұлданған заң жобасына төмендегідей негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:
- Заң жобасын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамаық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 11 шілдедегі заңның ережелерімен сәйкес келтірілді;
- Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау жөніндегі сот пен өкілетті орган (олардың лауазымды адамдары) арасындағы құзыреттердің аражігі ажыратылды;
- Барлық рұқсаттама құжаттың емес, тек оның этил спирті мен алкоголь өнімдерінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік мемлекеттік реттеу туралы заңнаманы; өндіруші мен импорттаушының алкоголь өнімдерін маркалау (қайта маркалау) қағидаларын бұзғаны үшін жекелеген кіші түрлерінің қолданысынан айыру немесе тоқтата тұру туралы;
- Кодекстің құрылымдық бөліктерінде сілтемелер келтірілді;
- Заң жобасының ішкі қайшылықтары жойылды.
Заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.