Әдебиет • 15 Желтоқсан, 2017

Несіпбек Айтұлы. Арқатірек

1233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Несіпбек Айтұлы. Арқатірек

Басынан көне тарих төмен құлдап,
Тағдырын туған елдің келем жырлап.
Өзегім талып жеткен, Тәуелсіздік,
Өмірде не бар екен сенен қымбат!?

Құбылып соққан желдей заман неше,
Қан кешті толарсақтан бабам кеше.
Күн емес бодандықта көрген күнім,
Төбемнен алтын құйсын маған десе.

Азапты бірге тартып қалың елмен, 
Аһ ұрып атамекен тебіренген. 
Көк туды көкке бойлап желбіреген, 
Қазақтың арманы жоқ көріп өлген.

Жарқырап атқан таңым – Азаттығым, 
Танылды шартарапқа қазақтығым.
Өз жерім, өз Отаным, өз Астанам,
Қарашы, Бостандықтың ғажаптығын. 

Болмасаң, Азаттығым, арқатірек, 
Жүректің шерін қашан тарқатып ек?
Адасып көштен қалған күшіктей боп, 
Бүлкілдеп боздалада жортатын ек. 

Өткенді екшемесе, тектемесе,
Қайтар ма өздігінен кеткен есе?
Қара орман – қалың елім жайқалар ма, 
Өртеңнің орны қаулап көктемесе?

Құлпырып Елорданың қос қапталы, 
Биікке Бәйтерегім асқақтады. 
Басына бақыт құсы қонған елдің,
Білінбес табанына тас батқаны.

Қызыл тіл – құдай берген қолқанатым, 
Кезім ғой түптен тартып толғанатын. 
Бәлкім мен Бостандықты жырлау үшін, 
Болармын мына өмірге келген ақын. 

Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты