
Ел тілегі орындалды. Президент осы жолда барын салды. 1991 жылдың 17 желтоқсанында, яғни Тәуелсіздіктің алғашқы күнінде өз сөзінде былай деді: «Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік». Елбасының осы үндеуі арқылы Қазақстан саяси тұрақтылыққа, тыныш өмірге қол жеткізгенін жастар білуі керек. Бүгінде еліміз әлемге адамзат мүддесі үшін ұстамдылық танытып, бейбітшілікке қолдау білдіруде ерікті түрде үлгі болып отыр.
Тәуелсіз халқының бейбіт, тыныш әрі қолайлы өмір сүру жағдайын жасаған тұлға ғана тарихта ерекше аталады. Семей ядролық полигонының жабылуы, Шығыстағы Қытай мен Батыстағы Ресеймен арадағы шекара мәселесінің шешімі табылып, оның картасының БҰҰ-ға тапсырылуы, жаңа елорда Астананың бой көтеруі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астанада өткен үш құрылтайы, әйгілі ЭКСПО-17 халықаралық көрмесінің Астанада табысты өтуі, Қазақстан халқы Ассамблеясының келісім мен тыныштық сақтау қызметі сияқты теңдессіз тарихи табыстарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін Тәуелсіздік күні сияқты мемлекеттік мерекенің жалпыхалықтық сипатта өтетіні аса маңызды жеңісіміз дегім келеді.
Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері