Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2017

Лисаков қаласында 210 орындық бала бақша ашылды

421 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1969 жылы іргесі қаланған бұл ғимарат әу баста «Колокольчик» деген атпен  екі қабатты типтік бала бақша болатын. 

Лисаков қаласында 210 орындық бала бақша ашылды

Бірақ 90-шы жылдарғы экономикалық дағдарыс кезінде босап қалды да, одан кейінгі жылдары  кәсіпкер  Евгения Рыбакова сатып алған болатын. 2013 жылы кәсіпкер  ғимаратты  қалаға өтеусіз негізде  қайтарып берді де, оны мемлекеттік жекеменшік әріптестігі шеңберінде қайтадан бала бақшаға арнап жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Мемлекеттік жекеменшік әріптестер Қостанай облыстық балам басқармасы мен «Елдена-Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бала бақшаны жөндеу-жабдықтау жұмыстарына 462 миллион теңге жұмсады.

Осы бала бақшаны Лисаковқа сапарында  облыс әкімі Архимед  Мұхамбетов келіп аралап көрді.

«Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында облыста көптеген әлеуметтік нысандар ашылып жатыр. Мұның барлығы  Елбасының тапсырмасымен жасалып жатқан жұмыстар. Бала бақша соның жарқын мысалы деуімізге болады. Лисаков қаласындағы жақсы жұмыстар мұнымен шектелейді. Қалада стадион жаңғыртылып, жазда  облыстық спартакиада осында өтеді» деді Архимед Бегежанұлы. 

Екі қабатты бала бақша заманауи талаптардың барлығына жауап береді. Онда музыка және денешынықтыру залдары,  ұйықтайтын, ойын бөлмелері, психолог, логопед кабинеттері,  медициналық блок пен әдістемелік кабинеттері бар. Асхана блогы мен кір жуатын блок өз алдына.  Мұнда 1 жастан 6 жасқа дейін 11 топ ашылатын болады. 77 адам жұмыс орнын тапты.

«Осы балалар бақшасының ашылуына орай біз Лисаков қаласындағы бүлдіршіндер кезегін толықтай жоямыз. Енді қалада  ешқандай отбасы  бала бақша кезегіне тұрмайды. Қаладағы кейбір бала бақшаларда бүлдіршіндер орны тығыз болатын, енді оларды да осы бала бақшаға ауыстыратын боламыз. Мұнда қазақ топтарын да жабдықтаймыз» дейді Лисаков қалалық оқу бөлімінің басшысы Елена Бурдыка.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы, Лисаков қаласы