Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2017

Жетісу жетістіктері

1044 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнін Қазақстан жұртшылығы жыл сайын зор құрметпен, ерекше көңіл-күймен, айрықша тағылыммен атап өтеді. 

Жетісу жетістіктері

Мерекенің тарихи маңызы мен салмағы жөнінде түрлі жарияланымдар жарық көріп, көптеген туындылар дүниеге келгенінен оқырман хабардар. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей бастамаларымен, идеяларымен ғасырға татырлық 26 жылда орасан оңды істер жүзеге асырылды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол. Мәселен, соңғы айлардың өзінде Жетісу өңірінде сүйіншілі жаңалықтар көп болды.

Қастерлі мереке қарсаңын­да Алматы облысында жүзге тарта нысан ел игілігіне жарап, пайдалануға берілді. Олар­дың қатарында мектептер, ба­ла­бақшалар, тұрғын үйлер, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары бар. Біршамасына тоқталсақ, қыр­күйекте өңірдегі Ақсу қант зауыты арадағы он жылдық үзі­лістен кейін алғашқы қан­тын өндірді. Қазіргі кезде­ кәсіпорынның қызылша жи­­­нақ­­тау алаңында Ақсу, Сар­қан, Алакөл аудандарынан жеткізілген 80 мың тонна тәтті түбір бар. Бүгінде зауыт 2 мың тонна шикізат өңдеп, алғашқы қантын алды. Енді негізгі және қосалқы өндірістер кезең-ке­зе­ңімен жаңғыртылып, қуат­тылығы 5 мегаваттық жа­ңа жылу-электр орталығы пай­далануға беріледі, заманауи жылу қазандықтары мен турбогенераторлар орнатылады. Сол сияқты технологиялық үде­рістерді автоматтандыру жұ­­мысы одан әрі жалғасып, зауыт­тың өндірістік қуаттылы­ғы өсе түс­пек. 

Жетісудың тағы бір жетісті­гі – Ең­бек­­ші­қазақ ауданының тұрғындары көп­тен күткен көгіл­дір отынға қол жеткізді. Жо­баны жүзеге асыру аудан орталығы Есік қаласынан бас­талды. Қуаттылығы саға­тына 50 мың текше метр болатын АГТС 109 көп қабат­ты үйді, 5979 жеке үйді, 3880 әлеу­мет­тік-тұрмыстық секторды, 4 өнеркәсіп орнын газбен қамтуға қауқарлы. Осы то­пы­рақтағы ең ірі елді мекен – Шелек ауылында да дәл осындай автоматты газ тарату стан­сасы іске қосылып, 40 көп пәтерлі, 6 600 жеке үй мен 120 өндірісті газбен қамтуда. 

Көгілдір отынға көшудің ар­тық­­шылығы өте көп екені рас. Ол, бірін­шіден, жылуға ке­те­тін шығынды азайт­­са, екін­­ші­ден, тұрғындардың өмір сү­ру қолайлылығын арттырады. Ең бастысы, басқа отын түрлеріне қарағанда эко­логиялық жағы­нан таза. Биыл «Алматы-Тал­ды­қорған» магис­тралды газ құбы­рының құ­ры­лысы аяқталып, өңір жұртшылығының көбі кө­гілдір отынға қол жеткізді. Сөй­тіп аймақты газдандыру 23 па­йызды құрады. 2020 жылға қарай бес аудан мен Қапшағай қаласы толығымен газдандырылып, әлгі сан 45 пайызға өз­гермек. Сондай-ақ облыста ор­талықтандырылған ауыз сумен қамту 86 пайызға жеткенін мақтанышпен айтамыз. Өйтке­ні бұл – республикадағы ең жо­ғары көрсеткіш. 

Егемендіктің арқасында ел көр­ген игілік мұнымен шек­­тел­мейді. Жақында Тал­ды­қорғанда 260 адамға лайық­тал­ған көрме кешені ашылды. Шаһар­дың оңтүстік-батыс бөлі­гінде орналасқан 4,5 мың шаршы метр аумақта кәсіп­орындар өз өнімдерін жұрт на­зарына ұсына алады. Ал екінші қабатында білікті ма­мандар кәсіпкерлерге әртүр­лі қызметтер көрсетеді. Қа­­лада ірге қалаған Неке са­райының да жөні бөлек. Жа­ңа нысанның сәулеті ерекше көрік беріп қана қоймай, аза­маттық хал актілерін тіркеп, 8 түрлі қыз­мет көрсетеді. 160 адам­ға ла­йықталған мекеменің құры­лысына 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. 

Күні кеше Тұңғыш Прези­дент күні­­не орай Елбасының кіндік қа­ны­ там­ған Шамалған ауылында «Ата­мекен» тарихи-мəдени орталығы ашыл­­ғанын сүйін­шіледік. «Туған жер» бағ­­­дар­ламасы аясында есігін ай­қара ашқан кешеннің өс­келең ұрпаққа өнеге берер ма­ңызды орын болары анық.
Жетісу жетістіктерін жал­ғас­тыра беруге әбден болады. Ке­лесі жылы жал­пы ауданы 711 937 гектарға созылатын Ра­йым­бек ауданы құрылатын бол­­са, өңірдегі индустриялық ай­мақ­­тар­да жұмыс істеп тұр­ған 17 кә­сіп­орынның саны 400-ге жетпек. Мұның бәрі еге­мендіктің елге берген сыйы, тәуелсіздіктің халыққа тартуы де­сек, қателеспегеніміз. Ұза­ғынан сүйін­дірсін!

Мейрам ЖАНӘДІЛОВ

Талдықорған