Қоғамдық өмірдің тынысы әр бағыттағы режиссерлердің көзқарасымен шынайы таспаланып жүрсе де, тасада қалып келе жатқан деректі фильм жанрының бүгінгі даму жайымен дәл осындай кең ауқымда көрермен бірінші рет танысты. Бұл мәдени шараның жаңалығы да осында болатын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорында әр сәрсенбі сайын екі деректі фильмнен көрсетіліп, жиыны 10 деректі фильмнің тұсауы кесілді. Ақпарат құралдарында «қазақ кинематографиясында деректі фильм жанры тұралап қалды, тоқтады, өлді», деген ауызды қу шөппен сүрткен байбалам жиі естіледі. Олай емес екен. Деректі киномыз демігіп қалмапты, динамика, қозғалыс-қуат бар, бастысы – дамып келеді. Әр режиссер – бір әлем. Көтерген идеясы, қаузаған тақырыбы, көрсету пішіні – әртүрлі. Жаңа есім, соны бағыт, тың идея – бәрі осында. Сериалдардың тасасында жүргенімен, қасаң пікірлерге тойтарыс беруге жарайтын салмақты серпіні, асығыс болмаса да, өз ағысымен келе жатқан арнасы бар сала екенін байқап, көңіл тоғайттық.
Руханияттағы үлкен жобаның жабылу салтанаты Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұйытқы болған Қазақ деректі киносының күндері «Отан неден басталады» атты деректі фильмімен түйінделді. Фильмнің авторы – жас кинодраматург Еркебұлан Бектұров. Мәдени іс-шараға Қазақстанның белгілі киногерлері режиссер Сатыбалды Нарымбетов, кинодраматург Нұрлан Санжар, деректі киносүйер қауым және «Отан неден басталады» фильмінің түсіру тобы қатысты.
«Отан неден басталады» фильміне келсек, фильмде 30 жылдың ішінде кедейлік пен құлдырауды еңсеріп, қазіргі таңда өзінің жетістігі мен тиімді менеджменті жағынан елдегі барлық ауылдарға үлгі болып отырған «Родина» ауылының феномені зерттеледі. Авторлар осы жетістікке жетудің сырын нағыз отаншыл азаматтың, яғни, ешқайда көшіп кетпей, осы ауылды көтерген ұлты неміс Сауэр Иван Адамовичтің болмысынан іздейді. Аз уақыт ішінде әлеуметтік құлдырауды еңсеріп, Қазақстанның табысты ауылшаруашылық кәсіпорнына айналған Ақмола облысындағы «Родина» атты ауыл тақырыпқа айналуға, ал оның сол жетістікке жетуі үшін жан аямай тер төккен Иван Сауэрдің кейіпкер болуға сұранып тұрғанын фильм режиссері айна-қатесіз танып, идеяны ширыққан мысалдармен, өнеге болатын детальдармен қызықты тарқатады.
– «Родина» ауылының феноменіне қатысты көршілес ауыл тұрғындары, тіпті астаналықтардың өзі олардың жетістіктерін қызғанатындарын байқадық. Осы ауыл туралы түрлі жағымсыз пікірлер айтып жүргендеріне қарағанда, олар Иван Сауэрдің 30 жылда жүріп өткен қиын жолы туралы мүлдем бейхабар екенін түсіндік. Өкінішке қарай, уақыттың тығыздығына байланысты авторлық ойымды толығымен іске асыра алмадым. Алайда осы фильм арқылы мен режиссер-документалист ретінде бар қарымымды көрсете алдым деп ойлаймын. Фильм арқылы түсінгенім, Иван Сауэр сияқты 10 шақты адам болса, Қазақстанның ауылшаруашылық өндірісін аяққа тұрғызуға болатынына көз жеткіздім. Фильмнің кейіпкерін оның әңгімесі, Жер-ана туралы ойлары арқылы көрсеткім келді, – деді фильмнің режиссері Еркебұлан Бектұров.
Қазақ деректі киносы күндері аясында «Қазақфильм» киностудиясы, негізінен, биыл түсірген фильмдерін ұсынған. Фильмдері көрсетілген авторлар арасында еліміздің танымал документалист-режиссерлерімен қатар, жас кинематографистер де бар. Екі айға жуық жүрген фильмдерді тамашалауға барлығы 3 мыңға жуық көрермен келген.
Алексей Каменскийдің режиссерлігімен қазақтың тұңғыш театр режиссері туралы «Қазақ ренессансы. Жұмат Шанин» фильмінің көрерменге әсері өте күшті болды («Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбековтің айтуынша, бұл картина «Қазақ ренессансы» атты циклдің бастамасы және киностудия осы фильмнің жалғасы ретінде өткен дәуірдің өнері мен мәдени тұлғаларына арналған циклді деректі фильмдер түсіруді жоспарлап отыр). Әсия Байғожинаның «Сенім жолында» атты фильмі діни тәрбие мен дәстүрлі емес ислам ағымдарының жастарға әсері туралы айтады. Фотограф-натуралист Олег Белялов түсірген «Алтынемел» картинасы Қазақстанның табиғаты тамылжыған қорығының сұлулығы туралы сыр шертеді.
Владимир Тюлькин түсірген «13 километр» бүгінгі күннің батыры – Шығыс Қазақстан облысында тұратын зағип фермер туралы болса, режиссер әрі драматург Ғазиз Насыров пен хореограф Арвара Садықова бірлесіп түсірген «Қазақ биі» фильмі, қазақ би өнерінің энциклопедиясы іспетті. Жас кинематографистер «Қазақ деректі киносы күндерінде» «Түстер үйлесімі» (Евгений Лумпов), «Наири» (Қайша Рахымов), «Себебі, сүйемін...» (К.Бердімұратова мен К.Әбділдинова) атты қысқаметражды деректі фильмдерін ұсынды. Сондай-ақ «Үлкен мемлекет – үлкен отбасы» циклі (өз істерінде жетістікке жеткен отандастарымыз туралы) шеңберінде «Жігіттер оны әке дейді» (Айнұр Ахметжанова) және «Отан неден басталады» (Еркебұлан Бектұров) фильмдерін көрсетті.
– Деректі кино – біздің өткеніміз бен бүгінімізді көрсететін таптырмас құрал. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсіретін барлық фильм Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асқан мемлекеттік бағдарламаларды қамтиды. Олар: «Рухани жаңғыру», «Үлкен мемлекет – үлкен отбасы», «Мәңгілік Ел». Бұл бірлесе өткізген мәдени іс-шарамыз Алматы қаласының мәдени өмірінде елеулі оқиға болды деп сенеміз, – деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков.
Тоғайған көңілімізде «бұл деректі фильмдер Елбасы қорында ғана көрсетілмей, көрерменді қуантып, кең прокатқа шықса екен» деген тілек тұрды. Осылайша ел Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктер таспа түрінде тарихқа айналып келеді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ