Жаңаша экономикалық ойлау – қазіргі заманғы өндірістік құрылымдардың жасақталуына, сөйтіп аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы мен сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсынуға ықпал ете алатын экономикалық сананың қалыптасуы. Іскерлік – ауқымды, жеделдікті талап ететін бағдарламалық жобаны орындауға көпшілікті жұмылдыратын қасиет. Прагматизм, үнемшілдік – жобаны орындауға жұмсалатын қаражаттың шешуші учаскелерге дұрыс бөлініп, жұмсалған шығынның әрбір теңгесі ертеңгі күні табыс түсіретіндей етіп есептелуінде байқалатын алғырлық.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан алдында «боламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба» деген дилемма тұрды. Ел «жабайы капитализмге» қарай бет алып бара жатты. Бұрынғы шаруашылық байланыстар үзіліп қалғандықтан, өндіріс ошақтары тұралады. Халықтың күнкөріс көзі азайып, күнделікті ас-ауқатқа қажетті кірістен айырылды. Міне, осы бір халық есеңгіреген өлара шақта Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты Жолдауы жарияланды. Онда егемен елдің мемлекеттілігін нығайтуды саяси және құқықтық тұрғыдан алғышарттық негіздеулермен қатар, оны өркендетіп, гүлдендірудің де экономикалық жобалық бағдарламалары жасалды. Меншіктік қатынастарды реформалауға және толыққанды жүйелі нарықтық қатынастарға көшпейінше ел экономикасын көтерудің мүмкін еместігін сезінген Елбасы экономиканы, елдегі әлеуметтік ахуалды оңалту жұмыстарын бастады. Ескі экономикалық құрылымды түбегейлі өзгертті. Шетелдерден инвестиция тартты.
Пәрменді түрде жүзеге асырылған жекешелендіру өз жемісін берді. Ішкі нарыққа трансұлттық компаниялар қыруар қаржы құйды. Сөйтіп отандық өнеркәсіпке, шағын және орта бизнеске жан біте бастады. Қазақстан ТМД елдері ішінде бірінші болып орасан зор инвестиция тарта алды. Тұралап жатқан өндіріс ошақтарына жан бітті. Ел кәдімгідей экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізді.
Осылайша өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Елбасы Н.Назарбаевтың көрегендікпен елдің өсіп өркендеуінің жолын зерделеп, нақты көрсетіп беріп қана қоймай, оны іске асыруының нәтижесінде Қазақстан өз экономикасын нарықтық қатынастар талаптарына сәйкестендіріп құрудың бірінші кезеңін табысты аяқтады. Біртіндеп нарықтық қатынастарға өтудің өтпелі кезеңінде орын алған келеңсіздіктерден арылды. Мысалы, көлеңкелі экономиканың қарқынын барынша төмендетті. Салық түсімінің талан-таражға түсуін ауыздықтап, бюджетке құйылатын қаражат көзі молайды. Мемлекеттің экономика саласында әлсіреп қалған беделін барынша көтеріп, елдің табиғи ресурстарын бақылау қолға алынды. Ұлттық нарықтағы импорттық тауарлардың үлес салмағы кеміді.
Елді нарықтық қатынастар талаптарына сәйкестендіріп дамытудың келесі – екінші кезеңіне Қазақстанның өзіндік ұлттық экономикасын қалыптастыруға алғашқы қадамдар жасалды. Нарықтық реформалар одан әрі жетілдіріле түсті. Экономикалық өсу мен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға тікелей бағдарланған өзгерістер жүзеге асырылды. Ырықтандыру, құрылымдарды қайта құру, өндіріс ошақтарын техникалық және жаңа технологиялық желілік құрылымдармен жабдықтау шындап қолға алынды. Энергия тасымалдаудың шарықтап кеткен бағасы төмендетілді, макроэкономикалық саясат жүйелендірілді. Мұнай бағасының көтерілуіне орай Ұлттық қорға қомақты қаржы түсіп, алтын-валюта резерві молая түсті. 2006 жылғы 31 желтоқсанда Ұлттық қордың активтері 14,1 млрд долларды, ал алтын-валюта резервтерінің көлемі 33 млрд АҚШ долларын құрады. Экономиканың жер, су, орман сынды табиғи көздерін қорғайтын бірқатар заңнамалық актілер қабылданды.
Жалпы, елді нарықтық қатынастар талаптарына сәйкестендіре дамытудың екінші кезеңінде Қазақстан өз тарихындағы ең бір қарқынды өркендеу кезеңін өткізді. Экономикалық өсім 10 пайызға дейін көтерілді. 2002-2007 жылдары аралығында Қазақстан саяси-экономикалық және әлеуметтік салаларды жаңғыртып, жаңартуды жан-жақты ойластырып кешенді жүргізген әрекеттерінің нәтижесінде ұзақ уақыт бойы әлемде қарқынды дамып келе жатқан елдердің алдыңғы қатарынан көрінді. Осы жылдары мемлекетті тұтастай дамытудың «Назарбаевтық нұсқасы» деп аталған қанатты сөзі әлем елдері басшыларының үлкен жиындарында құрметпен айтыла бастады.
2007 жылғы тамызда АҚШ-тың ипотекалық кредиттеу жүйесінің күйреуі туындатқан дағдарыс басталды. Әлемді түгелге жуық шарпыған экономикалық дағдарыс зардаптарынан шығудың амалы ойластырылды. 2007 жылғы қарашада бұл дағдарыстың алдын алу бағдарламасы жасақталып, мемлекеттік тұрақтандыру жоспары түзілді. Дағдарысты тоқтатуға мемлекет тарапынан 2 трлн 700 млрд теңге бөлінді. Ұлттық өндіріс ошақтарын жаңғырту, оларды жаңа техникалық құрылғылармен жабдықтау жұмыстары жалғаса берді. Оған жұмсалатын бір жылдық қаражат сомасы еселеніп 4 млрд долларға жетті. Ұлттық қорда жинақталған қаражат есебінен еңбекақы мен зейнетақы уақытында төленіп тұрды. Атырау мұнай-химия кешенінің құрылысы жалғасты. 2009 жылы «Мойнақ» ГЭС-інің құрылысы аяқталды. «Екібастұз-1» ГРЭС-і мен «Екібастұз-2» ГРЭС-і кеңейтілді және жаңғыртылды. «Балқаш» ЖЭС-інің құрылысы басталды. Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ магистралды газ құбырын салуға дайындық бас-
талды. Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік автокөлік артериясы қайта жаңартылды. Электровоз, жолаушы және жүк вагондарын жасау, жол битумының, химия өнеркәсібі өндіріс ошақтары құрылып, жұмыс істей бастады.
Тәуелсіздікке ие болғанына небәрі 26 жыл толғандығына қарамастан Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің қомақты тәжірибесі бар, саяси тұрақты, халқының лайықты молшылықта өмір сүруіне қол жеткізген, қуатты мемлекет ретінде қалыптасты. Елде ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер жүзеге асты.
Бүгінгі таңда Елбасының стратегиялық ойлау қабілетінің жемісіндей болып Қазақстанда бұрындары болмаған мүлде жаңа жоғары технологиялы салалар: мұнай-химия, автомобиль өнеркәсібі, темір жол, машина жасау, ІТ-технологиялар, ғарыштық-спутниктік өндірісі құрылып, жемісті жұмыс істеуде. Соңғы 4 жыл ішінде 630 индустриялық жоба іске қосылды. «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Нұрлы жол» бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі, Транскаспий халықаралық көлік маршруты секілді бірқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асты. Мұнымен қатар соңғы төрт жылда 9000 балабақша, 400-ден астам орта мектеп, 600-ден астам денсаулық сақтау нысандары іске қосылды. Егемендікке қол жеткізгелі қазақстандықтардың айлық жалақысы 32 есе, жылдық табысы 15 есе өсті. Таяу жылдарда жан басына шаққанда ІЖӨ көлемін 4,5 есеге, шамалап айтқанда 60 мың долларға дейін өсіру көзделуде.
Үшінші жаңғыру қазақ мемлекетінің жан-жақты әрі тұрақты дамуына, сондай-ақ Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға саяси, әлеуметтік және экономикалық тұғырлық негіз қалайды. Себебі Елбасы тапсырмалары Қазақстанның өркендеуіне қызмет етеді. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын халқымыз бақуатты өмір сүруге жасалған нақты қадам ретінде қабылдады.
Бүгінде әр мемлекет өз әлеуетіне қарай әртүрлі экономикалық қуаттану ұсынымдарын дамытуды қолға алған. Себебі бүгінгі әлемдік макроэкономикалық және геосаяси құбылмалы тіршілікте өмір жылдам өзгеруде. Сондықтан ХХІ ғасырдың басындағы экономикалық қуаттылық, бәсекелестік адам өмірін жақсартуға қажетті өнім шығарып, оны экспорттауға, әлемдік нарықта өтімді саудалауға бағдарланған. Демек, өндіргіш күштерді дамыту ең алдымен, өндірушілердің қызметі мен дағдыларын қазіргі заманғы өндіріс талаптарына сай машықтандыруды, жаңа технологиялық құрылғылар мен желілерді өндіріске ендіруді, өңірлердегі өндіріс ошақтарын жаңғыртуды, цифрлы технологиялар мен жасыл экономикаға өтуді талап етеді. Бұлар орындалмайынша экспортқа бағдарланған экономиканы қалыптастырып, өнімнің жаңа түрлерін шығару мүмкін емес. Ал өнімнің жаңа үлгілерін шығару үшін өндірістің елде бұрыннан бар ошақтарының оперативтік тиімділіктерін барынша арттыру керек. Ресурстарды пайдалану, өнімдерді тасымалдау шығындарын азайту қажет. Бұл – бірінші талап. Екінші талап – өсім, пайда түсіретін экспорттық өнімдерді ғаламдық сауда алаңына шығарып өтімді саудалаудың қыр-сырын меңгеру қажеттілігі. Ол үшін Қазақстан халықаралық сауда аренасында өзінің лайықты орнын таба білуі және сол ортадағы бәсекеде артықшылыққа ие болуы әрі ұлттық тауарды жарнамалап, өткізуде белсендік таныта білуі керек.
Сондай-ақ әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарында орнығу, Елбасы айтқандай, индустрияландыру бағдарламасы аясында өндірісті инновациялық-индустриялық дамытуға, инвестициялар тартуға баса назар аударумен қатар іскерлік мәдениетінің деңгейін көтере түсіп, кәсіпкерлікті дамытуды да талап етеді. Себебі ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жеке кәсіпкерлердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың кәсіпкерлік іс-әрекеттері ерекше рөл ойнайды. Бүгінгі таңда еліміздегі меншік иелері мен кәсіпкерлердің өсіп келе жатқан жаңа буыны табысты жұмыс атқаруда. Республика бойынша 1 миллион 271 мың кәсіпкерлік құрылымның қалыптасқаны осыны айғақтайды. Олар ұлттық байлықтың төрттен бірін өндіреді. Жыл сайын 2500-ден аса өнім түрі 119 елге экспортталады. Экспорттық сауда түсімділігі қазірдің өзінде 46 миллиард долларды құрайды. Біз бүгінгі таңда жаһандық астық қорымыз. Бүгіндері еліміз бұрындары шығарылмаған өнім түрлерін әлемдік рынокта саудалауда.
Осы айтылған игіліктердің бастауында Елбасы Н.Назарбаевтың тұрғаны анық. Президенттің сарабдал саясаты мен біліктілігінің, көреген басшылығының нәтижесінде әрбір қазақстандық берекелі, алаңсыз өмір сүруде.
Оразбек НҰСҚАБАЕВ,
социология ғылымдарының докторы, профессор
Әріпхан САДЫҚОВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор