Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында Әулиеата өңірінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының жаңа №3 (КС-3) компрессорлық стансасын пайдалануға берді. Осылайша, «Қазақстан-Қытай» газ құбыры жаңа компрессорлық станса есебінен қуатын ұлғайтты. Аталған нысан облыс орталығы Тараз қаласының іргесіндегі «Айша бибі» елді мекені маңында орналасқан және магистральды газ құбырының «С» тармағының жоспарланған 8 стансасының бірі. Станса жұмысы «ҚазТрансГаз» АҚ Астанада орналасқан диспетчерлік орталығынан онлайн режімде бастау алды. Аталған салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атқарушы вице-президенті Қ.Шәріпбаев және республикалық БАҚ өкілдері қатысты.
Әулиеаталық жұртшылық – халықаралық мегажобаның берері мол екенін әлдеқашан сезініп үлгерді. Аймақтағы жүзге тарта шаңырақтың мүшелері осы жерден жұмыс тапса, облыс бюджеті де қомақты қаржымен толыққан.
Кәрім Нәсбекұлының айтуынша, басқа да газ тасымалдау объектілері сияқты компрессорлық стансаны іске қосу, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Бүгінгі күні облыста 377 елді мекеннің 181-і газдандырылған, дейді Кәрім Көкірекбаев.
– Осындай ірі газ тасымалдау жобаларын іске асыру есебінен 2020 жылға дейін тағы да 147 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. Яғни газбен қамтылған елді мекендер өңір бойынша 87 пайызға жетпек. Сонымен қатар бұл – бюджетке қосымша түсімдер, қосымша жұмыс орындары. Тек қана біздің облысқа осы құбыр жобасынан салық түрінде 500 млн теңге түсіп отыр. Сондықтан да біз елдің игілігі үшін жұмыс жасап жатқан газ мамандарына шынайы ризалық білдіреміз, деп атап өтті салтанатты шара барысында.
Онлайн режімде өткен бұл шарада Астана төрінен сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев та жамбылдықтарға ыстық лебізін жеткізді. Оның пікірінше, 9 жыл ішінде «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырында 11 компрессорлық станса тұрғызылды, екеуін келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр. Ал құрылыс жұмыстарына жалпы саны 15 мыңнан астам адам тартылыпты.
«Бұл бізге жылына газдың 55 млрд текше метр жалпы қуатына шығуға мүмкіндік береді. Осы 9 жыл ішінде, толық қуатына шықпағанның өзінде, 200 млрд текше метр Орталық Азия елдерінің газы осы құбыр арқылы тасымалданды. Биылғы қысқы кезеңде, біз қазақстандық газдың 2 - 2,5 млрд текше метрін Қытайға экспорттауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Қытайға 5 млрд текше метр өз газымыз экспортталатын болады. Әрине, мұның барлығы газ мамандарының үлкен еңбегі. Еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!» – деді Сауат Мұхаметбайұлы.
Үшінші тармақ аталып кеткен «С» желісінің нөмір 3-ші компрессорлық стансасының құрылысы 2014 жылдың қаңтар айында басталған. Жалпы ауданы 6 гектар жерді алып жатыр. Құрылысқа 1000-нан астам адам және 200-ден астам түрлі машиналар мен механизмдер жұмылдырылды. Rolls Royce агрегаттары сағатына 2,4 млн текше метр газ айдауға қауқарлы.
Пайдалану және қызмет көрсету үшін 120 адамға арналған вахталық кент салынды. Бүгінде 115 қызметкер жұмысқа орналасып, оларға барлық жағдай жасалған.
Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақта көліктік-логистика саласын дамытудың жаңа қадамы деуге болады.
КС-3 «Орталық Азия-Қытай» трансұлттық жобасының құрамдас бөлігі болып табылады. Газ инфрақұрылымының жаңа объектісі газ құбырының «С» тармағының өнімділігін арттыруға және жылына 25 млрд текше метрге дейін газ тасымалдау көлемдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді және газды үздіксіз тасымалдау процесінің барынша тиімділігін қамтамасыз етеді.
Мамандардың берген мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың желтоқсан айына дейін, «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының «А, В және С» тармақтарындағы құрылыс жұмыстарына 15 мыңнан астам адам тартылған. Тұрақты 1113 жұмыс орны ашылған. Олардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар екен.
Айта кетерлігі, жобаны салу мен одан әрі пайдалануды ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ және «Trans-Asia Gas Pipeline Co. Ltd» компанияларының еншілес кәсіпорны – «Азиялық газ құбыры» ЖШС іске асырды.
Ерман ӘБДИЕВ,
журналист
Жамбыл облысы