Қазір аймақта 193 автобус мектеп оқушылары тасымалымен айналысуда. Сонымен қатар аймақ басшылығының тапсырмасымен «Мектеп автобусы» бағдарламасы бойынша автопарктер жаңартылуда.
«Еліміздің ертеңін қалайтын жасөспірімдердің, жастардың сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдай туғызуымыз қажет. Қазіргі күні облыстың мектептерін толықтай автобуспен қамтамасыз еттік. Оның үстіне бұл өзіміздің өңірімізде құрастырылып жатқан көліктер», – деді Даниал Ахметов.
DAEWOO BSD 106 маркалы автобустары Семей қаласындағы «СемАз» көлік зауытында құрастырылған. Жолаушылар көлігі қауіпсіз тасымалдың барлық талаптарына жауап береді.
Осы орайда ескере кету керек, бүгінде Шығыс Қазақстанда мектебі жоқ елді мекеннің 6041 оқушысы толықтай көлік тасымалымен қамтамасыз етілген.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН