Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2017

Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясының форумы өтті

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Достық үйінде өткен «Бейбітшілік, бірлік, келісім-рухани жаңғырудың негізі» атты форумда  облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, облыстық ассамблеяның хатшылық  меңгерушісі Наиль Салимов  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған шаралармен қатар  алдағы  міндеттерді де ортаға салды.

Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясының форумы өтті

Бүгінгі күні  өңірде тұрақты түрде жұмыс істейтін 203 этномәдени бірлестік құрамына  2 мыңдай  адам тартылған.  2500-дей түрлі  іс-шара өткізіліп,  250 мың адам қамтылған.  Медиация кабинеттері  30 пайызға ұлғайып,  97-ге жеткен.  «Қамқор», «Жақсылық жаса», «Белый цветок»,  «Қоғамдық бастама», «Қайырымдылық кеш» конкурс-акциялар шеңберінде  1500  іс-шара ұйымдастырылып, тұрмысы төмен отбасыларға,  аз қамтылған адамдарға,  мүгедек  жандарға 157 миллин теңгенің көмегі берілген. Қоғамдық келісім кеңестеріне екі жүз адам әлеуметтік  мәселелер бойынша қайрылған.

Салтанатты шара барысында облыстық ассамблеямен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген бір топ белсенді мүшеге  Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыс әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді. Олардың арасында «Түрік мәдениеті» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Диляра Хасанова ,  Аналар кеңесінің төрайымы  Күлімкөз Смайылова, Ғ. Мүсірепов ауданы қоғамдық кеңес төрайымы  Бақыт Жантасова, тағы басқалары бар.

Ассамблеяның бастамасымен ұйымдастырылған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының  «Тіл мектебі» авторлық курстар бағдарламасының  жеңімпазы болып қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Рахат Әзімбаева танылса, № 17 мектептің оқушысы  Аббас  Дурсунов  Алашорданың 100 жылдығына арналған  «Кемел елдің кемеңгер қаламгерлері» эссе мен өлеңдер байқауында топ жарды. «Шаңырақ» аймақтық байқауында  бірлік пен келісім тақырыбына қалам тербеген  Арайлым Бейсенбаева, Татьяна  Делль,  Сәлима Базарбекова, Индира Қалиева сияқты журналистер  үздік атанды.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Юлия Кузьменко ғылыми жобалар сайысында  «Жастарды патриотизмге тәрбиелеудегі этнографиялық туризмді пайдалану мүмкіндігі» тақырыбымен  ерекшеленді. «Балқадиша», «Алуа», «Қуанамын», «Звоница», «Ляйсан» халықтық би, ән топтарына да ерекше құрмет көрсетілді.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынш үздік деп танылған  8 жерлесіміз ортаға шақырылып, үлкен қошеметпен қарсы алынды.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.