Білім туралы заңның жетілдірілуі өркениетке өріс ашады
«...Адамның өмір бойы білім алуы үшін жағдай туғызуымыз керек. Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Елдігімізді алып, еңсемізді тіктеп, тәуелсіздігімізді баянды етіп келе жатқан жылдар ішінде Президент білім мен ғылым саласына қажеттің барлығын мүмкіндігіне қарай жасап келеді. Өркениетті елдердің қатарына қосылып, ұрпақты білімді де білікті етіп тәрбиелеу жолында атқарылған жұмыстар да аз емес. Мұның бәрі заңдық тұрғыдан нақтыланып, бағдарлама аясында бекітілген. Соның бір дәлелі, өткен қазан айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Уақыт талабына сай әзірленген мұндай заң қабылдау білім беру жүйесін одан әрі жетілдіріп, оқу сапасын арттыруға азаматтарымыздың келер күнге деген сенімін бекітіп, қызығушылығын жетілдіріп, аталған саланың әлемдік білім кеңістігінен өз орнын алуына мүмкіндік береді. Біз осындай ауқымды жұмыстардың жолашары болатын құжаттың айнадай нақтыланған тұстарын білу мақсатында Білім және ғылым министрі Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Бақытжан Тұрсынұлы, қазіргі дүние дамуының кілті білім мен ғылымда деген сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алғалы бері айтып келеді. Соған сай сіз басқарып отырған министрлік ұлтқа керек, жұртқа қажет заң мен бағдарламаларға ұйытқы болуда. Өткен жылы Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, биылғы жылдың басында «Ғылым туралы» жаңа заң, таяуда «Білім туралы» заңның жаңа редакциясы қабылданды. Білім және ғылым саласын жетік білетін басшы ретінде сіз аталған заңды қабылдаудың басты мақсатына тоқталып өтсеңіз.
– Менің ойымша, заң жинақылықты талап етеді. Басты бағыт, атқарылатын жұмыс сол құжатта нақтыланады. Мен осы жерде негізгі екі мәселені бөліп айтар болсам, оның біріншісі – стратегиялық, екіншісі, шартты түрде алғанда – тактикалық мақсат. Біз үшін қасиеттіміз де, киеліміз де – тәуелсіздік қой. Мұны қай-қайсымыз да санамызға түйіп, ойымызға берік ұстауымыз керек. Сол егемендігіміздің 20 жылдығын береке-бірлікте тойлағалы отырмыз. Мен бұл атаулы күнді – ұлы күн деп білемін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап жаңа Қазақстанды құрудың басты стратегиялық жетістіктерінің бірі ретінде адами капиталды дамытуды белгіледі. Бұл Президенттің көрегендігін көрсетеді. Енді Елбасы зияткер ұлтты қалыптастырудың ауқымды міндетін алға қойып отыр. Оның негізгі үш күретамыры қайсы десеңіз, біріншісі – білім, екіншісі – ғылым, үшіншісі – инновация.
Еліміздің алғашқы заңдарының бірі – «Білім туралы» заң еді. Ол 1992 жылы қабылданған болатын. Осы құнды құжатта саланың басым бағыттары айқындалып, мемлекеттің зияткерлік, мәдени және экономикалық әлеуетін дамыту тиянақталды. 1993 жылы Президенттің бастамасы бойынша талантты жастарды өркениетті елдердің үздік университеттерінде оқытуға арналған, әлемдік тәжірибеде бірегей саналатын «Болашақ» бағдарламасы іске қосылды. Дарынды балаларға арналған мектептер желісі құрылды. Білім беруді дамытудың екі ауқымды мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Кадрлар даярлаудың әлемдік талапқа сай түбегейлі жаңа құрылымы жасалды.
Осындай күрделі жұмыс Отанымыздың дүниежүзілік білім кеңістігіне кірігуіне мүмкіндік берді. Соның бір көрінісі – Болон процесіне қосылуымыз еді. Мұндай ізденістер біздің еліміздің білім саласы бойынша Орталық Азияда алдыңғы сапта тұруына жол ашты. Жоғары мектеп «бакалавр – магистр – философия докторы» – үш деңгейлі даярлау моделіне көшті. Өркениетті жұрттардағы оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді. Жоғары білім ордаларының бағдарламалары халықаралық деңгейде аккредиттелді.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан әлем нарығында жылдам дамып келе жатқан елдердің алғашқы үштігіне енген болса, білім беру жүйесінің қарқыны да сол деңгейден көрінді. Бұл туралы мен бұрынғы сұхбаттарымда нақты дәйектерге жүгіне отырып, жауап берген болатынмын.
Ал мұндай стратегиялық серпіліс білім берудің заңнамалық арқаудың талапқа сай жаңғыртуды, қол жеткізілген белес пен ел дамуының жаңа міндеттеріне сәйкес келтіруді қажет етеді. Әсіресе, Мемлекет басшысының экономиканың даму бағыттарын түбірімен өзгертіп, оны жоғары деңгейге жеткізетін білікті кадрлар екенін қадап айтқаны белгілі. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын мүлтіксіз жүргізу ісінде кадр қажеттілігі тіптен арта түседі десек, бұл – жаңадан қабылданған заңның бірінші стратегиялық мақсаты болып белгіленіп отыр. Екінші мақсатқа келсек, мектепке дейінгі тәрбиеден бастап, жоғары және жоғары оқу орнына дейінгі аралықта білім берудің жаңа сапасына қол жеткізу. Бұл Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасында басты міндет етіп қойылған. Ағымдағы жылы білім беру жүйесі үшін маңызды бірқатар жаңа бастамалар жасалды. Сол міндеттерді шешу үшін заңды тиісті деңгейде жетілдіру қажет болды. Ол сұхбат аясында сөз болып отырған толықтыру да өз дәрежесінде орындалды деп айта аламын.
– Заңға енгізілген маңызды деген өзгерістерді таратып айта кетсеңіз.
– Бірінші, қаржыландыру тәсілдерінің өзгеруін айтуға болады. Білім және ғылым саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып отыр. ЮНЕСКО ұсынған халықаралық нормаға оның жақындап келе жатқаны, әрине, қуанышты жағдай. Дегенмен, бұл қарымды қадамды құрылымдық жағынан жетілдіре түсу қажет. Осы мақсатта біз балабақшадан бастап, оқытудың барлық деңгейі үшін жан басына қарай қаржыландыру жүйесіне көшуге негіз жасадық. Мұндай тәсіл білім беру ұйымдары жұмыстарының тиімділігін арттырып қана қоймай, сапалы білімге жағдай туғызады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерінің өрістеуіне мүмкіндік береді. Тағы бір атап өтерлігі көпке мәлім – педагогтарды даярлау мен қайта даярлаудың жаңа жүйесі биылғы жылдан бастап қалыптасуда. Бұл еліміздегі мұғалімдердің беделін, әлеуметтік рөлін және біліктілігін жүйелі түрде арттыруға бағытталғанын айта кетсем деймін.
Үшіншіден – әлемнің үздік тәжірибесіне сүйеніп, Қазақстан экономикасын дамытудың арқаулық міндеттері негізінде «сапалы өсу нүктесін» құру. Барлық жоғары мектепке үлгі бірегей «Назарбаев университеті» жобасы іске асырылып, жоғары оқу орындарының жаңа дәуірге сай жүйесінің әзірленуі үлкен жетістігіміз. Аталған оқу орнының әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттер тәрізді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін ерекше заңнамалық база қабылданғанын айта кетуге болады. Орта білім саласында да осындай әдемі үлгіге Назарбаев зияткерлік мектептері ие. Өткен жылы біз техникалық және кәсіптік білімді (ТжКБ) дамытудың түбегейлі жаңа тәсілдерін жасадық. Жетекші жұмыс берушілер мен бизнес-қауымдастықтарының қатысуымен Ұлттық кеңес құрылды. Салалық және өңірлік кеңестер де өз жұмыстарын бастады. Әлемдік тәжірибеде сынақтан өткен принциптер негізінде ТжКБ жүйесін жаңғыртуды көздейтін «Кәсіпқор» холдингі құрылуда.
Орта білімде, 12 жылдық оқытуға көшу, биылғы жылы қалыптаса бастаған білім сапасын бақылаудың орталықтандырылған вертикалін енгізу, мектеп оқулықтарына қойылатын талаптарды барынша күшейту, тағы басқа игі істер туралы да айтуға болады. Бұлардың бәрі жаңа заңда тайға таңба басқандай нақтыланды.
– «Білім туралы» заңға енгізілген кейбір өзгерістер мен толықтыруларды нақтылай түссек. Мысалы, қазіргі уақытта мемлекеттік білім беру гранты бойынша білім алған дәрігерлер мен педагогтарды міндетті түрде жұмысқа орналастыру мәселесін жоғары оқу орындарын бітірушілердің бәрі бірдей құптай қоймайтын сияқты. Бұл бәсекелік ортаға мамандарды іріктеу қағидатының жаңалығына қарама-қайшы емес пе?
– Сұрақ дұрыс қойылып отыр. Қандай бастаманың болса да алғашында тосын көрінетіні бар. Мұның бәрін қоғам дамуы өз жолына салады. Жастарға тегін жоғары білім алу мүмкіндігін беру мемлекеттік тапсырыстың басты міндеттерінің бірі емес екенін түсіну қажет. Негізгі мақсат – ел экономикасы мен қоғамды білікті мамандармен қамтамасыз ету. Әрине, олардың алған мамандығы бойынша жұмыс істеуіне мемлекет мүдделілік танытады. Дегенмен, мамандықтар бойынша екінің бірі мұндай мақсатқа қол жеткізе бермейді. Мысалы, жыл сайын жоғары педагогикалық оқу орындарын мыңдаған жастар бітіріп шығады. Сөйте тұрып, мектепке дейінгі мекемелерде, мектептерде, кәсіптік техникалық оқу орындарында мамандар жетіспейді. Яғни, бұл мемлекеттік тапсырыс өзінің басты міндетін орындамай отыр деген сөз. Осындай ала-құла ахуалды дұрыстау үшін бұрын педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқыту ауыл квотасының шегінде мемлекеттік тапсырыс аясында бітірушілерді іріктеу қарастырылған болатын. Иә, мұндай шара оң нәтиже берді. Бұған мемлекеттік тапсырыспен білім алған барлық студенттер тартылды. Ендігі жерде жас мамандар жіберген қызмет орнында кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Ауылдық жерлерге барған мамандар заңда көрсетілген әлеуметтік кепілдіктерін алады. Бұл қазірдің өзінде жүзеге асырыла бастады.
– Білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық мобильдік бағдарламасының ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз.
– Студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильдігі Болон декларациясының негізгі принциптерінің бірі болып саналады. Ол білім алушылар мен оқытушы-зерттеушілерге семестр немесе оқу жыл бойы ел ішінде не шетелде, басқа жоғары оқу орнында оқуға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл талапкерлерді бұрынғы қатып қалған қасаңдықтан құтқарып, әлемдік білім кеңістігіне енуге, өркениет үдерісінде білім жетілдіруіне болады. Мұндай мобильдік бағдарлама біз жоғарыда айтқан әлемдік білім беру кеңістігінде өте маңызды рөл атқарады. Біріншіден, әртүрлі елдердегі жоғары оқу орындарының бағдарламаларын, яғни бірыңғай білім беру деңгейі мен мамандардың бәсекеге қабілеттігін салыстыруды қамтамасыз етеді. Екіншіден, оқытудың жеке бағыт-бағдарын қалыптастыру және жас мамандарды жұмысқа орналастыру жүзеге асады. Үшіншіден, бұл педагогтардың кәсіби деңгейін өз қалауымен дүниежүзінің кез келген елінде көтеруге, ондағы озық материалдық-техникалық базаны пайдаланып ғылыми-зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Бұлардың барлығы әлемдік білім жүйесіне кірігудің маңызды тетігі екені сөзсіз. Осы жылдан бастап, бұл жүйеге мемлекет тарапынан тек заңдық деңгейде ғана емес, мемлекет есебінен қаржы да қарастырылмақ. Бұл ТМД елдерінің ішіндегі бірегей тәсіл және жалпы әлемдік дәрежедегі жаңалық болып есептеледі. Жақын уақытта өңірлік жоғары оқу орындарының студенттері мемлекеттік қаржыландыру есебінен ұлттық университеттерде оқуын жалғастыра алады. Ал жетекші жоғары оқу орындарының үздік студенттері шетелде білім алуына болады. Мұның өзі елімізде бұрын қолданылмаған тәсіл еді. Осындай жаңашыл жол нәтижесінде жас ғалымдар мен оқытушылар да кәсіби деңгейін көтеруіне болады. «Болашақ» бағдарламасының негізгі идеясының астарында да осы ұғым жатқаны белгілі. Біз осы секілді озық тәсілдер арқылы академиялық мобильдік білім беру жүйесін қалыптастыратын боламыз.
– Бұрын жоғары оқу орындары мемлекеттік аттестаттаудан және аккредиттеуден өткізілетін еді. Жаңа заңда тек аккредиттеу қалдырылыпты. Бұл механикалық түрде қысқартылған ба, әлде өзге айырмашылығы бар ма?
– Бұл жоғары білім берудің сапасын арттыруға бағытталған. Бірақ маңызды айырмашылықтар да бар. Аттестаттауды мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес жоғары оқу орындарының білім беру қызметін жүзеге асыруды тексеру жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады. Және ол міндетті рәсім болып табылады. Бұл қазіргі уақытта посткеңестік мемлекеттерде ғана қолданылады. Бақылау-қадағалау функцияларын қысқарту туралы Президент тапсырмасына сәйкес, Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында дәйектелгендей 2015 жылға қарай құзырлы бақылаудың аталған түрін қысқартуды көздейді. Аккредиттеу формальды сипатта қалып отыр. Бұл жерде оқытушылар мен студенттер пікірінің маңызы зор. Сонымен қатар, бітірушілердің кәсіби біліктілігі туралы жұмыс берушілердің байламы да айтарлықтай рөл атқарады. Сондықтан аккредиттеу жоғары оқу орындарының қызметін тиімді бағалауға мүмкіндік береді деп топшылауға болады.
Жаңа заң отандық аккредиттеуге кең мүмкіндіктер туғызады. Ол әлемдік білім беру кеңістігіне еркін кірігуге және маман дайындау сапасын арттыруға жол ашады. Қазіргі таңда министрлік аккредиттеуден өткізу үшін қажетті нормативтік актілерді әзірлеу үстінде. Қазақстанда тиісті аккредиттеу органдары құрылуда және олардың ұлттық тізбелері жасалуда. Бұл аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындары азаматтарға өз үлгісіндегі білім туралы құжатты беруге құқылы. Одан басқа жоғары оқу орындары ерікті негізде халықаралық аккредиттеуден өте алады. Әрине, бұл іс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, ел дамуы, әлемдік өзгерістер осыны қажет етіп отыр.
– Республикада ғылым кандидаттары мен докторларын даярлаудың бұрынғы жүйесінен бас тартып, философия (PhD) докторларын әзірлеуге көштік. Мұның ерекшелігі неде?
– Заңда алғаш рет елімізде өңірлік жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар үшін PhD докторларды мақсатты даярлау тетігі қарастырылып отыр. Ол былайша жүзеге асырылады. Министрлік тиісті мемлекеттік тапсырысты орындау үшін базалық жоғары оқу орындарын конкурстық негізде анықтайды. Бөлінген орындарға арналған конкурс жалпы конкурстан тыс, мақсатты даярлауға үміткерлер арасында жеке өткізіледі. Бұл ретте әрбір докторантпен үш жақты шарт жасалады: «базалық жоғары оқу орны – жіберген жоғары оқу орны немесе ғылыми ұйым – докторант». Оқуы аяқталған соң докторант жіберген жоғары оқу орнында немесе ғылыми ұйымда кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті.
– Бақытжан Тұрсынұлы, шағын мектептердің проблемалары қазір аз айтылып жүрген жоқ. Бұл туралы заңдық күші бар құжатта нақты көрініс тапқан екен...
– Иә, бұл өте өзекті проблема. Қазір елімізде шағын мектептер білім ұяларының 56 пайызын құрайды. Алайда, біз барлық балаға, оның тұратын орнына мектептің орналасқан жеріне қарамай сапалы білім беруіміз керек. Бұл басты талап болып саналады. Енді заңнамада шағын жинақы мектептердегі оқу процесін тірек мектептері арқылы ұйымдастырудың жаңа нысаны қарастырылған. Мұндай мектептер, заң талабына сай жалпы орта білім беру ұйымы болып табылады. Базасына жақын маңда орналасқан білім беру ұйымдары шоғырланатын болады. Онда да қысқа мерзімді сабақтар, оқушыларды аралық және қорытынды аттестаттау өтеді. Білім алушылар өздерінің қызығушылықтарына байланысты бейіналды даярлық пен бейінді оқыту курстарын таңдауға мүмкіндік алады. Бұл ұмтылыс арқылы біз сапалы білімге қол жеткізіп қана қоймай, 12 жылдық оқытуға көшу үшін мықты іргетас қалыптастырамыз. 2011-2015 жылдар аралығында 160 тірек мектебі құрылатын болады.
– Жаңа заңдағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді «сынақтан өткізу» және «мониторинг жүргізу» деген түсініктер қандай мәселеге байланысты енгізіліп отыр?
– Соңғы жылдары оқулық сапасына байланысты көптеген кемшіліктер айтылып жүр. Сондықтан біз нормативтік құжаттарға, басылымдарға, парламентарийдің, педагогтар мен ата-аналар пікірлеріне талдау жүргіздік. Нәтижесінде мәселенің келеңсіз жақтары анықталды. Енді оны шешу керек. Ол үшін маңызды шаралар қабылдамай болмайды. Оқулықтарды әзірлеу, сараптау, ұсыныс беру, басып шығару жүйесіне талап күшейеді. Бұрынғыдай кеңқолтық тірлікке жол жоқ. Тағы бір маңызды мәселе бар. Ол оқулықты сабақ үстінде сынақтан өткізу. Осы уақытқа дейін бұл мәселеге аз көңіл бөлініп келгені жасырын емес. Түйінді сынақ 12 жылдық мектепке арналған оқулықтарға ғана жүргізілген. Бұдан былай заңға сәйкес ондай талап барлық жаңа оқулықтарға қолданылатын болады. Мектепте оң тәжірибе бермесе оқулық қолданысқа жіберілмейді. Оқулықтардың сынақтан өтуіне және оның одан әрі пайдаланылу барысына тұрақты мониторинг жүргізіліп отырылады. Бұл мәселе де жаңа заңда қарастырылған.
– Мемлекеттік тіркеуден өткен жаңа білім беру ұйымдары лицензия алуға міндетті ме?
– Көкейкесті сұрақты алға тартып отырсыз. Жаңа заңның 40-бабына енгізілген толықтыруларға сәйкес жаңадан құрылған білім беру ұйымдары тіркеуден өткеннен кейін алты ай ішінде оқу қызметін жүргізу үшін лицензия алуы тиіс. Бұл міндет орындалмаған жағдайда білім беру ұйымы сот тәртібімен жабылатынын назарға сала кетудің еш артықтығы жоқ.
– Мемлекеттік аралық бақылау не себептен тоқтатылды? Ол өз міндетін орындай алды ма?
– Мемлекеттік аралық бақылау (МАБ) білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламасында көрсетілген. Бұл мемлекеттік бақылаудың бір түрі ретінде қолданылып, орта білім беру ұйымдарының 4 және 9-сыныптарында, сондай-ақ жоғары оқу орындарының екінші (үшінші) курсында жүргізілді. Егер білім беру ұйымы министрлік белгілеген ең төменгі көрсеткішке қол жеткізе алмаса, кезектен тыс мемлекеттік аттестаттаудан өтуі тиіс болды. Сондықтан бақылаудың бұл түрі оң нәтиже беріп, өз міндетін орындады деп айтуға болады.
Бұдан былайғы жерде жаңа заңға сәйкес МАБ-тың орнына бақылаудың басқа түрі енгізілді. Ол – оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОЖСБ). Бұл рәсімді уәкілетті орган жүзеге асырады. Негізгі мектепте, оқу жетістіктерінің деңгейін бағалау болса, жоғары оқу орнында (4-курста) – ішінара, мониторинг жүргізу мақсатында іске асырылады. Нәтижесінде білім беру жүйесінің жай-күйі мен оның дамуы анықталады. Жыл сайын облыс бойынша баяндамалар жарияланып, білім беру ұйымдарының рейтингі анықталады.
– Сіз орта білім беру сапасын бақылаудың орталықтандырылған вертикалін енгізу туралы айттыңыз. Бұрын бұл салада мемлекеттік бақылау жүргізілмеген бе? Мұндай міндет неге байланысты алға қойылып отыр?
– Бұл Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Үкімет өкілдері мен облыс әкімдерінің қатысуымен өткен 2011 жылғы 17 сәуірдегі кеңесте берген тапсырмасын жүзеге асыру болып табылады. Бұған дейін мұндай жүйе тек жоғары білім саласына ғана қатысты болып келді. Енді бұл орта мектептер мен кәсіптік-техникалық оқыту орындарынан да талап етіледі. Ел Үкіметінің арнайы қаулысымен әрбір облыс орталығында Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің өңірлік құрылымдары – департаменттер жасақталды. Бұл департаменттер жергілікті органдармен бірлесе отырып, жұмыс істейтін болады.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.