Салтанатты шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы жетекшісінің орынбасары Леонид Прокопенко сөз сөйлеп, кітап туралы пікір білдірді.
«Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында бірлігіміз бен тұрақтылығымызды сақтасақ, жарқын болашақ туралы үмітіміздің үлкен болатынын айтып еді. Мен «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының өне бойынан осы ойды көрдім», дей келе Леонид Прокопенко кітапта бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыруға атсалысқан ҚХА-ның мемлекеттегі әлеуметтік-саяси процестерді тұрақтандырушыға айналғаны туралы жазылғанын айтты. Оның айтуынша, кітапта Қазақстанның жаңғыру кезеңінің үшеуінде де мемлекеттегі тұрақтылық пен бірліктің қалай нығая түскені айтылған.
«Бірінші жаңғыру кезеңінде ҚХА жаңа конституцияның қабылдануы мен Президент құзыретін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту процестеріне қатысты. Осы кезеңде қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі, тіл мен мәдениет салаларындағы жалпыұлттық бірлік қалыптаса бастады. Жаңғырудың екінші кезеңінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бірлік пен келісімнің қазақстандық бірегей моделі жасалды. Ұлтаралық қарым-қатынас нығая бастады. Бір айта кетерлігі, бұл процестерді жүзеге асыру туралы Қазақстан-2030 стратегиясында да айтылды. Сол кездері Қазақстан халқының бірлігі күнін, Саяси репрессия мен аштық құрбандарын еске алу күнін атап өту қолға алынды. Алматыдағы алғашқы Достық үйі ашылды» , деді ҚХА Хатшылығы жетекшісінің орынбасары. Оның айтуынша, 2000-2010 жылдары қоғам интеграциясы үшін тағдыршешті оқиғалар болды. «2007 жылы Қазақстан халықтары ассамблеясы Қазақстан халқы Ассамблеясы деп атала бастады. Конституциялық статусқа ие болды. Ассамблея туралы Заң қабылданды. Мемлекет басшысы белгілеп берген ұлттық саясаттың негізгі қағидаттары жүзеге асырылды. Бұл кезеңді Президент «Мақсаттар мен әрекеттер, ақыл мен жүректің бірлігі» деп атады», деді Леонид Прокопенко. Ол екінші жаңғыру кезеңінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі нәтижесінде Қазақстанның бірлік моделі БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ секілді халықаралық институттар деңгейінде мойындала бастағанын атап өтті.
Өз сөзінде ҚХА Хатшылығы жетекшісінің орынбасары Леонид Прокопенко Үшінші жаңғыру кезеңі туралы да айтып өтті. «Президент қазақстандық патриотизмнің болмысы қандай болу керектігін айтқан. Ол - мүмкіндіктердің теңдігі мен мемлекеттің тағдырына ортақ жауапкершілік. Бұл, әсіресе, Қазақстан-2050 стратегиясында жақсы айтылған», дей келе ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бірліктің заманауи формуласын жасағанын атап өтті. «Бір халық - бір мемлекет - бір тағдыр. Бұл формула «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясында көрініс тапты. Тағы бір айта кетерлігі, ҚХА жылы Бес институционалды реформаны жүзеге асырудың алғашқы жылымен тұспа-тұс келді. Мемлекет басшысының бастамасымен Алғыс күні атап өтіле бастады», деген Леонид Прокопенко Елбасы кітабының басты идеясы ретінде әлемнің бір орында тұрмайтынын, бірлік пен ынтымақтастық үнемі дамуды талап ететінін, нақты істерге көшу керектігін айтты. Сонымен қатар ол «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің энциклопедиясы екенін айтты.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»