Парламент • 15 Желтоқсан, 2017

Тәуелсіздік күніне орай сенаторларға мемлекеттік наградалар табысталды

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиналыс болды, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі. 

Тәуелсіздік күніне орай сенаторларға мемлекеттік наградалар табысталды

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың біздің ең басты байлығымыз – Тәуелсіздік екенін айтқан  сөзін еске салды.

Парламент жоғарғы Палатасының басшысы: «Қазақстан Республикасы Президентінің көреген саясатының арқасында еліміз Тәуелсіздік жылдары небір сын-қатерлерден сүрінбей өтіп, талай белестер мен биіктерді еңсерді. Бірлігі жарасқан, әлем таныған елге айналдық. Мәңгілік Ел болуды бағдар еткен қуатты мемлекетті қалыптастырдық», - деп атап өтті.

Төраға сөзінде экономиканы әртараптандыру, тұрақты өсім, халықаралық саясатта достық пен өзара ынтымақтастықты басшылыққа алу, ішкі саясатта азаматтық құндылықты жоғары қою дамудың негізгі формуласына айналғаны айтылды.

«Экономикалық дамумен қатар қоғамда рухани жаңғырудың қажеттілігі айқын көрінуде. Рухы биік елдің қашанда еңсесі биік болатыны анық», - деді Қ.Тоқаев.

Сенат басшысы депутаттар мен Палата Аппаратының қызметкерлерін Елбасының кешенді бағдарламаларын, ел егемендігі мен мемлекетіміздің қарқынды дамуын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз еткені үшін алғысын білдірді.

Жоғарғы Палата Төрағасы сенаторларға мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі, халықтар арасындағы достық және ынтымақтастықты нығайтқаны үшін наградалар табыс етті.

Сенатор Серік Бектұрғанов, Бекмырза Еламанов, Сергей Плотников «Парасат» орденімен; Мұратбай Жолдасбаев II дәрежелі «Достық» орденімен; Нұрлан Қылышбаев «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сенатор Дариға Назарбаева ТМД Парламентаралық Ассамблеясының шешімімен «Содружество» орденімен, Рашит Әкімов, Мұрат Бақтиярұлы, Бекмырза Еламанов, Дулат Құсдәулетов, Ольга Перепечина, Марат Тағымов ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Парламентаралық ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медалімен марапатталды.

Қажырлы қызметі үшін депутаттар Әли Бектаев, Серік Бектұрғанов, Мұратбай Жолдасбаев, Дархан Кәлетаев, Георгий Ким, Нұрлан Қылышбаевқа ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамотасы табыс етілді.

Парламент Сенаты Аппаратының бірқатар қызметкерлеріне де марапаттар табыс етілді.