11 Қараша, 2011

Жемқорлықты тыюдың тың тәсілі

236 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жең ұшынан жалғасып, жалмауыздай жалмап жатқан жемқорларды жою оңайға соқпай тұр. Еліміздің байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жандана бастады. Соның бірі ретінде «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы жемқорлыққа қарсы нағыз форум жариялады. Кеше осы форумның басталғаны туралы аталған филиалдың бастамасымен мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басқосуымен алғашқы алқалы жиын болып өтті. Онда сыбайлас жемқорлыққа бірігіп қарсы тұру мақсатында мемлекеттік органдардың, қоғам­дық азаматтық институттардың және бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен маңызы қаралды. Әсіресе еліміздің негізгі белсенді күштерімен «Нұр Отан» ХДП бастамасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратын қоғамдық қозғалыс құру жөніндегі мемо­рандумды қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес құрып, құқық қорғау органдарымен бірге белсенді түрде жұмыс атқаруда. Біз қашанда алдын алу шараларына, түрлі комиссиялар, қоғамдық кеңестер құруға баса назар аударамыз. Қазір біздің қаламыздың барлық салаларында партиялық бақылау постылары құрылған. Бұл кеселге біртұтас қоғам болып жалпыхалықтық күресуді қолдаймыз, дейді «Нұр Отан» ХДП АҚФ төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан Рақымжанов. «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы баста­масымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум қатысу­шылары үндеу жариялады. Онда қатысушылар Астана қалалық филиалының жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың іс-әрекеттерін тиімді үйлестіруін ұсыну идеясын қолдайтындығын білдірді. Александр ТАСБОЛАТОВ.