Қазақстан • 16 Желтоқсан, 2017

Еселі еңбек еленген күн

729 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күні қар­саңында елге елеулі, халыққа танымал, еңбектері орасан бірқатар отандастарымызға мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсырды. 

Еселі еңбек еленген күн

Салтанатты шарада Елбасы алдымен Қазақстан халқын ұлы мерекемен құттықтап, одан әрі егемен ел ретінде дамыған жылдарымыздағы айрықша жетістіктерімізді атап өтті.

«Егемендікке ие болған соң біз мықты әрі өркендеу жолына түскен Қазақстанды құруға кірістік. Осы жылдар ішінде еліміз көптеген елеулі жетістіктер мен жеңістерге қол жеткізді. Ауқымды жаңғыру үдерісі аясында азаматтарымызға жоғары әлеуметтік кепілдік беріп, әл-ауқатының артуын қамтамасыз еттік. Біз Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, жаһандық деңгейдегі ауқымды іс-шараларды лайықты өткіздік», деді Прези­дент. Сондай-ақ еліміздің жетістік­тері мен институттық реформаларды іске асырудағы әрбір қазақстандықтың рөлі мен күш-жігері жөнінде айтты.

«Бүгін біз Отанымыздың дамуына өз үлесін қосып, еңбек сіңірген азаматтарымызды наградалармен және сыйлықтармен марапаттаймыз. Биыл «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Ахмет­жан Есімовке берілді. Ол менің сенімді серіктерімнің бірі ретінде тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауға зор үлес қосты», деді Мемлекет басшысы.

Бұдан әрі Елбасы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталған инженер Руслан Қуатовтың сіңірген еңбегін атап өтті. «Жоғары білікті инженер ретінде ол мұнай өндіру ісін технологиялық тиімділігі тұрғысынан қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Еліміздің мұнай-газ саласындағы халық­аралық серіктестік ретінде дамуына атсалысты. Осындай кәсіби мамандардың еңбегінің арқасында мемлекетіміздің индустриялық әлеуеті артып, энергетикалық егемендігі нығая түсуде», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы­мен даңқты балуан, Олимпия ойындарының чем­пионы Жақсы­лық Үшкемпіровті марапат­тады. «Бүгінде Жақсылық Үшкем­піров ауыл шаруашылығын дамытумен ай­на­­­лы­сып, ауылды өркендетуге зор үлес қосу­да. Ол өз қаражатына спорт кеше­­нін, балабақшалар, жас отбасыларға арнал­­ған үйлер салып, ауылдастарының құр­меті мен ризашылығына бөленді», деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев «Отан» орденімен марапатталған Аманғос Төлеуовтің ауыл шаруашылығын да­мыту­дағы рөлін және ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған Әнес Сарай­дың шығармашылық еңбегін атап өтті.

ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін Игорь Анатольевич Китаевқа,  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын Елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібекұлына және «Астана Балет» театры» ЖШС бас балетмейстері М.Абубахриеваға табыстады.

Қазақстан Президенті сонымен қатар өрт кезінде өз өміріне қауіп төнгеніне қара­мас­тан үш адамды, соның ішінде кішкентай баланы өлімнен құтқарып қалған Руслан Базарбаевтың ерлігін де ерекше атап өтті.

«Бүгін біз өз ісінің білікті мамандары, Отанымыздың нағыз патриоттары болып санала­тын қазақстандықтарға құрмет көр­сетеміз. Мемлекеттік награ­даларға мәдениет пен өнер, білім беру мен денсаулық сақтау ісінің қайраткерлері, бизнес пен өн­діріс саласының өкілдері, әскери қызмет­шілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, соғыс және еңбек арда­герлері, спортшылар мен мемлекеттік қызмет­­шілер ие болуда.

Өз істеріңізге деген адалдықтың, еңбекқорлық­тың, қажыр-қайрат пен ерліктің арқасында сіздер әріптестеріңіздің құрметіне бөленіп, қоғамда зор беделге ие болдыңыздар», деді Елбасы. Сөйтіп, «Ерлігі үшін» медалі Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті­нің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Р.Базарбаевқа және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басқарма басшысының орынбасары А.Югайға табысталды.

Мемлекет басшысы еліміз­дің зият­керлік-инновациялық әлеуетінің дамуына назар аударып, бұл істегі отандық ғылым қай­раткерлері­нің рөліне тоқталды. Жүргізілген ғылыми зерттеулер­дің нәтижесінде Қазақ­станның экономикалық және әлеуметтік дамуының түбегейлі жаңа моделін қалыптастыра­тын озық әзірле­мелер жасалып жат­қанын, биыл ғылым мен техника саласын­дағы мемлекеттік сыйлық екі авторлық зерттеу мен екі ғылы­ми ұжым­ға берілгенін айтты. Осылай­ша, Қазақстан Республикасы­ның әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы мемлекеттік сыйлығын «Қазақ­стандық іргелі ғылымды әлемдегі озық жетістіктер деңгейіне шығару­ға икемдеуші нақты ғаламның қа­сиеттерін сипаттайтын гравитация теориясын дамыту» тақырыбын­­дағы жұмысы үшін физика-матема­тика ғылымдарының докторы, профес­сор Рәтбай Мырзақұловқа, «Ерте және орта ғасырлардағы Қазақстан­дағы кенттену» тақырыбындағы жұмысы үшін академик Карл Байпақовқа, «Болат өндірісінің бәсекеге қабі­леттілігін арттыруды қамтамасыз ететін, төмен сапалы және техногенді шикізаттарды өңдеуге тарту бойынша әлемдік деңгейдегі технологияларды әзірлеу және оларды коммерцияландыру» тақырыбындағы жұмысы үшін техника ғылымдарының кандидаты Әбілқасым Ахметовке, «Белсенді ұзақ өмір сүруді қамтамасыз ету­дің ғылыми дәлелденген әдістері» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін медицина ғылымдарының док­торы, профессор Валерий Бенберинге табыс етті.

Рәсім барысында елімізді эко­но­микалық, әлеуметтік-гумани­тарлық тұрғыдан дамытудағы үздік жетістіктері үшін «Отан» орденімен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев және Ақтөбе облысындағы «Степное» ЖШС директоры А.Төлеуов марапатталды. ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ бас директорының Қазақ­стан Республикасы Үкіметі­мен байланыс жөніндегі орынба­сары Қ.Қабылдинге, Қазақстан Президентінің көмекшісі Н.Онжановқа және жазушы Ә.Сарайға берілді.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев, бұрынғы Бас прокурор, Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асанов, Әділет министрі М.Беке­таев, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, «М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры» РМҚК әртісі М.Өтекешева «Парасат» орденімен марапатталды.

«Құрмет» орденімен белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, өндіріс пен әлеуметтік сала өкілдері марапатталды. Олардың қатарында «Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Қастек орта мектебі» КММ мұғалімі Б.Бердікенова, боксшы Қ.Ислам, «Павлодар облыстық балалар ауруханасы» КМК дәрігері Т.Мүтішев, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, киноактриса Ә.Сәдуақасова бар.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені­не Аумақтық қорғаныс бас басқар­ма­сының бастығы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері аумақтық әскерлерінің бастығы С.Қамалетдинов және Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы А.Каскеленов ие болды.

ІІ дәрежелі «Айбын» ордені Қор­ғаныс министрлігі әскери бөлімі­нің командирі Ж.Ермұхановқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Терроризмге қарсы қызметі Терро­ризмге қарсы орталығының штаб бастығы Ж.Сайполдаевқа табыс етілді.

ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені­мен Мемлекеттік күзет қызметінің Прези­денттік «Айбын» полкі әске­ри бөлімінің бөлімше командирі Е.Жақаев марапатталды.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»