Қазақстан • 16 Желтоқсан, 2017

Мемлекеттік наградалар тапсырылды

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік награда­лар және әл-Фараби атындағы ғылым мен техника сала­сындағы мемлекеттік сыйлықтарды тапсыру рәсіміне қатысты. 

Мемлекеттік наградалар тапсырылды

Іс-шарада сөз сөйлеген Г.Әбдіқалықова ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында ел дамуына ерекше еңбек сіңіріп, үлес қосқан азаматтарды марапаттау игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

«Жылдағы игі дәстүр бойынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің өсіп, өркендеуіне үлес қосып, ерен еңбегімен көзге түскен азаматтарды марапаттайды. Биыл 1700-ден астам адам жоғары наградаға ие болды. Бұл тәуелсіздік тұғырын нығайтуға, халқымыздың игілігіне үлес қосқан азаматтардың еңбегі жоғары бағаланғанын көрсетеді», деді Мемлекеттік хатшы.

Г.Әбдіқалықова биыл 115 ел және 22 халықаралық ұйым қа­тысқан ұлттық жоба – Халықаралық «Астана ЭКСПО-2017» маман­дан­дырылған көрмесі табысты өткізілгеніне тоқталды. Мем­лекеттік хатшы Қазақстан ТМД елдер арасынан бірінші болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанғанын да сөз етті.

«Елбасы Н.Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық бағ­дарының жүзеге асырылуы арқа­сында Қазақстан заманауи мемлекетке айналды. Бүгінде еліміз жаңғыртылып жатқан жүйелі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Қазақстан жаһандық бәсеке­ге қабілеттілікке қол жеткізу мақ­саты­мен индустрияландыруды жал­ғас­тырып келеді. Ұзақ мерзімге ар­налған «Қазақстан-2050» стратегиясы дәйекті түрде іске асырылып жатыр», деді Г.Әбдіқалықова.

Награда алғандардың қата­рында мәдениет, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау саласы қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер, экономиканың түрлі саласының өкілдері, жұмысшылар мен ауыл еңбеккерлері бар.

ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қазақстан-Америка еркін уни­верси­тетінің президенті Ережеп Мәм­бетқазиевке, Қазақ­стан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалинге берілді. Қазақ­стан халқы Ассам­блеясы Төр­ағасының орынбасары Дархан Мыңбай, Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Президент Әкімшілігінің мем­ле­кет­тік инспекторы Жайсаң Ахметов, Ғ.Мүсірепов атын­дағы қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық балалар мен жасөспірім­дер театрының актрисасы Роза Әшірбекова, Президент Әкімші­лігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Байымбетов, Ш. Айма­нов атындағы «Қазақфильм» АҚ кинорежиссері Болат Қалымбетов «Парасат» орденін иеленді.

«Құрмет» орденімен Қызылор­да облысы әкімінің кеңесшісі Ержан Әбдрахманов, Президент протоколыныың бастығы Мәди Атамқұлов наградталды. ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені Жаңаөзен қаласындағы «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың аға шебері Қорабай Жаңабаевқа, Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы «Агросевер» ЖШС механизаторы Владимир Шульцке тапсырылды.

Бұдан бөлек «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімі ән және би ансамблінің музыканты Маржан Арапбаева, ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев, әнші Жұбаныш Тоқсанбаев марапатталды.

Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы бірқатар азаматтарға әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты табыстады. Рәсім соңында Г.Әбдіқалықова қатысу­шы­ларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мықты денсаулық, отбасыларына бақ-береке және зор табыс тіледі.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»