Елбасының арнайы Жарлығы бойынша Қазақстанның мәдениет және спорт, әдебиет пен өнердің дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар, медальдар және Алғыс хаттарын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы табыстады.
Марапаттау рәсімінде сөз алған министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, 26 жылдың ішінде Қазақстан дүние жүзіне танымал, әлемде ерекше орны бар елге айналғанын айтты. «Мұндай дәрежеге ең алғаш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында және тату-тәтті өмір сүріп жатқан халқымыздың, елге қызмет етіп жатқан әрбір қазақстандықтың арқасында жетіп отырмыз. Біздің ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздік мерекесі барлығымызға тек жақсылық алып келсін», деп елге тілегін жеткізді.
Құттықтау сөзінен кейін Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік және қоғамдық қызметте еңбек сіңірген, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Өскемен қаласындағы «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі» РМҚК ғылыми қызметкері Зайнолла Самашевті, жазушы Есенғали Раушановты, сазгер Секен Тұрысбековті, кинорежиссер Алексей Каменский және тағы басқа елімізге белгілі азаматтарды «Парасат» орденімен марапаттады.
«Құрмет» орденімен «Сакральды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры» КЕАҚ жетекші опера солисі Сүндет Байғожин, Мәдениет және спорт министрлігі комитет төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов, «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМҚК спортшы-нұсқаушы, балуан Айбек Нұғымаровқа табысталды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы «Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры» РМҚК директоры Сәбит Әбдіхалықовқа, ақын Елена Әбдіқалықоваға, композитор Арман Дүйсеновке, «Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» КМК актері Әділ Ахметовке, «Муз ТВ» телевизиялық премиясының директоры Арман Давлетияровқа және тағы басқа өнер иелеріне берілді. Ал ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғандар арасында Ла Скала театрының бас дирижері Зубин Мента (Үндістан), виолончелист Сергей Ролдугин (Ресей) және опера әншісі Доминго Пласидо (Испания) бар.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»