Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру негізінде Тараз темір жол бекетінен «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойыз Жамбыл облысының аудандарына жол тартты. Ақпараттық пойыз салтанатты түрде облыс орталығынан шығып, одан әрі Жамбыл – Шу – Қашқантеңіз және Жамбыл – Жаңатас бағыттары арқылы 25 бекетке аялдайтын болады.
Ақпараттық пойыздың жолға шығу салтанатында сөз алған Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев жамбылдықтарды ел Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, облыста мерекелік іс-шаралар бастау алғандығын жеткізді. Сонымен қатар ақпараттық пойыз мүшелеріне сәттілік тіледі.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында және атаулы мерекеге орай, Тараз қаласынан «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойыз аудандарға жол тартқалы отыр. Бұл бірегей шараны «Мәңгілік Ел» табалдырығын аттаған еңселі елордамыз – Астана қаласына көрсетілген құрметтің бірі деп білемін. Өйткені Астана – ХХІ ғасырдағы әлем елдері арасында бой көтерген жалғыз елорда. Ал Тәуелсіз Қазақстан – екі ғасыр тоғысында жаңа астана салған жалғыз мемлекет, – деді әкім.
Бұдан кейін ақпараттық пойыздың қоңырауы қағылып, жүк вагондарына 120 тонна ауылшаруашылық тауарлары тиелген отарба аудан орталықтарына жол тартты. Оның ішінде 50 тонна картоп, 20 тонна пияз, 8 тонна сәбіз, 18 тонна ұн, 6 тонна күріш, 6 тонна сұйық май, 10 тонна қант, 2 тонна қарақұмық тұрғындарға арзандатылған бағамен ұсынылатын болады. Сонымен бірге ақпараттық пойыз құрамында облыстық басқармалардың қызметкерлері, өңірдегі зиялы қауым, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер, дәрігерлер мен мәдениет саласының қызметкерлерінен құралған 33 адам бар.
Аталған шараның мақсаты – Астананың жиырма жылдық мерейтойын жалпыхалықтық деңгейде өткізу, елорданың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ауқымды тарихи рөлін насихаттау болып отыр. Сонымен қатар Астана – өңірлердің серпінді дамуының факторы екендігін шалғай елді мекен тұрғындарына жеткізу, сондай-ақ атаулы мереке аясында тұрғындарды тегін медициналық тексеруден өткізіп, арзандатылған бағамен ауылшаруашылық тауарларын ұсыну, оларға мерекелік концерттік бағдарламалар қойып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау да мереке қарсаңында басты назарға алынды. Сондай-ақ сапар барысында ақпараттық топ мүшелері екі бағыт бойынша облыс аудандарын аралап, жергілікті тұрғындарға елімізде жүргізіліп жатқан оң істер жөнінде баяндап, оларға Астана, Тәуелсіздік және Рухани жаңғыру жайында ақпарат беретін болады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы