14 желтоқсан күні аймақ басшысы Даниал Ахметов өңірдегі 22 мектептің директорына су жаңа автобустардың кілтін салтанатты түрде табыс етті. DAEWOO BSD 106 маркалы автобустар Семей қаласындағы «СемАЗ» көлік зауытында құрастырылған. Жолаушылар көлігі қауіпсіз тасымалдың барлық талаптарына жауап береді. Қазіргі таңда облыста мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған 193 автобус бар екен. Аймақта «Мектеп автобусы» бағдарламасымен автопарктердің жаңартылып жатқанын да ерекше атап өтуге болады. Салтанатты рәсімде сөз алған өңір басшысы қазіргі күні шығыстағы барлық мектептер автобуспен толық қамтамасыз етілгенін, көліктер өзіміздің облыста құрастырылып жатқанын тілге тиек етті.
Бұл күні облыс орталығында халықаралық Өскемен әуежайының жаңа терминалы ашылып, өз жұмысын бастады. Жолаушыларға арналған терминал сағатына 200 адамды өткізуге қабілетті. Кеден бақылауының жаңа технологияларымен және заманауи құрылғылармен жабдықталған терминалда ана мен балаға арналған бөлме де қарастырылған. «Промтехмонтаж» Өскемен басқармасы» АҚ директорының орынбасары Болатбек Сақылбаевтың айтуынша, терминал құрылысына бюджеттен 498 миллион теңге қаржы бөлінген. «Шығыс Қазақстан Ресеймен, Қытай Халық Республикасымен және Моңғолиямен шекаралас болғандықтан, әуежайдың кеңейіп, терминалдың ашылғаны халықаралық қатынасқа жаңа серпін берері сөзсіз. Әуежай жылына 300 мыңнан астам жолаушыны қабылдаса, алдағы уақытта бұл көрсеткіштің ұлғаятынына кәміл сенімдімін», деді терминалдың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі.
Шара барысында келесі жылы халықаралық әуежайдың жоспар бойынша ұшу алаңы, жүк терминалы, автотұрақ пен жүк қоймасы жөндеуден өтіп, халықаралық стандарттарға сай жаңартылатыны айтылды.
Сонымен қатар Өскемендегі облыстық драма театрда өңір өнерпаздарының қатысуымен Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концерт өтіп, аймақ басшысы Д.Ахметов өңір жұртшылығын еліміздің бас мейрамымен құттықтады. «Тәуелсіздік күні – ел тарихындағы ең елеулі, ең маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн – азаттықты аңсаған бабаларымыздың арманының орындалған күні. Бүгінде біздің елімізде жайлы өмір сүруге барлық мүмкіндік бар. Мұның бәрі – тәуелсіздіктің арқасы», деді аймақ басшысы.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН