Тәуелсіздік мерекесі құрметіне Ақтөбе қаласында мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында бой көтерген офтольмологиялық орталық осы олқылықтың орнын толтырды деуге әбден болады. Мұндағы емхана мен аурухана жүйесіндегі бірыңғай кешенге ең соңғы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар мен жоғары технологиялық қондырғылар орнатылған.
Жаңа орталыққа Ақтөбеде құрылған медициналық кластердің тигізетін шапағаты да едәуір екені ғимараттың ашылу рәсімі кезінде ашық айтылды. Өйткені осы «Көз жарығы» деп аталған теңдесі жоқ клиникада кластер құрамындағы М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінің көз аурулары кафедрасы орналасқан. Теория мен тәжірибенің, ғылым мен білімнің бір арнаға тоғысар тұсы да ел өңірлері арасында ешқандай баламасы жоқ осы жаңа офтольмологиялық орталық болып отыр.
Инновациялық технология арнайы мамандандырылған білікті мамандар тобын қажет етеді. Бұл ретте олар өз тәжірибелерін әлемнің ең үздік клиникаларынан толықтырып қайтыпты. Жаңа клиникада ел аймақтарында бұған дейін болып көрмеген күрделі оталар жасалмақ. Оның бәрі негізінен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүргізілмек. Бұл жөнінде газет тілшісіне «Дару» емдеу-сауықтыру орталығының жетекшісі, жоба инвесторы Ғалымжан Елеуов айтып берді. Мұндағы жоғары мамандандырылған емханалық және стационарлық ем түрлері жас талғамайды. Офтольмологиялық орталық ересектер мен балаларға тең деңгейде медициналық көмек көрсете береді. Оның қамтылу аумағына республиканың батыс өңіріндегі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстары кіреді деді ол одан әрі.
Мемлекет пен ірі бизнестің өзара келісімі мен түсіністігі арқасында тұрғызылған жаңа клиниканың қоғамдық-әлеуметтік мәні мен маңызына ешқандай баға жетпейді. Орталықтың басты мақсаты – тек көз ауруларын емдеу мен оталар жасау ғана емес, сонымен бірге аталған дерттің алдын алу мәселелеріне де кең өріс ашу және профилактиалық жұмыстарды одан әрі жандандыру болып отыр. Мұндағы басты ұстаным емдеу сапасын жақсартуға және біліктілік пен кәсіби шеберлікті көтеруге бағытталған.
Республика аймақтары арасында теңдесі жоқ сәні мен сәулеті келіскен зәулім орталық құрылысы небәрі бір жыл екі айдың ішінде аяқталған. Жобаға инвестордың қосқан үлесі 4 миллиард теңгеге жуық.
Мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде аяқталған орталық құрылысы Тәуелсіздік мерекесі күніне арналған тарту болды. Осындайда жарайсың Ғалымжан, Ресейде Федоров клиникасы болса, Қазақстанда Елеуов клиникасы неге болмасқа дегің келеді еріксіз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ