2014 жылғы желтоқсаннан бастап Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы Біржан сал есімімен аталу мәртебесіне ие болды. Бұл Көкше жұртшылығын ғана емес, дүйім жұрттың көкейінде жүрген әфсана арманның жүзеге асқандығын айғақтайтын маңызды құжат саналады. Елімізді игі сілкіністерге бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты жемісі аудан тұрғындарын алақай желпініске түсірді.
Осы орайда, ел тілегінің орындалуына бас басылым «Егемен Қазақстанның» жаршы болғандығын да атай кеткен лазым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап газет бетінде аудан атауына қатысты мәселелер үзбей жарияланып келді. Елбасының өңірге сапары барысында ауданға арнайы ат басын бұрып, Біржан салдың мемориалдық кешенінде ақын есімін ауданға беру туралы әңгіме қозғалғаны газет оқырмандарының есінде. Бұл 1995 жылдың жаймашуақ көктемі еді. Көп ұзамай «Егемен Қазақстанның» бетінде редакция алқасының мүшесі, белгілі журналист Әділ Дүйсенбектің «Біржан аты сұранып тұр» деген мақаласы жарық көрді. Осыған байланысты оқырмандардардың ой-толғамдары «Біржан елін биіктен іздеңіздер» атты топтамамен беріліп тұрды. Пікір алуандығының бір парасы ретінде «Еңбекшілдер» атауының өзі сөз құрау тіркесімізге қабыспайтындығы тілге тиек етілгендігін атай кетсек дейміз.
Бас басылымның жұртшылықпен жүздесіп, көшпелі мәжілістер құратын игі дәстүрі бар. Жыл сайынғы кездесулерді былай қойғанда, 2014 жылы газеттің 95 жылдығына байланысты «Егемен Қазақстанның» Біржан еліндегі күндері өткізілді. Сапарнама жарияланымында ауданға Біржан сал аты берілуі басты тақырып ретінде көтерілгені жұртшылық көңілінен шықты. Біте қайнасқан ынтымақты байланыс жалғаса түсуде.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шарапаты Көкше жұртын бұған дейін де қуанышқа бөлеген. Биыл өңірдегі таңдаулы тәлім ордалары Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Ақан сері атауларына ие болды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан» газетінің ардагері, Қазақстан Республикасы баспасөз саласының үздігі
Ақмола облысы