Аңызақ жел мен құм суырып соққан долы дауылдың өзі жазық кеңістіктің бетін айғыздап, онсыз да құрғап жатқан жерді одан сайын кептіріп жібергендей. Бір кездері шалқып жатқан теңіз сағымға айналып, сары даланың сиқы тым көмескіленіп, аянышты халге жеткені жасырын емес еді. Сондықтан мұны бір ғана мемлекеттің емес, барша адамзаттың проблемасы деу керек.
Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Арал проблемасына айрықша назар аударды. Экологиялық апатты аймақ мәселесін жан-жақты талдау үшін Қызылордаға бес мемлекеттің басшыларын шақырып, алғаш рет Арал проблемасын халықаралық деңгейде талқылады. Арал қасіреті – күллі әлемнің қасіреті екеніне жер жүзін мекен еткен ұлт пен ұлыстың көзін жеткізіп, оның арнасына су толып, сауықтыруға көп күш-жігер жұмсады. Сол кезде егемендігін енді ғана еншілеген елдің бұдан өзге де қиындықтары көп еді. Алайда Елбасы ондаған жылдар бойы түйіні тарқамаған түйткілді шаруаны шешуге білек сыбана кірісіп, жалпы жұртты осы жолда жұмыс істеуге шақырды.
Жарты ғасырға жуық экологиялық апат шеңгеліне түскен Орталық Азияның салқын сабатты айдынының құрғаған ұлтаны 4 миллион гектардан астам аумақты құрады. Әмудария мен Сырдарияның сағасы құрғап-кеуіп, қайраңдарды барқан құм басты. Теңіз табанынан ұшқан тұзды шаң құрлық асып, Еуропаға жетті. Ел үдере көше бастады. «Бүкіл дүние жүзін елең еткізген Арал теңізінің тартылуы, оның жағасын мекен еткен халықтар үшін өте ауыр болды. 90-жылдары судың тартылуы, тұздылығының көбеюіне байланысты аулап жүрген балығымыз бәрі жоқ есебінде еді. 1984 жылдары даниялықтардың бастамасымен Арал теңізіне камбала деген балық әкелініп жіберілді. Сол өсіп, камбала ауланды. Ол да бір несібе болды. Бірақ судың ащылығына олар да төзбейтіндей жағдайға жетті. Жұрт не істерін білмей абдырап қалды. Содан жаппай көшу басталды. Біз де сол көшке ілесіп, қоныс аудардық. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін САРАТС жобасының бірінші кезеңі басталды. Соның нәтижесінде Аралға су келді. Кіші Арал суға толды. Сумен бірге балық келді. Яғни ата кәсібіміз қайта жанданды. Өшкеніміз жанып, өлген Аралымыз тірілді. Міне, осы қуанышты хабарды естіген біз, жырақта жүрген аралдық балықшылар қауымы кіндік қанымыз тамған жерге, сүйікті мекенімізге қайта оралдық», дейді Мінәжат Биманов. Яки, Елбасы атамекенінен ажырап қалған жұртты өз шаңырағына қайта оралтты десек, ешқандай артық емес.
Буырқанып тасыған теңіздің етегі Арал қаласының іргесінде жататын дейді байырғы тұрғындар. Елбасының тікелей пәрменімен өмірге келген «ғасыр жобасының» ғаламат нәтижесі – теңізді қолдан бөгеуге де қауқар барын көрсетті. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы шеңберінде салынған Көкарал бөгеті 2006 жылы аяқталды. 13 шақырымдық тоспа кіші теңізді – «өлі теңізден» бөліп алды. Осылайша судың деңгейі көтеріліп, тұздылығы төмендеп, балық өрісі жанданды. САРАТС – сенімді ақтады.
– Егемендіктің елең-алаңында Қызылорда облысын тарату керек, Аралдың халқын басқа аймаққа көшіру қажет деген мәселе көтерілді. Осы мәселе Нұрсұлтан Әбішұлына да жетті. Сол кезде қалай болады деп алаңдадық. Үн қостық, пікір айттық, ұсыныс білдірдік. Міне, соған Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған жоқ. Көрегендік жасады. Қазір 2005 жылдан бері Арал ауданының өзінде көп жұмыс атқарылды. Елбасы 2005 жылы біздің ауданға келгенде бұлақ суының құлағын өзі ашып, іске қосып еді. Бүгінде Арал, Қазалы ауданының орталығын есептемегенде, барлық екі ауданның елді мекендеріне таза су барды. Бұл экологиялық апаттың зардабын көрген халыққа көп көмек болды», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәкірат Дәрмағамбетов.
Кезінде сапалы тұрмыс іздеп кеткен көп отбасы Тұран ойпатындағы туған жерге қайта оралды дедік. Қазір сол бұрынғыдай шалқар шаһардың маңын толқын шайып жатпаса да, кемеріне келер күн жақын. Өйткені Арал қаласынан 150 шақырымға шегініп кеткен жағалау қазір 17 шақырым жерге дейін жақындап қалды. Ғаламат жоба аясында теңізден бөлек аймақтағы 158 көлдің арнасы толды. Әлеумет ата кәсібін қайта қолға алып, аймақ үдемелі дамудан енші алардай еңселі күйге жетті. Оның дәлелі ретінде балықты терең өңдейтін бірнеше зауыттың Арал өңірінен ашылуын айтуға болады.
Қазіргі таңда Арал айдынынан балықтың 23 түрі ауланады. Теңізден ауланатын балықтың үштен біріне жуығы, яғни 3 мың тоннасы Еуропа елдеріне экспортталады. Бұл – ата кәсібімен қайта қауышқан елдің табысын молайтуға сеп болуда. Ел сенімін еселеген САРАТС жобасының 2-ші кезеңі бар. Оның аясында теңіз тоспасының деңгейін тағы көтеріп, кіші теңіздегі су маржандарының тіршілігіне қолайлы жағдай жасау басты меже. «Қызыл кітапқа» енген Арал қаязы қазірдің өзінде Кіші теңіздің әр тұсынан байқалып қалады екен. Кіші теңіз әлі де тола түссе, тұщы суда басқа да балық түрлері көбеюі бек мүмкін деп болжайды мамандар.
Елбасының Сыр өңіріне әр сапары тарихи оқиғаларға толы. Мәселен, 2005 жылы Елбасы Сыр өңіріне сапары барысында Арал-Сарыбұлақ ауыз су құбырын өз қолымен іске қосты. Бұл – аралдықтардың ең мерейлі шағы еді. Талай жылдар бойы дарияның суын тұндырып ішкен тұрғындардың көңілінен үміт сәулесі сығалаған сәт осы. Бүгінде әр үйге кірген таза су әр шаңырақтың шырайын кіргізіп, тұрмысын жеңілдетуге сеп болғаны сөзсіз.
Қазақ даласында Каспий, Арал теңіздері мен Балқаш көлі секілді келісті сулы алаптары ерекше ихтиофаунаға ие. Бүгінде Тұран ойпатының көгілдір алқасы саналатын Аралға күллі әлем назарын тігіп отырғаны рас. Осы ретте туризм индустриясының да алға жылжығаны байқалады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолдарының салынғаны халыққа үлкен қатынас жасап, түрлі тауарларды тасуға, адамның өзінің қатынауына көптеген жеңілдіктер туды. Осының бәрі Елбасының жасаған үлкен жақсылығы. Арал ауданы емес, жалпы Қазақстан халқына көрсеткен қамқорлығы. Соның ішінде Аралға арнайы көңіл бөлгендігі бізді ерекше қуантады, – дейді Арал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбай Садықов.
Мемлекеттік қолдау мен жаңа технологияның арқасында Аралдағы тұз өндірісі жаңа сатыға көтерілді. Мұндағы Тұздыкөл 90 жыл бойына түгесілген емес. Ол – Жақсықылыш ауылы маңындағы ақ алтынның кеніші. Ғасырға жуық қазылса да табиғи байлық қоры өздігінен толыға түскен. Бұл жерден жылына 400 мың тоннаға дейін тұз қазылады. Шикізат тәулік бойы тынбайтын үш цехта өңделеді. Соның екеуі ең озық дейтін испандық технологиямен жабдықталған.
Жаһандық экономикадағы қиындықтар өндірістің өрлеуіне тұсау бола алмады. Зауыт былтыр полимер, биыл тұз өңдеу цехтарын іске қосты. Жұмысшылар саны артып, мыңнан асып кетті. Аралдың табиғи кен байлығын ұқсатудағы ұтымды бастаманың енді бірі – еліміздегі алғашқы кальцийлендірілген сода өндірісінің қолға алынуы. Тың жоба арқылы бұл өнімге импорттық тәуелділікті екі есеге дейін азайту көзделген. Жоба жүзеге асса, Арал маңында жыл сайын 300 мың тоннаға дейін кальцийлендірілген сода шығарылады. Жаңадан 700 жұмыс орны ашылады.
Тың бағытқа түрен салған «Жезқазған – Сексеуіл – Бейнеу» темір жолы аймақтың әлеуетін әлдендіре түсті. Елбасы іске қосқан жаңа шойын жол желісі, әсіресе Арал маңындағы Сексеуіл елді мекенінің серпілуіне дем берді. 1200 шақырымдық болат жолдың бойындағы ең ірі стансаның бірі – Сексеуіл елді мекені. Арқа мен Сырдың арасын жалғаған төте жолдың 272 шақырымы Қызылорда темір жол бөлімшесіне берілді. Осы аралықтың өзінде 6 жүк бекеті салынып, жаңа жұмыс орындары ашылған. Мамандарға арналған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың да қатары көбейіп отыр. Аралдықтар отандық газдың да игілігін көруде. Көгілдір отынға қол жеткізу аралдық ағайынның талай жылғы арманы еді. 30 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы газдандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Жалпы, бүгінде Сыр өңірінің 63 пайызы табиғи газға қол жеткізді. Аймақты газдандыру жұмыстары әлі де жалғасуда.
Ширек ғасырда еліміз аяғынан нық тұрып, әлемге таныла білді. Ал елмен еншілес дамыған Арал өңірінің де межелі мақсаты айқын. Аймақтың бүгінгі даму деңгейі соның дәлелі деуге негіз бар. Елдің еңсе тіктеуіне Елбасының сіңірген еңбегі өлшеусіз. Тәуелсіздік жылдарында Арал ауданында Нұрсұлтан есімді ер балалардың көбеюі аймақ халқының Елбасына деген ыстық ықыласы мен шексіз құрметі деп білген жөн. Бүгінде Арал ауданында Елбасымен аттас 98 өрен желкілдеп өсіп келеді. Олар ертеңіне сеніммен қарайтын, еңсесі тік, бақытты буын. Уақыт көшімен бірге қарыштап дамыған елдің дарынды өрендерінің арманы да асқақ болары анық.
Елбасы Қызылорда өңірін әрдайым назарында ұстап, жұмысын жүйелі бақылап, тыныс-тіршілігімен танысып отырады. «Сыр – Алаштың анасы» деп құрмет білдіруінің өзі қызылордалықтардың жүрек төрінде тұратын сөзіне айналды. Осының өзінен-ақ Мемлекет басшысының Сыр өңіріне айрықша ықыласын байқауға болады. Ал мұндай құрмет пен ықылас қызылордалық ағайынның болашаққа деген сенімін арттыра түседі.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы,
Арал ауданы