Аталған шараны өткізудегі басты мақсат – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында еліміздің кешегісі мен бүгінгісін түгендеп, болашаққа бағдар жасау. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі келбетін қалыптастырған құндылықтар және кешегі мемлекет құрудағы «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің қадамдары ақындар жырларына өзек болды. Әсіресе Алаш арыстарының ісіне тарихи баға беру арқылы олардың өскелең ұрпаққа қалдырған өсиеттерін насихаттауға, жас ұрпақ бойына патриоттық тәрбиені сіңіру жайына және де ұлттық құндылықтар мен рухани мұраларды ашып көрсетуге ерекше мән берілді. Бұл ретте ақындар қазақ тарихында өшпес із қалдырған қайраткерлерді де жырларына арқау етті. Мүшәйраға жасы 16-дан асқан ақындар қатысып, өздерінің бақтарын сынап көрісті. Ең басты шарт, ақындар өз өлеңдерін бұрын еш жерде жарияламаған болуы тиіс және тәуелсіздікке арналған болуы шарт. Ал шығарма көлеміне ешқандай шек қойылған жоқ. Сонымен қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Күләш Нысанбек жеңіп алды. Бірінші орын Көкен Шәкейұлы атындағы ақындар мектебінің шәкірті Қарашаш Ұғыланға бұйырса, екінші орынды «Бурабай» колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Серғазы Қайырболды иеленді. Үшінші орынды Көкен Шәкейұлы атындағы ақындар мектебiнiң шәкiртi Думан Самат иеленіп, айтулы ақындар мектебі қатысушыларын тағы бір қуантты. Қатысушылардың барлығы да бағалы сыйлықтармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы