Облыс орталығындағы №35 «Ертөстік» балабақшасында өткен «Асық party» ойынына басқа балабақшалардан келген 360 бала қатысты. Асықтарды денешынықтыру сабағында емес, айналамен танысу, тіл дамыту, математика сабақтарында да қолданады. Дойбыны ақ және қара түсті асықтармен ойнайды, сандарды алып-қосуды да түрлі-түске боялған асықтар орнатылған есепшоттар арқылы меңгереді. Тәрбиешілер халықтық педагогиканың әдістерін қолдануды жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді.
Бұдан кейін облыс орталығындағы №10 Абай атындағы мектеп-лицейде қалалық білім бөлімі мен «Алтын сақа» бастамашыл тобының ұйымдастыруымен оқушылар арасында Асық ату ойынынан қалалық турнир өтті. Ұйымдастырушылар жарысты асық ойынының түрлеріне сай бөлді. Мысалы, құмар ойынға 2-4 оқушыдан қатысты. Ойыншылар кезек-кезек төрт асықты иірді. Иіруші төрт бүк, төрт шік, төрт алшы, төрт тәйке түсірді де, жүлденің жартысын алды. Екіншісінде, төрт асық төрт түрлі түсті, яғни тігілген жүлдені түгелдей алды. Жүгіресің, секіресің, терлейсің, көздейсің, тигізесің, ерегісесің, жеңесің, жеңілесің, ұтасың, ұтыласың. Бәсеке. Шеберлікке, мергендікке, батылдыққа тәрбиелейді.
Жалпы, турнир өткен Абай атындағы №10 лицей-мектебінде жылдар бойы оқушылар асық үйірмесіне қатысып келеді. Турнирге қатысқан 11 мектептің арасынан 1-орынды №35 Қабдыкәрім Ыдырысов атындағы мектеп оқушылары иеленді. Ал 2-орын Абай атындағы №10 лицей-мектебі, 3-орынды «Жас дарын» мектебінің оқушылары жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен, ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталды.
Оқушыларға асық ойынын кәсіби түрде үйретіп жүрген Ақсу қаласына қарасты Жамбыл орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі Жиенхан Қаманайұлы «Асық party» жобасын жалғастырмақшы. Жиенханның айтуынша, асық ойынының 80-ге тарта түрі бар екен. Қазір шеңберге асықты тізіп, бір ғана түрімен ойнайды. Ал үйірмеге келетін Жиенханның оқушылары асық ойынының ату, қағу, құмар, ат жарысы, ханталапай, бес асық, ұту деген түрлерін үйренуде.
– Сондықтан асық ойнау жобасы басталғаны дұрыс. Енді бізге ойын түрлерінің бірыңғай стандартын бекітіп, ережесін жасау керек. Екіншіден, әрбір жарыс, турнир өткенде осы ережеге бағыну қажет, – дейді Жиенхан Қаманайұлы.
Ол айтып отырған жобаны жергілікті «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары Жұмабек Сманов жазған-ды. Әлеуметтік желіде тараған асық ойыны жобасы жайлы ақпарат балабақшаларға да жетті. Яғни «Асық party» интернет жобасы ой салды деген сөз. Осыдан кейін облыстық «Ертіс Медиа» ЖШС, «Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбішев бастаған өңірлік БАҚ өкілдерінің тілшілері қолдап, жоба бастаған-ды. Балабақшаларда балаларды ұлттық ойындармен таныстыру, асық ойнаудың түрлеріне, халқымыздың салт-дәстүрлеріне олардың қызығушылығын ояту мақсатына орай көтерген жобаның ұсыныстарын ата-аналар, балабақшалар ұжымы қолдады.
Жобаны қолдаушылардың бірі облыстық мәдениет және құжаттар, архивтер басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтің айтуынша, өңірімізде тоғызқұмалақ ойыны барлық мектепте ойналады, жыл сайын аудандық, облыстық жарыстар өтеді. Қызығушылық басым, ұлттық ойынға деген құмарлық бар. Сондықтан алдағы уақытта мектептер мен балабақшаларда асық ойынын үйрететін үйірмелердің санын көбейтетін болсақ, бұл ойынды да тоғызқұмалақ ойынының деңгейіне жеткізе аламыз, – дейді «Алтын сақа» бастамашыл тобының жетекшісі Асыл Әбішев.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР