Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2017

Тәуелсіздік күні Батыс Қазақстанда 95 нысан пайдалануға берілді

608 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Орал қаласында «Рухани жаңғыру» музейі ашылды. №4 мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. 180 пәтерлік 9 қабатты үй тапсырылып, су жаңа тұрғындар Тәуелсіздік мерекесін қоныстоймен жалғастырды.

Тәуелсіздік күні Батыс Қазақстанда 95 нысан пайдалануға берілді

Фото: Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Мұндай қуаныш облыс орталығында ғана емес, өңірдің әр аудан-ауылдарында да болып жатты. Өйткені, дәл осы күні Батыс Қазақстан облысы бойынша 95 нысан пайдалануға берілген. Мәселен Орал қаласындағы 180 пәтерден бөлек, аудан-ауылдарда 157 отбасы баспаналы болды. Барлығы - 77 үй тапсырылды.

- Осыдан үш жыл бұрын №4 мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізбек болған едік. Бірақ әбден тозығы жеткен бұл ғимаратты жөндегеннен гөрі жаңадан қайта салған жөн деп шештік. Міне, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қор қаржысына салынған мектеп ең ұлы мереке қарсаңында пайдалануға берілгелі отыр. Осы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Орал қаласының өзінде 4 мектеп салынып жатыр. Осы бағдарлама аясында білім саласы бойынша бойынша өңірде барлығы 24 нысан салынуда. Мемлекет білімді ұрпақ тәрбиелеп өсіру үшін бар жағдайды жасап келеді. Педагогтар қауымы алаңсыз білім берумен ғана айналысуы қажет, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов №4 мектептің ашылу салтанаты кезінде.

Мектеп ғимараты 300 оқушыға арналған. Білім ордасының директоры Мәулен Ділмағанбетовтің айтуынша, қазір мұнда 333 оқушы тіркелген. Ғимарат 3 корпустан тұрады, барлық құрал-жабдығы қамтылған. Мұнда сабақ бір кезекте оқытылып, қосымша білім беру орталығы жұмыс істемек.

Орал қаласының бас көшесі бойында 1893 жылы салынған тарихи ғимаратта ашылған музейге «Рухани жаңғыру» атауы берілді. Елдегі ең үлкен рухани жаңғыру, ерекше бетбұрыс кезінде ашылып отырған музей ғимаратын жөндеуге бюджет қаржысы жұмсалмаған. Ол жұмысты «Kaz Construction Group» компаниясының бас директоры Мұратбек Мұxамедиев көтеріп алған екен. «Мұның өзі Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үлкен-кіші, халық болып қолдап отырғанын көрсетеді» деп атап өтті өңір басшысы.

Музей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында БҚО әкімдігінің басшылығымен БҚО мәдениет, арxивтер және құжаттама басқармасы қолдауымен, БҚО тариxи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ашылған. «Руxани жаңғыру» музейі «Батыс Қазақстан облысының киелі жерлері», «Ұлттық баспасөз тариxы», «Батыс Алаш Орда тариxы» және «Жаңарған өлке» атты төрт экспозициялық залдан тұрады.

Музейдің ашылу салтанатында сөз алған мәдениет саласының ардагері Ж.Ақбай Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында республикада ашылып отырған алғашқы музей екенін атап өтті.

Тәуелсіздік мерекесі күні Батыс Қазақстан облысында барлығы 8 әлеуметтік нысан ашылды. Олардың екеуі – білім беру нысаны, үшеуі – мәдениет нысаны, және 3 спорт нысаны. 7 ауылға орталықтандырылған таза ауыз су жеткізілді. Сонымен қатар Зеленов ауданында «Менің елім» монументі бой көтеріп, Қаратөбеде кәсіпкерлер үйі мен мал сою бекеті ашылды. Шыңғырлауда аудандық тарих және өлкетану музейі ашылды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»