Аймақтар • 17 Желтоқсан, 2017

Өскеменде жаңа әліпбиді оқып-үйрену орталығы ашылды

381 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің айтулы мерекесі Тәуелсіздік күніне орай Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада қазақ тілінің жаңа әліпбиін оқып-үйрену орталығы ашылды.

Өскеменде жаңа әліпбиді оқып-үйрену орталығы ашылды

Қалалық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Сергей Коротиннің демеушілігімен есігін айқара ашқан орталықтың лентасын «Қазақ тілі» бірлестігінің төрайымы Роза Дәуітова мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков қиды. О.Чугунков орталықтың ашылуы мемлекеттік деңгейдегі маңызды реформаны жүзеге асырудың алғашқы қадамдарының бірі екендігін атап өтті. «Орталық қажетті материалдық-техникалық құралдармен толық жабдықталған. Оқулықтарды, 1929-1939 жылдары латын қарпінде жарияланған кітаптар мен мақалаларды осы жерден табуға болады. Жаңадан ашылған кабинеттің ең алғашқы келушілері халыққа латын қарпін үйрететін ұстаздар қауымы болады деп ойлаймыз», - дейді кітапхана қызметкері Әсел Омарова.

Шара барысында жаңа әліпбимен таныстыратын алғашқы бейнежазба сабағы өткізілді. Бейнежазба сабағын Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова жүргізді.

Жаңа әліпбиді оқып-үйрену орталығында пайдаланушыларға кітаптар мен интернетті ақысыз пайдалануға болады. Кітапхана қызметкерлері алдағы уақытта түрлі сала мамандары үшін онлайн кеңестер мен сабақтар ұйымдастырылатынын айтады.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН