«СҚ-Фармация» ЖШС 2009 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасындағы фармацевтикалық саланың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алуды бір жерге шоғырландыру жолымен фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мақсатында құрылды. ЖШС негізінен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің аясында дәрілік заттарды сатып алу мен жабдықтаушыларды қамтамасыз ету бағытында бірыңғай дистрибьютордың қызметін атқарады. Сондай-ақ, ол «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның құрылымына кіреді. Біздің сұхбаттасымыз – «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Сыздық БАЙМҰҚАНОВ компанияның құрылған күнінен бастап бүгінге дейінгі жеткен жетістіктері, алға қойған мақсат-міндеттері жөнінде әңгімелейді.
– Сыздық Асылбекұлы, сіз басшылық ететін компанияның құрылғанына біршама уақыт өтті. Яғни, «СҚ-Фармация» ЖШС өзін бірыңғай дистрибьютор ретінде танытқан кезеңде жеткен жетістіктер мен қордаланған мәселелер төңірегінде әңгіме қозғайық. Алғашқы сәтте жұмысты неден бастадыңыздар? Жылт еткен жаңалықты қатардағы шенеуніктер мен стационарлық мекемелердің басшылары қалай қабылдады? – Әңгімемізді әріден басталық. Қазақстанда бірыңғай дистрибьютор пайда болғанға дейін, дәрі-дәрмектермен, медициналық бағыттағы бұйымдармен (ДД және МББ) және медициналық техникамен қамтамасыз ету жүйесі кепілдендірілген тегін дәрігерлік көмек көрсету көлемі шеңберінде жеке жүргізілді. Яғни, бюджеттің қаражаты орталық, аймақтық және жеке меншік клиникалар арасында бөліске түсті. Оның үстіне диабет, онкологиялық ауытқулар, құрт сияқты әлеуметтік маңызы бар ауруларға қатысты препараттық жабдықтаулардың 20 пайызы ғана республикалық деңгейде сатып алынды. Сонымен бірге, вакцина сатып алу да орталықтандырылған желіде жүргізілді. Дәрі-дәрмектердің негізгі бөлігін, яғни, 60 пайызын – аймақтық әкімдіктер, ал 20 пайызын – денсаулық сақтау мекемелері сатып алды. Жасыратыны жоқ, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде осындай орталықтандырылған жүйенің тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде істің нәтижесі мен сапасын төмендеткен осал тұстары да болды. Біріншіден, аймақтар бойынша бағаның тұрақсыздығы байқалды. Тіпті, бір облыстың медициналық мекемесіндегі сандар бір-біріне өзара сәйкес келмеген кездері де бар. Бұл мәселеге дәрі-дәрмек өндірушілер, денсаулық сақтау басқармалары және стационарлар арасындағы делдалдар санының көптігі әсерін тигізді. Арадағы осындай делдалдардың араласуымен аймақтардағы дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтардың сатылу бағасының айырмашылығы 100 немесе одан да жоғары пайызды құрауы мүмкін еді. Мәселен, республика бойынша орташа есеппен дистрибьютор компаниялардың бірінші маржасы шамамен 20-30 пайызды құрады. Дәріханалардың дәрі-дәрмектерді қымбаттатуы да – соншалықты. Осының нәтижесінде соңғы тұтынушы дәрі-дәрмектерді және медициналық бағыттағы бұйымдарды шамамен 60 пайызға дейін қымбат бағамен сатып алды. Сонымен қатар, ақпараттық-логистикалық жүйеде нәтижеліліктің болмауынан да жағдай қиындай берді. Әрине, дәрігерлік мекемелерді дәрі-дәрмектермен және құрал-жабдықтармен дер уақытында қамтамасыз ету үшін ақпараттық-логистикалық жүйенің атқаратын рөлі зор. Екінші қиындық – дәрі қоймалары мен медициналық ұйымдарда дәрілік препараттардың сақталуы мен пайдалану тәртібіне қатысты тиісті бақылау жасалмады. Соның салдарынан дәрі-дәрмектер өздерінің фармакологиялық қасиеттерін жоғалтты. Өкінішке қарай, осы тұста отандық дәрі-дәрмек өндірушілерге сенімсіздікпен қарау сияқты посткеңестік кезеңнің кейбір мәселелері туындады. Сөйте келе, «импорттың барлығы сөзсіз керемет» деген пікір қалыптасты. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бағыттағы бұйымдарды мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық мазмұнның көрсеткіші төмен болғандықтан, денсаулық сақтау саласындағы бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері отандық дәрі өндірушілерді ынталандыра алмады. Сонымен қоса, халықаралық деңгейде өнім өндіретін компаниялар үшін халық аз шоғырланған және медициналық ұйымдар бір жерге топтастырылмаған қазақстандық фармакологиялық нарық тиімсіз болып саналды. Сондықтан да, арадағы делдалдармен ғана жұмыс істеген халықаралық компаниялар аз көлемдегі партияларды біздің нарыққа жеткізуге қызығушылық танытқан да жоқ. Ал Қазақстан Үкіметі бірыңғай дистрибьюторлық жүйе құру туралы шешім қабылдаған кезде кепілдендірілген тегін дәрігерлік көмек көлемі шеңберінде барша қазақстандықтарды әрі сапалы, әрі қолжетімді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді негізгі мақсат етті. Дегенмен, жылт еткен жаңалыққа жұрттың қай кезде де сенімсіздікпен қарайтыны белгілі емес пе? Бірыңғай дистрибьюторлық жүйе құрылғанда да алғашында осындай жағдай туындады. Алайда, бастапқы кезде Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен және белсенді жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біз бұл сенімсіздікті жеңдік. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде осынау күрделі жобаны жүзеге асырдық. Яғни, Қазақстанда дәрі-дәрмектермен халықты қамтамасыз етудің жаңа, неғұрлым ұйымдасқан және өркениетті жүйесін іске қосуға болатынын дәлелдеп бердік. Арада біраз уақыт өткенде отандық медициналық ұйымдар да бірыңғай дистрибьюторлық жүйенің барлық тиімді, үздік қырларын мойындап, жоғары бағалады. – «СҚ-Фармация» ЖШС-нің отандық фармакологиялық нарыққа тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатымен келгені мәлім. Яғни, әділ бәсеке болған жерде жеңіл жолмен табыс тауып келген делдал компаниялардың жолы кесілетіні белгілі. Сіздер ондай делдал компаниялармен қалай күресіп, қалай келісімге келдіңіздер? – Біздің компания 2009 жылы ел Үкіметінің қаулысымен және 100 пайыздық үлесімен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның бір құрылымы ретінде пайда болды. Бірыңғай дистрибьютордың негізгі міндеттерінің бірі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде бюджет қаражатын үнемдей отырып, барлық дәрігерлік мекемелерге арналған дәрі-дәрмектерге бірдей баға саясатын ұстану жолымен ел тұрғындарын дер уақытында әрі нәтижелі, әрі сапалы дәрі-дәрмектермен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен бірге, біздің тағы бір міндетіміз – шынайы бәсекеге қабілетті отандық дәрі-дәрмек өндірушілерді қолдау және ынталандыру. Белгілі бір қиыншылақтарға қарамастан, біз 2010 жылы бірыңғай баға саясатын қалыптастырып, стационарлық мекемелерге дәрі-дәрмектерді белгіленген мерзімде және тиісті сапамен жеткізіп беруге мүмкіндік алдық. Отандық дәрі-дәрмек өндірушілерге қатысты айтсақ, бүгінгі таңда жалпы сомасы 30 млрд. теңгеден асатын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ал, өнімдерді сатып алу барысындағы бюджет қаражаттарының шығыны 30 пайызды құрады. Әрине, алғашқы кезде компанияның қалыптасып, екі аяғын тең басуы үшін бірқатар қиындықтардың болғаны рас. Мысалға, дженерик дәрі-дәрмектерді сатып алу барысында олардың сапасы бастапқы дәрілердің сапасымен сәйкес келмейді деген айыптаулар болды. Осыған орай, біз дженерик сатып алсақ, оның шын мәніндегі әуелгі дәрі-дәрмектің көшірмесі екенін және одан ешқандай айырмашылығы болмайтынын бірнеше мәрте түсіндірдік. Сонымен бірге, бұл жерде бірыңғай дистрибьюторлар сатып алған барлық дәрі-дәрмектер Қазақстанда пайдалануға рұқсат беретін тіркеуден өтіп, Ұлттық сараптама орталығында тексерілетінін естен шығармаған абзал. Бүгінгі таңда біздің жүйелі жұмысымыздың нақты нәтижесі көрер көзге анық байқалып тұр. Өйткені, дәрі-дәрмек нарығындағы үдерістерге қатысушылар бірыңғай дистрибьюторлық жүйенің артықшылықтарына, соның ішінде ең бастысы ашық, шынайы бәсекелестік ортаны қалыптастыратынына, дәрі-дәрмек сатып алудың тиімді іс-шараларын жүргізетініне көз жеткізді. Өнімдерді сатып алу тәртібін қайтадан қарастырған кезде Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының (ДДҰ - Ә.Ә) озық тәжірибесі есепке алынды. Яғни, ол тәжірибе бойынша, бастапқыда препараттар сапасы бойынша, содан соң бағасы бойынша таңдап алынады. Сатып алудың екі кезеңінде біз де жоғарыдағы үздік тәжірибені қолданып отырмыз. Бірінші кезеңде өнімнің жоғары сапасы мен әлеуетті дәрі-дәрмек жеткізушілердің біліктілік талаптарына сәйкестігі тексерілсе, ал екінші кезеңде бағаны төмендетуге арналған аукцион өтеді. Ескертулер туындай қалған жағдайда, компаниялар қосымша түсіндірмелер бере алады. Сөзімді түйіндей келе айтарым, дәрі-дәрмек сатып алуға тапсырыс беретін компаниялардың 95 пайызы бірыңғай дистрибьютордың аукционына қатысатын мүмкіндік алды. Яғни, «СҚ-Фармация» ЖШС отандық дәрі-дәрмектер нарығына енуі арқылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында көптеген делдалдарды ығыстырып, халыққа қолайлы жағдай туғызды. – Өткен екі жылдың ішінде сіз басқаратын компания қандай айтулы табыстарға қол жеткізді? – Екі жылдың ішінде ең негізгі мәселе – дәрі-дәрмектер мен медициналық бағыттағы бұйымдарды халыққа жеткізудің нәтижелі логистикалық жүйесін қалыптастырдық. Қазіргі кезде компанияның қоймаларында дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті. «СҚ-Фармация» ЖШС-нің сатып алу процесін күні бұрын жасайтыны жылдың басында стационарлық мекемелерді толық көлемде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, біздің компания отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамытудың салалық бағдарламасын жүзеге асыруға да белсенді қатысуда. Аталған бағдарламаға сәйкес, 2014 жылдың соңына қарай ішкі нарығымыздағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесі 30-дан 50 пайызға дейін көтерілуі тиіс. Алайда, мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізу үшін, бірыңғай дистрибьютордың көмегімен ұзақ мерзімдік келісім-шарттар жасалып, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндірушілерге жеңілдік берілуі керек. Яғни, отандық компанияларға жеңілдік жасау арқылы кепілдендірілген тегін көмек көлемін қамтамасыз етуіміз қажет. Бүгінге дейін бірыңғай дистрибьюторлар қазақстандық компаниялармен жалпы сомасы 30 млрд. теңгені құрайтын 10 ұзақ мерзімдік келісім-шарттар жасады. Сондай-ақ, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің отандық өнімдерді сатып алудағы үлесі қазірдің өзінде 50 пайыздан асып отыр. Бұл айтулы жетістік емей немене?!. Атап айтарлығы, еліміздің аймақтарына дәрі-дәрмектердің соңғы бағасының әртүрлі болып келетіні түп-тамырымен жойылды. Соның нәтижесінде мемлекеттің бұл салаға жұмсайтын шығындары да азайды. Бұлардың барлығын дәрі-дәрмектер мен медициналық бағыттағы бұйымдардың бірыңғай дистрибьюциясын құрудағы үлкен жетістіктердің бірі деп айтуға болады. Жалпы алғанда, біз қолданысқа енгізген жаңа жүйе дәрі-дәрмектерді халыққа дер кезінде жеткізуге, аймақтардағы сұраныстың тез өсуін жедел анықтауға және өзге аймақтағы артық қорды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретіндігімен ерекшеленеді. – Бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС-нің бүгінгі таңда алға қойған мақсат-міндеттері қандай? Сіз басқаратын ұжым қандай биіктерді бағындыруды көздеп отыр? – Біз жоғарыда ұзақ мерзімге жасалған келісім-шарттар жөнінде айттық қой. Отандық өнім өндірушілермен арадағы ынтымақтастық қарым-қатынастың нәтижесінде дәрі-дәрмек өндірісін жаңғырту бағытында инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Соның ішінде, отандық компаниялар алдағы 7 жылдың ішінде жаңа өндіріс орындарының құрылысын аяқтауға және тиісті өндірістік тәжірибе стандарттарына сәйкес жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жетілдіруге міндеттеме алды. Жаңа өндіріс орындарын пайдалануға бергеннен кейін бірыңғай дистрибьютор қазақстандық зауыттардан тек қана қазіргі заманға сай, халықаралық стандарттарға жауап беретін дәрі-дәрмектерді сатып алуды көздеп отыр. 2011 жылы халықаралық стандарттарды қолданысқа енгізген алғашқы өндіруші – «Алматы Нобель дәрі-дәрмектер фабрикасы» АҚ. Екіншіден, бірыңғай дистрибьютор мен отандық өнім өндірушілердің ұзақ мерзімдік ынтымақтастығы экспорттық әлеуеті зор жоғары технологиялық кәсіпорындар құруға жол ашады. Ал, бүгін жүзеге асырылған іс-шаралардың нәтижесінде 2014 жылға қарай елімізде сатылатын дәрі-дәрмектердің 50 пайызын отандық өндірушілер қамтамасыз ететіні сөзсіз. Импорттық дәрі-дәрмектерді тасымалдау және төтенше жағдайлар туындаған кезде еліміздің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Сонымен қатар, ұлттық экономикамыз үшін базалық артықшылық болып табылатын қосымша кәсіби жұмыс орындарын құру және отандық өндірістегі экспортты бағдарлау да аса маңызды. Айта кетейін, жергілікті атқарушы органдар өздері сатып алатын амбулаторлық дәрі-дәрмектермен жабдықтау мәселесі ерекше назар аударуды талап етуде. Өйткені, жекелеген және сатып алудың бұлыңғыр жүйесіндегі тапсырыстардың нәтижесінде аймақтық деңгейдегі бағалар бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынған бағалардан әлдеқайда қымбат. Сонымен бірге, қаражатты қайтарудағы бақылаудың бұлыңғыр жүйесі амбулаторлық сектордағы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету процесінің тежелуіне әкеліп соғады. Ал, дәріханалардағы дәрілердің жетіспеушілігі науқастарға қолайсыздық туғызатыны анық. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, индустриалдық елдерде науқастарды емдеу әдетте амбулаторлық деңгейде жүргізіледі. Осыған орай, стационарларды қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге бөлінген қаражаттың небары 30 пайызы ғана жұмсалады. Қалған 70 пайызы емханаларға жөнелтіледі. Қазіргі кезде біздің елімізде барлығы керісінше: дәрі-дәрмектердің 71 пайызы стационарларға жіберіледі, амбулаторлық деңгейде қалатыны – 29 пайыз. Осыған орай, «СҚ-Фармация» ЖШС емханалық бөлімді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді жақсарту бағытында бірнеше ұтымды ұсыныстар жасаған болатын. Мәселен, жергілікті бюджеттің есебінен сатып алынатын нарықта аз кездесетін, бағасы өте қымбат және ауыр емделетін науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді бірыңғай дистрибьютор республикалық бюджет шеңберінде сатып алатын дәрі-дәрмектермен алмастыруды ұсындық. Мұндай қадам амбулаторлық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудегі қаржыландыру үлесін арттыруға, сондай-ақ бірыңғай дистрибьютор арқылы қымбат бағалы дәрі-дәрмектерді ағымдағы мақсатты трансферттермен сатып алуға мүмкіндік береді. Ал, жергілікті деңгейдегі жұмсалмаған қаражат өзге дәрі-дәрмектердің қажетті көлемін жабуға мүмкіндік туғызады. Түптеп келгенде, бағаны тұрақтандыру және аймақтарда науқас адамдарды емдеуге аз шығын жұмсау барлық қазақстандықтарды әрі сапалы, әрі арзан дәрі-дәрмектермен қамтуға жол ашады.– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әмірлан ӘЛІМЖАН.