«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, ел тәуелсіздігі мерекесіне орай Ақтаудағы «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде 2000-2001 жылы туылған жасөспірімдер арасында дзюдодан Халық батыры Шотан Назарұлын еске алуға арналған III республикалық ашық турнир өтті. Турнирге Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары мен Шығыс Қазақстан облысынан және Қызылорда облысынан 250-ге тарта палуан қатысты.
16-17 желтоқсан күндері өткен, яғни екі күнге созылған сайыста топтық есепте Маңғыстау облысы бірінші орынды иеленсе, екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының, үшінші орынды Атырау облысының палуандары иеленді. Топтық сайыстағы 1-орын жеңімпаздарына 200 мың теңге, 2-орын иегерлеріне 100 мың теңге және 3-орын алғандарға 50 мың теңге қаржылай сыйлықтар табысталды. Ал, салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар медалдармен, алғыс хаттармен марапатталды.
«Шотан батыр тек бір рудың немесе өз ұрпақтарының мақтанышы емес, себебі ол тек өз ұрпақтары үшін басын қатерге байлаған жоқ. Сондықтан, батыр бабамызды еске алуға арналған республикалық турнирді ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлына, Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының президенті Самат Базарбайұлына, демеушілік жасаған «АктауBSстрой»,«Chem servise», «ҚазАзот» және «Нұр-жол құрылыс», «Ақ жол құрылыс», «Корпорация Каспий Строй Сервис» серіктестігіне, барлық қатысушыларға алғысымыз шексіз. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дегендей, қазақтың жігіттері ауызбіршілігіміз болып, жұдырықтай жұмылып, әркез бір-бірімізді қолдап жүрейік, дегім келеді, дейді «Халық батыры Шотан Назарұлы» қоғамдық қорының басшысы Әлібек Дүйсенов.
2017 жылы маңғыстаулық дзюдошылар Әлем, Азия чемпионаттарында және ел біріншіліктерінде жүлделі орындарға ие болды. Турнирде Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының президенті Самат Мұсабаев аталмыш спорт түрі бойынша 2017 жылды табысты қорытындылап, облыс мерейін өсірген спортшылар – Қазақстан чемпионатының чемпионы Кәмшат Қарасайқызына 2 000 000 теңгенің, Казақстан чемпионатының күміс жүлдегерлері Анна Казюлина мен Бауыржан Сағынғалиұлының әрқайсысына 1 000 000 теңгенің сертификаттарын табыс етті.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы