06 Ақпан, 2010

АУЫРҒАН ЖЕРДЕН ҚОЛ КЕТПЕС...

1545 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
(Бір кітаптан туындаған ой) Нұрағаң өз кітабын “Көрген жерден көз кетпейді...” деп атаған екен, маз­мұ­нынан туындап жатқан қонымды атауды қолдай отырып, “Ауырған жерден қол кетпейді...” деп сөз айттық. Өйткені, қазақша ойласақ, еңбек ауырған жерге дәл тиерліктей, қазақ қо­ға­мының арғы-бергісін білімдар­лық­пен қозғаған, ел басын­дағы жағдайды сауықтыруға тиісті шаралардың көзін тауып, сөзін айтқан еңбек! АУЫРҒАН ЖЕРДЕН ҚОЛ КЕТПЕС... Журналистика мен саясаттың шылбырын тең ұстап келе жатқан Нұрмахан Оразбектің “Көрген жерден көз кетпейді” ныспылы жаңа кітабын оқығанда көптен мұндай формасы тың, баяндау мәнері қоғамды талдауға барып ұласып жататын бесаспап кітапты оқымаған екенбіз деген ойға қалдық. Оқыдық. Қызықтық. Көңілге түйгенімізді көпке жеткізуге тәуекел етіп, үстелге отырдық. Бұл – алдымен журналистік кітап. Сөйте тұра, мемуарлық сипаты да бар. Оның өзі кітаптың жүрдек оқылып, жақсы қабылдануына септесіп отыр. Майталман журналистің кітабы – тұтас табиғатты еңбек. Формалық ізденіс молынан табылады. Қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы журналистің алақанында. Статистикалық есеп-қисап, қаулы-қарар, еліміздің саяси үдерісі – бәрі-бәрі журналиске еркін қызмет етіп жатыр. Әдетте журналист ағайын статистикалық есеп-қисап пайдалана қалғанда, өзі пайдаланып отырған аңғардан шыға алмай қалатыны болады. Нұрмахан Оразбек ондай қатардан емес. Алғы тұрғыда оның өз көзқарасы, өз дүниетанымы, содан туындайтын өз пікірі! Қалғанының бәрі журналистің өзіндік пікіріне қызмет ететін қосымша факторлар. Орыста ХІХ ғасырда Энгельгард есімді журналист өмір сүрген. Елдің экономикалық ахуалын тамыршыдай тап басып жазған ондай журналист ол кезеңде болған емес. Бәлкім, содан да шығар, ХІХ ғасырдағы орыс көркем әдебиетінің алтын ғасырын жасаған ұлы жазушылармен бірге ғасырларды аттап Энгельгардтың публицистік шы­ғар­маларының бүгінге жеткені. Оның публицистикалық кітабын оқысаңыз, ХІХ ғасырдағы Ресейдің экономи­ка­лық келбетін көргендей бо­ла­ты­ныңыз бар. Экономиканы талдау арқылы қоғамды қалай баянды етуге болады деген сұраққа жауап табуға болады. Қоғамға төнген, төнуі мүмкін барша қауіп-қатерлерді елдің эконо­ми­касын талдай отырып айтуға бола­ды екен. Бәлкім, кезінде Энгель­гардтың “Из деревни” публицистика­лық кітабына Карл Маркс, В.И.Ленин секілді жаңа қоғам ой алыптарының назар аударуы, тіпті В.И.Лениннің ар­найы мақала жазуы да оның шығарма­сының өмір­шең­дігін көрсетсе керек. Ал бізде қо­ғам­­дағы реформалық және рефор­ма­лануға тиісті мәселелер­ді қа­лам­гер емес, билік айтуы керек деген пенде­шілік пікір белең алғандай. Со­лай ойлай­тындарға Нұрмахан Ораз­бек­ұлының жаңа кітабын оқуды ұсынар едік. Нұрағаң өзінің жұлын-жүйкесі тұтас кітабында қандай мәселелер көтеріп отыр? Журналист әр жылдары іссапар­мен Қазақстанның әр шал­ғайын арала­ған. Редакцияға түскен шағым, арыз, тапсырманы бетке алып, түрлі ауыл бекеттерінде болған, объек­тісін зерттеп журналистиканың алуан жанрына табан тіреп материал жазған. Енді, міне, елі тәуелсіздік алған, неше түрлі реформа­ларды жасап жатқан шақта “темір тұлпарын” “жемдеп”, ерттеп мініп сапарға шығады. Өзі бала кезден бастап өмірдің әр белеңінде тағдыр айдап журналистік сапармен барған, көрген, тексеріп, зерттеп ма­териал жазған жерлерді егде шағында қайыра бір аралап көрмек, көзі тірі болса бір кездегі материалдарының кейіп­керлері­мен кездеспек, олар бү­гін­гі реформаға ілесе алып отыр ма, жоқ па? Міне, соны білмек, көзімен көрмек. Еңбекті тұтастырып, оған тың форма сыйлап, оқылықты кітапқа айналдырып тұрған да – осы идея. Бұл – Н.Оразбектің ізденімпаз қаламгер екенін көрсетеді. Кітаптың алғашқы бөлімі “Шығыс Қазақстан – Семей өңірі”, “Павлодар атырабында”, “Солтүстік Қазақстан”, “Кең жазық Қостанай аймағында”, “Ұлытау – Жезқазған өңірі – Қарағанды аумағы”, “Қызылорда, Оңтүстік, Жамбыл атырабы” деген секілді алты ішкі тараудан тұрады. Журналист жазбагер 2004 жылы Алматыдан автокөлікпен жолға шығады. Алғашқы жол бекеті етіп Шығыс Қазақстан өңірін алуында да мән бар екен. Өңірге студент журналистік практикадан өту үшін келген де, бірнеше ауданда, қалада болып материал жазған. Араға 43 жыл салып, кезіндегі ауылдар мен өндіріс ошақтарында болады. Ел аралаған сыншы болады деген­дей, қазақ жерін алты аймаққа жүйе­лей, бір қиырынан түсіп аралаған журна­лист өзіне көп сұрақ қойып, сол сұ­рақ­тарға өмір көрінісі, түрлі жолы­ғысу-ұшырасулар, елмен болған нақты-затты әңгімелер арқылы жауап береді. Оның ішінде ел жағдайы – әлеу­меттік мәселелер, жер жағдайы – экономика мен экология, ауыз су, жол, жұмыссыздық секілді толып жат­қан мәселелер оқиғаға орай кейде ащы, кейде жұмсақтау көтеріліп жата­ды. Кешегі кеңестік кезеңдегі өмір көрінісі мен бүгінгі тәуелсіз дербес ел тұсындағы өндіріс, тұрмыс өзара салыстырылып әңгімеленеді. Сол салыстыруға себепкер болатын жәйт – журналистің кезінде осы өңірлерден жазған түрлі материалдары. Кешегі күнге әлгі өзі жазған материалдарды бетке ала сапар шеккен қаламгер оны бүгінгі тұрмыс-тіршілікпен салысты­рып, елдің келешегі жайында ой ке­шеді. Өзінің кезінде жазған материал­дарына сын көзбен қараушылық бар. Қырық үш жыл бұрын Самар ауданы, “Жамбыл” колхозы тыныс-тіршілігі­нен “Бүгінгі ауыл осындай” аталатын мақала жазған екен. Сол мақаласы ойына түседі. “Жайдақ екем-ау сол кезде, – дейді журналист өзіне-өзі. – Жайдақ болмасам, сондай тақырып қоям ба? Тап бір қазақ ауылдарының бәрі сол Бастаушыдай болғандай”.(13-бет). Әрі қарай бір кезде өзі жазған ауылдың бүгінгі ахуалын жан-жақты саралау. Саралау қалай жасалады? Адамдармен жүздесу, әңгімелесу арқылы. Көп жерде бюрократия етек алған, шағын бастықтың өзінің есігінен қарау мүмкін емес, кісіні кісілікті сақтай отырып қабылдамай сырғақси­ды, кейбір ауыл әкімдері түрлі жағдаймен орнында болмай шығады, орынбасарлары ауыл жағдайынан мәлімет беруге қорқады (кім келсе де мәлімет берме деп мықтап тапсырып кететінін көреміз). Журналист ауыл тұрғындарымен әңгімелесуге мәжбүр. Олар ауылдағы жұмыссыздықты, зейнет ақшасының аздығын, ауыз судың жоқтығын, жол қатынасының қиын екенін қиналып айтады. Журналистің қабырғасы қайысады... Бір ауылдың тынысын тану үшін автор Асылғазы Ахметқалиев, Ағиям Қабдиева, Ырысалды Дүйсенбинова секілді кезінде бірі тракторист, бірі сауыншы болған қариялармен, Жанар, Мәриям, Айнұр сынды жаңа буын жастармен әңгімелеседі. Ақыр аяғында ауыл әкімі Бақытжан Қабыл­бековпен жүздеседі. Ауыл жайында мәліметі түгенделеді. Бұрын 200 түтіні бар ауылда бүгінде 1750 жан тұрады екен. Ауыл аумағындағы 7 мың гектар егістік жер бөлініп берілген. Соңғы бір жылда мал 460 басқа көбейген. Біз журналистің бір ауылдағы әлеуметтік жағдайды талдаған сәтіне ғана тоқталып отырмыз. Енді, міне, журналист ой кешіп келеді. “Журна­лис­тің қолы рөльде, көзі жолда. Бірақ, бұл ойлануға бөгет емес. Ойлануға түрткі әкімнің “Жұмыссыздық жоқ деуге болады” деген сөзі. Сонымен қа­баттаса, Ағиям кейуана келінінің: “Бізге тұрақты жұмыс жоқ, отырмыз ғой үйімізде, азаматымыздың тапқаны мен енеміздің пенсиясына қарап” деген елеусіздеу лебізі де миға маза бермей­тін­дей. “Тегі жұмыссыздық деген ұғымға біз әлі де дәл анықтама бере алмай келе жатырмыз-ау. Анау жылдары “жерін бөліп бердік, оларды жұмыссыздар қатарына қоса алмаймыз” деген кесім “айттым – болды” дегенмен қоңсылас секілді. Ол жерді пайдаға асыратын құралы болмаса, қарапайым қазақ не істей алмақ? Жұрттың үлеске тиген жерін әлді шаруа қожалықтарына беріп, олардың отын-шөбін түсіріп бер­геніне шүкір деп отыр­ғаны – сол жоқ­тықтың салқыны-ау, шамасы”. Жур­налисті жол үстінде ойға шомдырған осындай дүдәмал ойлар-тын. Бірінен бірі балалап, біріне бірі үстемелеп келе беретін беймаза ойлардан журналист көлденең ұшырасқан ұзын жолға тірелгенде ғана арылды” (23-24-беттер). Кітапты мазмұн байлығына бастап құнарландыра түсері – осындай ой кешулер. Журналистің дүниетанымы, білімі, содан туындайтын қалам қарымы – қазақ қоғамы бойында өтіп жатқан жаңалық атаулыны және “жаңалық” атауымен өтіп жатқан түрлі асыра сілтеушілік, жоғарыдан алынған шешімнің жергілікті жерге жетпей, орта жолда ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жататынын тамыршыдай тап басып тануға себепші. Автор кейіпкерлерінің психология­сын беруге, оны көркем образ етіп жа­сауға тырыспайды. Қарапайым адам­дар. Боямасыз өмір. Саясат ұстанбай, ашық сөйлесу. Соның өзінен кейіп­кер­лер үлкен тағдыр иесі екені көрініп тұрады. Оны кейде авторлық баяндау­дан, кейде кейіпкердің өзінің әңгіме­сінен байқай­сыз. Байқайсыз да, олар­дың тағдырына ойша араласып кетіп отырғаныңды байқамай қаласың. Ай­талық, Галина Ақатайқызының әкесі – қазақ, шешесі – славянь тұқымы. Екеуі Ұлы Отан соғысында жүріп майданда табысқан. Бүгінде олардан сартылдап таза қазақша сөйлейтін, жан-жүрегі таза қазақ ұрпақ тарап отыр. Соның бірі – Галина. Сол сияқ­ты Тоқтасын Сағатов – әкесі 1942 жылы соғысқа аттанғанда іште қал­ған бала. Олар бүгінгі Қазақстан жағ­дайын ойланады. Асылында Н.Оразбек қарапайым адамдардың жанына үңіліп, олардың жан-сарайын ашатын шебер журналист. Мейлі журналистік жазба, мейлі көркем дүние – адамдардың жаны ашылмаса, жүрек сыры шертіл­месе, “еңбек еш, бейнеті сор...”. Бұл орайда Нұрмахан ағамыз орыс журналистикасындағы Овечкинді еске түсіргендей... Адам және қоғам – бірін­сіз бірінің күні жоқ, осы екі өзектес мәселе өзара сабақтасып әңгімеленгенде әлеуметтік ауқымды мәселелер туады. Ол оқыр­манын толғантады. Адам тағ­ды­рына алаңдаушылық, адам өміріне зер салу, оны шығарманың жұлын-жүй­кесіне айналдыру – автордың қапы­сыз ұтысы! Кітапты ауқымдан­дырып қана қоймай, астарлы ағындарға ұластырып айдындандырып, проблема­­лы етіп айбарландырып тұрған – осы мінез. Оның кейіпкерлері: “Өзіңіз аузыма әдемі сөз салып, әбден бөстірген Марат Арышовыңыз біз боламыз. Сол кездегі насихат қой” (28-бет), – деп бастайды сөзді өзін де, кезінде кеңестік рухта жазған журналисті де мазақтағандай. Алайда, осының өзі шығармаға күлкі шуағын шашып тұрғанын қайтерсіз?! Бір кездегі мектеп оқушысы, бүгінгі зейнеткер кейіпкері ойшыл да шын­шыл. “Бұл өңірдің топырағы қоңыр түсті болып келеді, әрі қыртысы жұқа. 362 күн жел тұрады. Бас агроном деге­нің райкомның инструкторының қолба­ласы секілді, қаулының жобасын да саған жазғызады. 12,5 мың гектарға егіс салынатын. Жерді жырта берсең “молодец” дейді де, “ау, бұлай болмай­ды ғой, жерді құртып аламыз ғой” десең, “түк білмейсің, партия саясатын қақпайсың” деп әкіреңдеп шыға келеді. Партиядан екі ме, үш пе, шығарып жіберді. Бұл өңірде тас болмайтын. Жырта бергесін, оның үстіне жел уілдеп тұрғасын оңа ма, қазір тастан басқа түк те жоқ. Содан экологияға байланысты, тоқсан сегізінші жылы, елу бес жасым­да пенсияға шықтым да кеттім. Қазір 10 мың теңге зейнетақым” (29-бет). Күлесің бе, жылайсың ба? Трагико­медия! Сөйте тұра, боямасыз өмір шындығы. Кешегі күннің шындығына бүгінгі күннің шыжығы қосыла, сан соқтырып отыр. Журналист – стилист. Аз сөзге көп мағына сыйғыза жазады. Сөздер суреткерше сараланып алынып, олар бір-біріне шұғыласын төгіп тұрады. Сайланып шыққан сөздерден бас құраған сөйлемдер өзара үйлесім тауып, ырғақты құйылыспен жазыла­ды. “Шынына келгенде, бүгінде Шы­ғыс Қазақстан облысына басы бай­лан­ған Семей өңірінен жазып жарыт­қаны шамалы” (47-бет), – дейді журналист. “Біздің елдің тарихын, бір жағынан, ұран­дар тарихы деуге болады. Сол ал­пысыншы жылдардың басында екі ұран дәурендеп тұрды” (102-бет), – деп сала­ды журналист. Артық-ауыз сөз жоқ. Нақты. Затты. Мәселе бар. Астар бар. Сын бар. Соны әдіптеп жеткізетін тіл бар. Журналистік кітап – мәселені көтере білу, жай көтеру емес, білім­дар­лықпен көтере білушіліктің көріні­сі. Қазақ тағдырына соғып жататын мәселені бірде елеусіз ортаға тастай салып, келесіде іліп алып кетіп салыс­тыра айтушылық, үшінші бір жерде тарихқа барып жоталандырып беру, сөз жоқ, қаламгер шеберлігі. Жезқаз­ған өңірінде “Су қоймасына Қ.Сәтбаев есімін беру туралы мәселе қойып отыр­мыз”. Бұл – әкім Владимир Алексеевичтің сөзі. Енді журналисті тың­дайық. “Қанекең ұлы қазақ. Павлодар­дың қалалық мәслихаты оның есімімен бір көшені атауға талай жылдар бойы қарсы болып келсе, оның екі бірдей себебі бар. Біріншіден, депутат болып жүргендердің білімсіздігі, біліксіздігі, керек болса надандығы. Екіншісі, өзіміз­ден. Маңдайымызға біткен арыстары­мызды дұрыстап насихаттай алмайтын­дығымыздан. Содан да Кенесарының соңынан қалмай қудалаған патша губернаторына Көкшетауда тәуелсіздік жылдары көше аты беріледі де, Павлодар­да Сәтбаев есімі пәленбай жылға созылған дауға айналады. Ал мына жерде бізге тән ағаттықтың басы қылтияды. Ұлылығы әбден мойындалған бірдің атын жалаулата береміз де, басқа да ұлы тұлғаларымыздың бар екенін, олардың да тындырған тірлігі үлпеттеуге тұраты­нын, насихаттау керектігін естен шыға­рып аламыз, не ескермейміз. Осынау су қоймасы Қанекеңнің шәкірті, сол кісіден кейін республикамыздың Ғылым академиясын басқарған, тұңғыш энергетика институтын құрып, оны ұзақ жылдар бойы басқарған, керек десеңіз Қазақстанның Халық Қаһарманы Шапық Шөкиннің 1937 жылы Омбы институтын бітірерде ойдағыдай қорғаған “Есіл өзеніндегі Марьев ГЭС-і” деген диплом жұмысының материал­дары негізінде жасалған. Ендеше, сол кісінің есімін неге ұсынбасқа?!” (90-бет) Проблема бар ма? Бар! Білімділік бар ма? Бар! Мәселені жол-жөнекей болған әңгімені жоталандырып алып кетіп, білгірлікпен көтеру дегеніңіз осындай-ақ болар. Бейне көп жыл ономастикалық комиссия басқарған кісідей мәселенің арғы-бергі жағдайын біліп, оны ұлттық тұрғыдан қоя білушілікке қалай қайран қалмассыз. Кітап – бастауы бар, өрістеп ша­рық­тауы бар, түйінделуі бар, ком­пози­циялық бітімі дөңгеленген, ұлт­тық пішімді, елдің өткенін бүгіні­мен са­лыс­тыра отырып ой толғайтын, ең бас­тысы – елдің ертеңіне кәдімгі­дей біліп алаңдайтын ұлттық ойлы журна­листік тұтас туынды. Еңбектің соңына таман қосылып кететін шығар­машы­лық сыр, азаматтық-журналистік тол­ғаныс, кішіпейіл естеліктер ойлы туын­­дымен табиғаттас келіп, толықтыра түседі. Нұрағаң өз кітабын “Көрген жерден көз кетпейді...” деп атаған екен, маз­мұ­нынан туындап жатқан қонымды атауды қолдай отырып, “Ауырған жерден қол кетпейді...” деп сөз айттық. Өйткені, қазақша ойласақ, еңбек ауырған жерге дәл тиерліктей, қазақ қо­ға­мының арғы-бергісін білімдар­лық­пен қозғаған, ел басын­дағы жағдайды сауықтыруға тиісті шаралардың көзін тауып, сөзін айтқан еңбек! Журналист – халық өкілі. Журна­лист жазбалары бойынша тексеру, зерттеу жүргізіп, назарға алып, шешім жасап отыру да осы орайда пайдасыз болмас еді. Қазақ журналистикасында ешқа­шан барды шиырламайтын, өзінің дербес бәсіре тақырыбы бар, тақы­рып­ты талдай жазатын жүйрік қаламы, сұлу стилі, тіпті журналистік мектебі бар Нұрмахан Оразбектің “Көрген жерден көз кетпейді...” аталатын оқыр­манға жол тартқан кітабы – барын­ша тартымды, тың мәнерлі, аракідік мемуарлық сипаты да бар, “қышыған жерге” дәл тиетін аса қажет кітап. Құлбек ЕРГӨБЕК.