Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2017

Қостанайда ХХ ғасыр геологтарының өсиет хатын ашты

339 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеңес Одағы кезінде  дәстүрге айналған  болашақ ұрпаққа үндеу хат қалдыруды Солтүстік Қазақстан геология басқармасының ұжымы да орындаған екен. 

Қостанайда ХХ ғасыр геологтарының өсиет хатын ашты

Қостанайдағы Геологиялық музейде  ХХ ғасыр геологтарының ХХІ ғасырдағы әріптестеріне жазған хаты салынған капсула – «тас сандықшаны» ашу рәсімі өтті. Олар 1967 жылы 7 желтоқсанда кен жынысында кездесетін кальцифир, родингит, порфирит сияқты тастардан кристалл молекуласы формасында  сандықша жасап, оны мәрмәр тастың үстіне орнатып, сыртына  «Геологтардың болашақ ұрпақтарына. 2017 жылы ашылсын» деп жазған екен. Ал ішіне үндеу-хат пен өңірдің пайдалы қазбалар картасы салыныпты.  Жиналған сала ардагерлері мен жас геологтар алдында  «Севказнедра» аймақаралық деппартаменті  жетекшісінің орынбасары Талғат Исасейітов капсуланы   ашып, геологтардың аға ұрпағының  кейінгіге өсиетін оқып берді. Хат аға ұрпақтың сәлемін, өткен ғасырдың ортасында жеткен жетістіктерін, болашақ ұрпаққа , мамандарға сенімін баяндаған үш бөлімнен тұрады.

– Пайдалы қазбалар кеніштерінің арқасында өңірде Рудный, Лисаков, Арқалық, Жітіқара қалалары өсіп шықты. Тағы да көптеген кеніштер ашылды. Соларға осы хат иелерінің еңбегі зор болатын, – дейді геология ардагері, Геология музейінің директоры Вера Едігенова.

– Өткен жылдар геологияның «атын ғасыры» еді.  Біз сапасы өте жоғары минерал шикізатын өте көп көлемде ашып, өндіріп отырдық. Васильков кенішінің өзінен 350 тонна таза алтын өндірілді. Кеңес Одағы кезінде геология  ісіне жұмсалған 1 рубль 50 рубльдің пайдасын берді. Геологиялық жұмыстардың тиімділігі деген осы! – деп атап өтті ҚР Минералдық ресурстар академиясы Солтүстік Қазақстан бөлімшесінің төрағасы Виктор  Дейнека.

Хатта «Торғай даласы ХХІ ғасырда өндірісі, ауыл шаруашылығы дамыған, қалалар мен ауылдары көркейген, гүлденген өңір болатынына сенеміз» деп жазыпты ХХ ғасырдың геологтары.  ХХІ ғасыр енді басталды, мүмкін аға ұрпақ өкілдерінің болжамы мен сенімі шындыққа айналар уақыт та жетер.

– Геология ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отыруы тиіс. Біздің алдымыздағы  геология саласы мамандарының қажырлы ісі болмағанда біздің жетістіктерге жетуіміз екіталай  еді. Геология ісіне қай заманда да  ерекше көңіл бөлінуі тиіс, – деді геология ғылымдарының докторы Низами Жафаров.  Дәстүр жалғасын тапты.   Қазақстанның солтүстігі өңірі  геологтары атынан келешек ұрпаққа  тағы  да хат жазылып, әлгі капсулаға қайта салынды. Ол енді 50 жылдан кейін, 2067 жылы ашылатын болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ