21 Желтоқсан, 2017

Журналистің адамгершілігі неде?

621 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мамандықтың барлығы адам­гер­­шілікке құрылады. Әсіресе, жур­на­­листика.

Журналистің адамгершілігі неде?

Айтқандай, қайбір жылдары шіліңгір шілдеде жұмысқа ер­те келіп электрондық поштаны аш­сам «Перзентханадан хат» деген атау­­мен бір хабар келіпті. Қал­ған­да­рын қарамастан, дереу со­ны оқы­дым. Сөйтсек Алматы пер­зент­ха­на­ларының бірінде үшем дүниеге ке­ліпті.

Шілденің аптап күндері, редакцияда да «бар да жаз» деп тықақтап отырған адам жоқ. Бірақ баяғыда бір жиналыста басшымыз Сауытбек Абдрахманов: «Журналистің адамгершілігі неде?», деп сұрақ қойды. Неде? Неде? деп ойланып отырғанымызда: «Журналистің адамгершілігі – жазбай-ақ қоюға болатын нәрсені де жазу» деп барып: «Жақс­ы журналист ертең мұнан да жақ­сы жазамын, бүгін қоя тұрайын де­ген иллюзиядан арылу қажет», деді. Сол сөз бес жыл журфакта алған білім­нен де жақсы әсер етті, санаға шегедей қа­­далды. Жалқаулана бастасам осы сөз ес­ке түседі.

Содан перзентханаға фототілшіміз Бер­сінбек Сәрсеновпен арнайы барып, сол оқиға туралы мақала жаздық. Сол кез­дегі қала әкімі Иманғали Тасмағам­бетов үшем туған анаға үш бөл­ме­­лі пәтердің кілтін табыс еткен бо­ла­тын. Мұндай оқиғалар осыдан кей­ін бірнеше рет қайталанды. Сондай адам­­дардың жүзін көру, батасын алу, сау­апқа бөлену мен үшін қалай ма­ңыз­сыз болады?!

Бірде Ресейдің әйгілі спортшысы Евгений Плющенконың сұхбатын тыңдап отырып, біздің әріптестер арасында жиі орын алатын жайттарды еске ал­дым. Тележүргізуші спортшының ал­ғашқы жеңістерін, Еуропа чем­пи­онат­тарындағы жасөспірім шағын­да­ғы табыстарын айта келе, сол кезде атағы енді шығып келе жатқан мәнерлеп сырғанаушының алғашқы жарнамалық роликтерге қалай түске­нін сұрады. 

Ресейдің қазіргі танымал тұлғалары қатарындағы Женя еш қысылмастан, сол жарнамаға бір табақ сорпаға әлде, бір рет тойып жейтін салат үшін келісім бергенін айтып салды. Өкінішке қарай, мұндай жайт біздің де басымыздан талай өтті. Біз де Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде, кеңес үкіметінің темір шілтері сыпы­рылып, неше түрлі компаниялар қаптағанда, мейрамханаларға ша­қыр­ғанға мәз болып, мақтау ма­қа­лалар жаздық.

Фуршеттерде уа­қы­тымызды зая кетірдік. Осы дас­тарқан, ырду-дырду талантының түбі­не жеткен әріптестерді де көрдік... Мате­ри­ал­дардың жарнамалық сипаты мен әлеу­меттік мәнін ажыратып алуға да тә­жірибе керек болды. Ал өзін-өзі сыйлайтын, өз уақытын сыйлайтын жур­налист бір тойып ішетін тамақ үшін сөзін сатпайтынын түсінгендей бол­дық.

Газет табалдырығында өткен жыл­дар ішінде еліміздің барлық аймақ­та­рын ғана емес, өзім өмір бойы көру­ді көксеген АҚШ, Ұлыбритания, Гер­мания, Түркия, Қытай, Үндістан, Гон­конг, Голландия, Ресей, Чехия сынды көптеген елдерге сапар шегіппіз. 

«Егемендегі» ең алғашқы «алыс» сапарым – Бішкек еді. Айырқалпақты бауырлар еліне сан рет жолым түсті. Елба­сының екі ел арасындағы шекараны делимитациялауға арналған сапары – менің алғашқы саяхаттарымның басы болды. Араға көп жылдар салып Ел­басы осы елге мемлекеттік сапар­мен барды. Бұл оқиғаға да ортақ­тас­тық.

Алыс шетелдік сапарлардың айта-айта жүрерліктей әсерін айтпағанда, киелі Түркістанға, Жезқазған, Шығыс Қазақстан облысындағы мыс, көмір өндіретін ең терең шахталарға, Бай­қо­ңырда кезекті зымыранның ұшы­рылуына, Оралдағы мұнай өнді­ріп жатқан алып өндіріс орындарына, Жамбыл облысындағы әйгілі фос­фор зауытына, Талдықорған маңы­ндағы әскери гарнизондарға, кешегі қаң­сыған Арал теңізінің қайта оралуына, Оңтүстіктегі уран кенішіне, Қызылордада жатқан Қорқыт Атаға, киелі Маңғыстаудың маң даласына Бекет ата басына барудың сәті түсті.

Тізе берсең талай мақалаға өзек бол­ған оқиғалар көп-ақ. Газеттің жұ­мысымен таңертеңгілік асты Біш­кек­те, түскі мәзірді Астанада, кешкі тамақты Алматыда ішкен қызықты күндер де болыпты. Осының бәріне куә еткен, сол жол сапарларға жетектеген де – қаламның киесі. Журналистік жолсапармен қай қиырда жүрсек те адамгершілік принципінен ауытқыған сәтіміз жоқ. Журналистің басты парызы да осы емес пе?

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»