Осы тұрғыдан келгенде Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Жыр арқауы – жаңғыру» атты республикалық ақындар айтысының басты өзегі тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын паш етуге бағытталғаны оның мәртебесін биіктете түсті. Айтыстың алдына қойған мақсатын ойдағыдай орындап шығуына Ақтөбе облысының әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетті.
Айтыс биыл облыс орталығында пайдалануға берілген 1200 орынды өнер орталығының концерт залында өткізілді, жеребе тасталған кезде айтыстың шымылдығын ашу сәті атыраулық Сағадат Нұрманов пен павлодарлық Қуаныш Шармановқа бұйырды. Бұдан кейінгі кезекте есімі республика жұртшылығына кеңінен танымал айтыстың ерен жүйріктері мен жас перілері өрнекті сөздердің көрігін қыздыра түсті.
– Биыл алтыншы рет өткізілген «Алтын домбыра» бәйгесінің алдына қойған мақсатының бірі жаңа есімдерді табу еді. Осы ойымыз орындалды деп білеміз, бұл ретте ең алдымен Жамбыл облысынан келген Әсет Дүйсебаевтың есімін атай аламыз. Оның өзін-өзі ұстауы, домбыра қағысы мен мақамының үндестігі, өз ойын айқын білдіре алатыны – халықтың да, қазылар алқасы мүшелерінің де көңілінен шықты, – дейді қазылар алқасының төрағасы Қонысбай Әбіл.
Айтыс кезінде талдықорғандық Жандарбек Бұлғақов және алматылық Сырым Әуезхан секілді бұған дейін шашасына шаң жұқпай келген киелі өнеріміздің тарланбоздары бүгінгі күні де өз баптарында екенін таныта білді. Жалпы, республикалық айтысқа қатысқан ақындардың қай-қайсы да тәуелсіздіктің әкелген табыстарын ашып көрсетуге ұмтылды. Тәуелсіздіктің ел мен халыққа берген құндылықтарын кестелі маржан сөздермен көркемдеді.
Түр мен мазмұнның үйлесімі тұрғысынан алғанда «Алтын домбыра» бәйгесінің бәсі биік тұр. Ең бастысы, айтыскерлердің алға қойылған тақырыпты аша білуге деген ұмтылыстары өз жемісі мен нәтижесін бергенін айтудың өзі бір мерей. Әрі осы ұмтылыс тұтастай алғанда айтыстың деңгейі мен өрісінің жоғары болуына әсерін тигізгені кәміл. Жасақталған қазылар алқасының құрамы да есімдері елге кеңінен танымал, тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін және еліміздің кешегісі мен бүгінгісін өз шығармаларына өзек етіп ала білген халқымыздың айтулы тұлғалары екенін айту парыз. Бұл ретте халық ақындары Қонысбай Әбіл мен Әселхан Қалыбекова, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Қойшығара Салғараұлы мен Қажығали Мұқамбетқалиев, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мейірхан Ақдәулет, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы және «Алтын домбыра – 2014» байқауының жеңімпазы Балғынбек Имаш есімдерін айтпай кету еш мүмкін емес.
Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыстар комитетінің төрағасы Қуат Бораш бас бәйгені Жандарбек Бұлғақовқа тапсырған сәтте халықтың орындарынан тұрып, қол соғып қошемет көрсетуі қазылар мен көрерменнің пікірі бір жерден шыққанының дәлелі.
Еңселі ел болудың жолы қай кезде де оңай болмаған. Ең алдымен ұлт рухы асқақ түскен жағдайда елдіктің туы биік болмақ. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақтөбеде аяқталған республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін иеленген Жандарбек Бұлғақовқа 3 000 000 теңгенің сертификаты тапсырылды. Бірінші орынды алған Сырым Әуезханға екі миллион теңге бұйырды. Бұдан кейінгі жүлделі орындар қатарынан көрінген Жандарбек Наушабек, Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева және Әсет Дүйсебаевтар да тиісінше ақшалай сыйлықтарға ие болды. Тәуелсіздік пен рухани жаңғыру тақырыбын жырға қосқан аламан айтыста бірде-бір ақын сый-құрметсіз қалған жоқ. Мұны да «Алтын домбыра» бәйгесінің тағы бір артықшылығы деп білеміз.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ