Тәуелсіздік тұсындағы толағай табыстарымызда Елбасының еңбегі өлшеусіз. Бұған сыртта да, іште де ешкім шүбә келтіре алмайды. Қытай халқының «Өтпелі кезеңде өмір сүруді Құдай басқа бермесін» деген тағылымды мақалы бар. 90-шы жылдардың басындағы күйіміз қандай еді?! Қазір қандай күй кешіп жатырмыз?! Екі арада ширек ғасыр өтті деу санаға сыймайтындай көрінеді. Елбасының дана басшылығымен біз Кеңес Одағынан кейінгі өтпелі кезеңнен алдырмай-шалдырмай, абыроймен өттік.
Жан-жақтан Ресей және Қытай сияқты алып елдер ықпал етуге тырысқан, көп ұлтты, көп конфессиялы елде бәрі болуы мүмкін еді. Грузияда, Қырғызстанда не болғанын, Украинада не болып жатқанын бәріміз білеміз. Ал біздің елімізде тыныштық, түсіністік, тұрақтылық орнады. Әралуан ұлттардың, ұлыстардың қарым-қатынасында ынтымақ, бірлік қалыптасты. Мұндай үрдістер өздігінен болған жоқ. Бұған біз жан-жақты ойластырылған ішкі және сыртқы саясаттың арқасында қол жеткіздік.
Дер кезінде рет-ретімен әртүрлі реформалар, жаңғырулар, ел үшін, халық үшін шешуші маңызы бар шаралар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Біз өзімізбен өзіміз болып, өз мүдделерімізбен шектеліп, басқалармен байланыспай өмір сүріп жатқан жоқпыз. Әлемдік саясатқа араласып, жер бетінде болып жатқан үрдістерге өзімізше үлес қосып келеміз. Бүкіләлемдік саясаттың тетігін ұстап отырған елдердің басшылары Қазақстанмен, оның Президенті Н.Ә.Назарбаевпен санасатын, ақылдасатын болды. Мұны қалай айтпасқа?!
Осының бәрін жеткіншек жастарымызға түсіндіруіміз керек. Осы үрдісті жалғастыратын солар. Себебі Елбасы қалыптастырған дәстүрлер сапында үзіліс болмауы керек. Жаңа кітап осы мақсатқа көмегін тигізері сөзсіз.
Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында, бағдарламалық сөздерінде, кездесулерінде қадау-қадау мәселелерді қозғап, тайға таңба басқандай етіп нақты тапсырмалар беріп, ірі міндеттер қойып жатады. Айтқанының бәрі орынды, бәрі нақты. Билік тармағына жастарды да, әйелдерді де жиі-жиі тартып келеді. Өзіне артылған сенімді біреу ақтаса, енді біреуінің шамасы келмей жатады. Біз Елбасымен мақтануымыз керек, оның еңбегі, еліміздің жетістіктері осындай сүбелі дүниелерге арқау бола беруге тиіс.
Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор
ОРАЛ