Әлем • 21 Желтоқсан, 2017

Сириядан әскер шығарудың сыры

641 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ресей президенті Владимир Путин өзінің Сирияға жасаған сапары кезінде ресейлік әскер­лердің Сириядан шығарылатынын мәлімдеді. Ресей басшысының бұл мәлімдемесі саясаткерлер мен сарапшылардың назарын бірден аударды. Өйткені Ресей қарулы қақтығыстардың соңы азаматтық соғысқа ұлас­қан Сирияға әскерін кіргіз­ген ірі екі елдің бірі. Ел аума­ғын­да Ресейдің де, АҚШ-тың да әскерлері түрлі операцияларға қа­ты­с­ты.

Сириядан әскер шығарудың сыры

Шындығына келсек, ре­сейлік әскерлер мұздай қару­лан­ған террорлық топтар­ға қарсы күресумен қатар, пре­зидент Башар Асад­тың үкі­меттік әскери күш­теріне қол­дау көрсетті. АҚШ әскер­лері негізінен билік­ке оппо­зиция­дағы күш құрылым­дарымен «тығыз байланыста» жұмыс істеді. Ал алты-жеті жылға созылған қарулы қақтығыстар бәсеңдеп, Сирияны қалпына келтіру процесі басталар кезде Ресейдің өз әскерін «алып кетуінің» себебі неде?

Шетелдерде әскери база мен қарулы әскер ұстау кез кел­ген мемлекет үшін қыруар шығын. Бұл АҚШ-қа да, Ресей­ге де тікелей қатысты. Себе­бі бұрыннан бәсекелес болып келе жатқан бұл екі мем­лекет өздерінің әскери бюд­жетін ұлғайтудан жарысқа түс­кендей. Олар осы салаға бөлі­нетін қаражатты жыл сайын арттыруға мәжбүр. Оның біраз бөлігі шетелдердегі өз­дері­нің әскери базалары мен құры­лымдарына жұмсалатыны жасырын емес. Ал әрбір мемлекет қаражатсыз стратегиялық жоспарларын жүзеге асыра алмайтыны тағы бар.

Владимир Путин халық­ара­лық қоғамдастықты елең еткізген мәлімдемесін жасамас бұрын, яғни 6 желтоқсан­да ол Ефрат өзенінің қос жағалауы «Ислам мемлекеті» ұйымы содырларынан толық тазартылғанын айтқан еді. Ертесінде Ресей қорғаныс министр­лігі Сирияның бар­лық қалалары мен елді мекен­дері терроршылардан тазар­тыл­ғанын мәлімдеп, Ресейдің Сириядағы терроризмге қар­сы миссиясы аяқталғанын жария етті. Содан екі-үш күн өткенде Ирак­тың премьер-министрі «Ирактың үкіметтік күш­тері «Ислам мемлекеті» күштеріне қарсы күресте тарихи жеңіске қол жеткізді» деп мә­лімдеді. Осының алдын­да маз­мұн-мағынасы осы­ған ұқсас мәлімдемені Иран президенті Хасан Рухани да жасаған болатын.

Таяу Шығыстағы бірқатар елдер басшыларының жоға­рыд­ағыдай мәлімдемелері В.Путиннің өз әскери күштерін Сирия аумағынан алып кетуге жол ашты деген пікірлерге қосылуға болатындай. Бірақ Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу журналистің «Ресейге Сириядан әскерін толықтай шығару үшін қанша уақыт керек?» деген сауалына «Бұл Сириядағы жағдайға байланысты» деп жауап беруі «әскер шығару» мәселесінің көпке ұзамайтынын білдірсе керек. Өйткені соңғы кезде Сириядағы қарулы қақтығыс тоқтады, терроршыл содырлар елден аластатылды.

Осы арқылы Ресей террор­лық топтардың содырларына қарсы күреске ерекше үлес қосқан ел ретінде өзі­нің ық­палын сақтап қалды. Екін­ші­ден, Батыс елдері Сирия мә­се­­­ле­сіне қатысты өткен кез­­десу­­лер мен келіссөздерде Мәс­­­кеу­мен санасуға мәжбүр бол­­­­ды. Үшіншіден Владимир Пу­тин бірнеше жыл бойы қыл үстін­де тұрған одақтасы Ба­шар Асадтың билігін сақтап қал­­ды. Сарапшылар мұны Пу­тин­­н­ің кезекті жеңісі деген пікір айтады. Ал Ресей та­ра­­­пы «Сирия ісіне», дәлірек айт­­қ­анда, «Ислам мемлекеті» тер­­­ро­­р­лық ұйымына қар­сы күрес­ке 2015 жылы аралас­қан еді. Араласқанда Сирия пре­­зи­денті Башар Асад бас­та­ған үкі­мет әскерлеріне қолдау көрсетті.

Желтоқсан айының бірінші жартысында Ресей президенті В.Путин мен Сирия басшысы Б.Асад ресейліктердің Сирия аумағындағы «Хмеймим» әскери базасында кездескені жөніндегі ақпарат сол күні-ақ әлемге тез тарады. Сол кездесуде Ресей президенті Сириядағы оппозициялық күштермен бейбіт келісімге келу үшін Иран және Түркиямен бірлес­кен жұмыстарды жалғасты­ратынын атап өтті. Естеріңізде болар, Сирия мәселесін реттеуге байланысты кездесулер өтетін «орын» мәселесі көтерілгенде В.Путин Астана қала­сы ең қолайлы екенін ата­ғаны. Содан бері елордамыз­да Сирия дағдарысына қатысты тара­п­тардың жеті кез­де­суі өтті. Елде қарулы қақ­тығыс­тың тоқтауына Астана про­цесінің айтарлықтай ықпал еткенін халықаралық қоғам­дастық жоғары бағалады. Енді 21-22 желтоқсанда Астана процесінің кезекті кездесуі өтпек.

Екі аптадай бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалим қаласын Израильдің астанасы деп мойындағанын жария еткені бар. Оның осы өрескел қателігі халықаралық қоғамдастықтың, бүкіл мұсылман әлемінің ашу-ызасын туғызды. Бұл Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ыстанбұлда шақырылған төтенше саммитінде де сөз болды.Тіпті америкалық кейбір сенаторлар Д.Трампқа импичмент жариялау мәселесін де көтере бастады. Міне, бұл АҚШ президентінің беделіне нұқсан келтіреді, рейтингін төмендетеді.

Ал Ресей президенті В.Путиннің Сириядан әскерін шығару жөніндегі мәлімдемесі оның Орта және Таяу Шығыс елдері арасында оң ықпалын қалыптастырады. АҚШ-тың қорғаныс министрлігіндегі­лер Ресейдің өз әскерлерін Сирия аумағынан шығараты­нына күмәнмен қарайтын сияқты. Пентагонның атал­ған мәселеге байланысты жариялаған мәлім­демесіне қарағанда, Ресей Си­рия­­дан кейбір әскери күш­терін ғана шығаруы мүмкін. Содан кейін олар Құрама Штат­­­тар әскерлерінің сол елден кетуін талап етуі мүмкін. АҚШ Қорғаныс министрлігі өкілі­­нің айтуынша, коалиция күш­­тері террорлармен күрес­ті жал­ғастыра береді. Террор­­­шы­лар­дан тазартылған ай­мақ­­тағы тұрғындарды қор­ғай­ды және босқындардың өз мекенжайларына оралуына көмектеседі. 

Ресей президентінің жоға­ры­дағыдай ұйғарымға келуі келесі жылдың көктемін­де өтетін президенттік сайлауға да байланысты болса керек, себебі жақында, Владимир Путин президенттікке үміткер ретінде өзінің кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді. Сириядан ресейлік әскердің шығарылуы президенттік сайлау қарсаңындағы жоспар­ланған «тактикалық жүрістің» бірі болуы да ықтимал. Деген­мен, В.Путиннің Сирияға қатыс­ты бұл қадамы Ресейдің ха­лықаралық аренадағы беделін арттыруға ықпал ететіні анық.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»