21 Желтоқсан, 2017

Астана халықаралық мектебі «Алаш айлығы» жобасын қолға алынды

653 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Алашорда автономиясының құрылғанына 100 жыл толды. Тарихқа көз жіберсек, сол жылдардағы қазақ зиялыларының өз елінің бостандығы үшін еткен ерен еңбектерінің куәсі боламыз. 1918 жылы 22 қаңтардағы «Сарыарқа» газетіне «...Желтоқсанның 12-күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды», деген Әлімхан Ермековтің мақаласы шықты. 

Астана халықаралық мектебі «Алаш айлығы» жобасын қолға алынды

Алаш ұғымы құндылық ретінде қайта орнығып келеді. Бұл тұтастық, бірлік, айбар деген бірнеше мəнге ие. Қазақ ішінде «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда», «алты алаш», «алты сан алаш», «алаш мыңы» секілді тұрақты тіркестер ежелден айтылатын. Сондай-ақ «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деген елдік ұстаным да бар. Бұдан шығатын қорытынды, Алаш – бұрын қазақ этнонимінің синонимі болса, бүгін де сол деңгейдегі ұғымға айналып отыр. Алашорда үкіметі – 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінің шешімімен құрылған, қазақтың автономия бағытын ұстанған ұлттық үкіметінің аты. Қазақ тарихында ерекше ерлігімен көш бастаушы ретінде мемлекеттік құндылығын ХХ ғасырға сай жаңғыртып, ел аузындағы ұранды саяси-өкіметтік феноменге көтерген, ұлттық-демократиялық сипатта өрбіген Алашорда үкіметінің жəне Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толуы құрметіне орай Астана халықаралық мектебі «Алаштың ақ тарихы: Алашорда үкіметі және «Мәңгілік ел» атты Алаш айлығын өткізді. 

М.Шоқай «1917 жыл – біздің саяси туған жылымыз еді. Автономия – біздің қалт-құлт басқан алғашқы ұлттық саяси қадамымыз болатын», деп осыдан 19 жыл өткенде еске алады. Біз осынау терең тарихнаманың заңды мирасқоры, бүгінгі әрі келешек кейіпкері ретінде ұлттық-мәдени әлеуетіміз бен тарихи танымымызды көтеріп-кеңейту мақсатында мәні зор атаулы оқиғаны өз деңгейінде ұлықтауымыз керек. Орынбордағы II жалпы қазақ съезінің өткен күндері 5-13 желтоқсан аралығы екені белгілі. Сондықтан болашақта осы аралықтағы мерзімді мектепішілік дəстүрлі «Алаш апталығына» айналдыру жоспарланып отыр. Бұл шараның негізгі мақсаты – оқушылардың тарихи танымын тереңдету, мемлекеттілік ұғымымен таныстыру, өзін тарихи кейіпкер екенін сезінуіне жағдай жасау, педагогикалық ұжымның республикалық маңызы зор шараға атсалысушы ретінде азаматтық-патриоттық  «менін»  ояту, Алаш арыстарының өмірі мен қызметін, шығармашылығы мен еңбектерін таныстыру, Алаш идеясын насихаттау еді.

Жоба мерзіміне неліктен бір ай арналды? Себебі республикалық маңызы зор жобаны мектеп көлемінде атап өтуге апталық, онкүндік аздық етті. Өйткені «Алашорда» тұжырымы тарихи-мәдени, саяси-қоғамдық синкретті санатқа жатады. Сондай-ақ тарихты меңгеру ұзақ мерзімді жұмысты қажетсінетіні белгілі, осыған орай тәуелсіздіктің тарихи алғышарттарын қалыптастырған күрделі құбылыспен таныстыру көп уақытты қажет етеді.

Айлықтың соңғы күні – 13 желтоқсан тарихта 1917 жылы қазақ ұлтының тəуелсіздік мəселесін қараған II жалпықазақ съезінің аяқталған, қазақ даласының түкпір-түкпірінен келген съезд делегаттарының тарқаған күні болғандықтан мерекелік қорытынды кеш түрінде өткізілді. Осы айлық аясында Алаш тарихын зерттеп, зерделеп жүрген белгілі ұлт зиялыларымен жүздесулер, оқушылар арасындағы байқаулар, «Алашорда тарихы» деректі фильмінің көрсетілімі және қабырға газеттерінің байқауы, оқырмандар конференциясы, зияткерлік сайыстар, шығармашылық конкурстар, жыр мүшәйралары, бейнелеу өнері, музейлерге экскурсиялар, портреттік галареялар, кітап көрмесі, тақырыптық концерт сияқты көптеген мазмұнды, тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

Асан АНАРБАЙҰЛЫ,
Астана халықаралық мектебінің 
қазақ тілі пәнінің мұғалімі