«Тағдырдың жазуымен әлемнің әр шалғайында тарыдай шашырап жүрген қандастарымыздың туған еліміздің аспанында Тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреген сәтте қарашаңырақ – Қазақстанға атбасын бұрғаны баршаға мәлім. Содан бері жиырма жыл өте шықты. Осы уақыт ішінде көш көлікті болып, 300 мың отбасы атажұртқа оралды, халқымыздың саны 1 миллионнан астам адаммен толықты. Жалпыға қолжетімді деректерге сүйенсек, әлі бес миллион қазақ жатжұртта жүр. Мұның өзі алда атқарылар жұмыстың да ауқымды екенін аңғартады.
«Елге ел қосылса – құт», егер біз халқымызды таяудағы уақытта жиырма миллионға жеткізу жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырамыз десек, ең алдымен, оралмандарды орналастырудың оңтайлы жолдарын қарастырып, өзге ортадан келген ағайынның өз еліне тез сіңісіп кетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл ретте атқарылып жатқан істер аз емес. Ол үшін бүгінгі таңда оралмандарды әлеуметтік қолдау мақсатына республикалық бюджеттен жыл сайын орта есеппен 16 миллиард теңге қаржы бөлініп отырғанын айтсақ та жеткілікті. Десек те, соңғы жылдары көштің іркіліп қалғаны, соның айғағындай, бөлінген квотаның жылма-жыл орындалмай отырғаны да шындық. Оған себеп болып отырған жайлар аз емес. Солардың бәрін тізбелемей, «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында салынған оралмандар қалашықтарына қатысты жағдайға назар аударғым келеді. Нақты айтсақ, осыдан екі жылдай бұрын Қызылжар өңірінде «Бәйтерек» ауылы өмірге келген еді. Қазір мұнда 121 оралман отбасы тұрып жатыр. Бірақ олардың бірде-біреуі әлі күнге дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамымен келісім-шартқа отырған жоқ. Сөйтіп, Үкімет қаулысымен бекітілген тұрғын үйлерді сату ережесі бұзылып отыр. Ал мұның аяғы «Нұрлы көш» бағдарламасында көзделген қаржыны қайтаруды қиындататыны сөзсіз. Осыған орай прокуратура органдары оралман отбасыларының бұл үйлерде тұруының заңдылығы туралы мәселе көтеруде. Содан бері де жағдай өзгере қойған жоқ. Оралмандар үйлердің бағасы қымбат, көбіміз жұмыссыз жүрміз, еңбекақымыз мардымсыз, алған үйіміз үшін ай сайын 31800 теңге төлеп отыруға шамамыз жоқ дегенді алға тартуда.
Қалай болған күнде де, қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес өзіне берілген тұрғын үйдің құнын өтеу жөніндегі міндеттемесін орындамаған бағдарламаға қатысушы үйді босатуға тиіс. Егер ол мұндай қадамға ерікті түрде бармаса, мәселе сот арқылы шешіледі. Қазір «Бәйтерек» ауылының тұрғындарының осындай тұйыққа тіреліп отырған жайы бар. Одан шығар жол қайда? Осы мәселемен тікелей айналысып отырған мамандардың пікірінше, осы араға көшіп келіп қалған оралмандарды орналастыруды оңтайландыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 8 мамырда қабылдаған № 674 қаулысымен бекітілген «Нұрлы көш» бағдарламасын реттейтін қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіп, тұрғын үй құнын өтеу мерзімін екі жылға шегеру керек. Осы уақыт ішінде бағдарламаға қатысушылар азаматтығын алып еңбекке орналасады, бір сөзбен айтқанда, жергілікті жағдайға бейімделіп үлгереді.
Сондай-ақ, оралман бауырларымызды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де ойластырылып, олардың балалары үшін мектеп, балабақша салу жедел қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді. Үкіметтің осы мәселеге назар аударуы ауадай қажет.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты.