12 Қараша, 2011

Елге ел қосылса – құт

791 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Тағдырдың жазуымен әлем­нің әр шалғайында тарыдай ша­шырап жүрген қандастарымыз­дың туған еліміздің аспанында Тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреген сәтте қарашаңырақ – Қазақстанға атба­сын бұрғаны баршаға мәлім. Содан бері жи­ыр­ма жыл өте шықты. Осы уақыт ішінде көш көлікті болып, 300 мың отбасы атажұртқа оралды, халқымыздың саны 1 миллионнан астам адаммен толықты. Жалпыға қолжетімді деректерге сүйенсек, әлі бес миллион қазақ жатжұртта жүр. Мұның өзі алда атқарылар жұмыстың да ауқым­ды екенін аңғартады. «Елге ел қосылса – құт», егер біз халқымызды таяудағы уақыт­та жиырма миллионға жеткізу жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырамыз десек, ең ал­дымен, оралмандарды орналас­тыру­дың оңтайлы жолдарын қа­растырып, өзге ортадан келген ағайынның өз еліне тез сіңісіп кетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл ретте атқарылып жатқан істер аз емес. Ол үшін бүгінгі таңда оралман­дарды әлеуметтік қолдау мақса­тына республикалық бюджеттен жыл сайын орта есеппен 16 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр­ғанын айтсақ та жеткілікті. Десек те, соңғы жылдары көштің іркіліп қалғаны, соның айғағын­дай, бө­лін­ген квотаның жылма-жыл орын­далмай отырғаны да шын­дық. Оған себеп болып отыр­ған жайлар аз емес. Солар­дың бәрін тізбелемей, «Нұрлы көш» бағдар­ламасы аясында салынған оралмандар қалашықтарына қа­тыс­ты жағдайға назар аударғым келеді. Нақты айтсақ, осыдан екі жылдай бұрын Қызылжар өңірін­де «Бәйте­рек» ауылы өмірге келген еді. Қазір мұнда 121 оралман отбасы тұрып жатыр. Бірақ олардың бірде-біреуі әлі күнге дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамымен келісім-шартқа отырған жоқ. Сөйтіп, Үкімет қау­лы­сымен бекітілген тұрғын үй­лерді сату ережесі бұзылып отыр. Ал мұның аяғы «Нұрлы көш» бағдарламасында көзделген қар­жыны қайтаруды қиындататыны сөзсіз. Осыған орай прокуратура органдары орал­ман отбасыла­рының бұл үйлерде тұруының заңдылығы туралы мәселе көте­руде. Содан бері де жағдай өзгере қойған жоқ. Оралмандар үйлердің баға­сы қымбат, көбіміз жұмыссыз жүрміз, еңбекақымыз мардым­сыз, алған үйіміз үшін ай сайын 31800 теңге төлеп отыруға ша­мамыз жоқ дегенді алға тартуда. Қалай болған күнде де, қол­даныстағы тұрғын үй заңна­ма­сына сәйкес өзіне берілген тұр­ғын үйдің құнын өтеу жөніндегі міндеттемесін орындамаған бағ­дар­ламаға қатысушы үйді бо­сатуға тиіс. Егер ол мұндай қа­дамға ерікті түрде бармаса, мә­селе сот арқылы шешіледі. Қазір «Бәйте­рек» ауылының тұрғын­дарының осындай тұйыққа тіреліп отырған жайы бар. Одан шығар жол қайда? Осы мәсе­лемен тікелей айналысып отыр­ған мамандардың пікірінше, осы араға көшіп келіп қалған орал­мандарды орналас­тыруды оңтай­ландыру үшін Қазақ­стан Респуб­ликасы Үкіме­тінің 2009 жылғы 8 мамырда қабылдаған № 674 қаулысымен бекітілген «Нұрлы көш» бағдар­ламасын реттейтін қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіп, тұрғын үй құнын өтеу мерзімін екі жылға шегеру керек. Осы уақыт ішінде бағдарламаға қатысу­шы­лар азаматтығын алып еңбекке орналасады, бір сөзбен айтқан­да, жергілікті жағдайға бейімделіп үлгереді. Сондай-ақ, оралман бауырла­рымызды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де ойластырылып, олардың балалары үшін мектеп, балабақша салу жедел қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді. Үкіметтің осы мәселеге назар аударуы ауадай қажет. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты.