Телеарналар әлемде болып жатқан оқиғалардың ортасына кіргізіп жібереді. Небір сұмдық жағдайларға куә боласың. Мыңдаған, миллиондаған адамдардың қасіретін көріп, жаның түршігеді.
Көрмейін десем көзім бар дегендей, көресің. Көресің де қиналасың. Алыстағы сол қасірет шеккендерге көмектесер дәрмен жоқ. Өз қолың жетпегенмен, басқалар қолын ұсынса екен дейсің. Бұл елдің үкіметтері қайда, мынау қарық болған халыққа неге көмекке келмейді, бар күшін неге осында төкпейді деген ой да келеді. Бәлкім, төгіп те жатқан шығар-ау. Мүмкін шамасы жетпей жатқан шығар...
Соңғы жылдарда осы су тасқындары, топан су көбейіп кеткендей көрінеді. Сірә, бұрын да аз болмаған. Топан судың қасіретін халық бұрын да аз көрмеген. Оның үлкен қасірет әкелетінін білген халық ақыр заман болғанда, жердің жүзін топан су қаптайды деген аңызды да шығарған болар. Онан соң су тасқыны көбейіп кеткендей көрінуіне телеарналар, басқа да ақпарат құралдары да себеп болып отырған шығар. Көрсетеді де жатады, айтады да жатады.
Соның арқасында үлкен судан алыс жатсақ та, цунами дегенді де естідік, оның алапат апатты күшін де көретін болдық. Соңғы жылдарда аралдарда орналасқан Индонезия сияқты елдердегі, мұхит жағалай қонған жұрттардағы цунамилерден зардап шеккен халықтың қасіретін көз алдыңа елестетудің өзі қорқынышты. Қаншама ауқымды жердегі қираған үйлер, опат болған егіндік, қырылған мал, соның бәрінен айырылып, аңырап қалған адамдарды көру қиын.
Бұрын көрмегенді, биылғы жылы Жапонияда болған жер сілкінісінен кейінгі цунамиді де көрдік-ау. Қала ағып бара жатқандай әсерде болдық. Автобустар, үйлер қуыршақ сияқты су үстінде көлкіп, жүзіп жүрді. Ал талай мыңдаған адам соның астында қалды ғой...
Мұның өзі Жапониядай алды-артын терең ойлап, жүз өлшеп, бір кесетін алып елде, жапондар дейтін жасампаз халықтың жерінде болғаны мынау табиғаттың дүлей күшінің құдіретін тағы бір аңғартқандай еді. Бұл Жапонияда емес, басқа бір бейқамдау елде кезіксе қайтер еді? Ақыр заманды басынан кешер еді де...
Цунами – судан келер қасіреттің бірі. Ол өзі сиректеу, жер сілкінісі көбірек болатын аймақта кездеседі. Ал өзендердің арнасынан асып, ұлан-ғайыр жердің су астында қалатыны көп елге таңсық емес, мұны да біз соңғы кезде жиірек еститін болдық. Бұл өзі жаңбыр көптеу тропикалық аймақта ғана емес, мамыражай өңірде де бола беретінге айналды. Ақпаратқа үңілсек, Оңтүстік-Шығыс Азия ғана емес, ауа райы қалыпты Еуропаңда да қалалардың көшелерінің өзен арнасына айналғанын көресің.
Тасқыннан келер зиян көп. Ең жаманы ол адам өмірін де қиып жатады. Кейбір аймақтағы су тасқындары бүкіл әлемге де ықпал етеді екен. Былтыр Пәкстанда алапат су тасқыны болып, көп жердегі егіс алқаптары су астында қалды. Ал сол алқаптарда мақта егіледі екен. Енді соның салдарынан біраз мақта кем өндіріліп, оның әлемдік бағасы күрт өсіп кетті.
Сол Пәкстандағы су тасқынын телеарналар талай көрсетті. Шолушылардың, сарапшылардың ой-толғамдарын да естідік. Табиғаттың тосын құбылысымен қатар, ұлттық ауқымда біраз шаралардың атқарылмай жататынын айтқан. Қалай дегенде де, бұл өзі әр кез қайталанатын құбылыстар, оның қаупін болжауға болады. Соған мән беріп, түрлі шаралар жүзеге асырылып, жұрт қамданып отырса, шығын да аз. Ұлы өзен Инд әлемдегі ең биік таулар Гималай, Гиндукуштан бастау алады. Жылда тасиды. Кей жылы қаттырақ. Сол тасқындарды ескеріп, күні бұрын қамданса, ұлы өзен тым қатты буырқанбас еді дейді.
Әрине, айтуға жеңіл. Сөйтсе де сол табиғат құбылыстары бұл өмірге тән. Әлемдегі ең биік таудың басына бұлт үйіріледі. Ол жерге ылғал болып түсетіні белгілі. Бұл аймаққа су тасқыны сырттан келмейді.
Қытайда да жылда тасқын. Ел оған тастүйін дайын отырады. Шамасы келгенше сол суды бұрып алып, игілікке жаратқысы келеді. Шамасы келмегенге амал жоқ, сол тасқын бұл елге де біраз шығын арқалатады. Дайын болмаса, әрине шығын бұдан да әлдеқайда көп болар еді.
Биылғы жыл Тайландқа аса үлкен сын болып отыр. Шілденің басында басталған тасқын толастар емес, қайта күшейе түскендей. Елдің солтүстігінде пайда болған Нок-тен деп аталатын тропикалық дауыл Таиландтың 79 провинциясының 63-ін шарпып, талай нәрсені бүлдірді. Миллиондай адам зардап шегіп, дәрігерге қаралуға мәжбүр болды. Ширек миллион адам жай-күйінен айырылды. Егіндік, жайылымдық жерді былай қойғанда, 15 мың кәсіпорын су астында қалған. 2536 мектеп жабылыпты.
Дүние дүние ғой, осынау тасқыннан адам құрбандығы айтарлықтай болып отыр. Бүгінге дейін 527 адам қаза тапса, сол тасқыннан ауру тауып, денсаулығынан айырылғандар саны тіпті көп. Әсіресе балалар мен қарттарға қиын.
Елдің астанасы Банкгоктағы жағдай тіпті күрделі. Ол елдің оңтүстігінде, Чаупкхраи өзенінің толысып ағып, теңізге құяр тұсында болғандықтан да, көп ауданы судың астында қалып отыр. Қала, ел басшылары астана тұрғындарын ол аймақтан мүмкіндігінше тез кетуге шақырып, аптасына бес күндік демалыс берді.
Су тасқыны елдің саяси өміріне де ықпал ететін түрі бар. Талай жылдан бері күресіп, биылғы тамыз айындағы сайлауда жеңіске жетіп, үкімет басшысы болған Йинглак Чинават ханым атына қатты сын айтылып жатыр. Жағдайға алғашқы күннен мән бермеді дейді. Кейінірек кеш болған.
Мұндайда қиындыққа абыржушылық, үрей қосылады. Ертең не болар екен деген халық дүкендердегі азық-түлік өнімдерін таласып алып жатқан көрінеді. Көлік күтіп сапырылысқан жұрт көп.
Бұл елге де тасқын тосын жағдай емес, әр кез болып жатады, жұрттың көзі үйренген. Рас, биылғысы ерекшелеу. Он жыл бұрын осылай болған екен. Ел басшылығы соны да ескеріп, ертерек қамданғанда, кім біледі, дәл бүгінгі қиындықтың біразының алдын алуға да болар ма еді дейді жұрт.
Тропикалық елдер үшін тасқынның топан суға айналуы үйреншікті жағдай болса, Еуропа елдері оны кездейсоқ, тосын нәрсе секілді көреді. Сөйтеді де қамсыз кезігіп, қапы қалып жатады. Соңғы күндерде Францияның оңтүстігінде нөсер жаңбырдан өзендер арнасынан асып, тасқын болды, жол бұзылды, ағаштар қирады, үйлерді су алды. Ең жаманы – адамдардың қаза болғаны бар.
Осыдан біраз бұрын Италияның солтүстік батысында да нөсер жаңбырдан атақты порт-қала Генуя су астында қалып, жеті адам қаза табуы елді аяғынан тік тұрғызғандай болған. Биылғы тасқыннан судағы қала есептелетін Венецияның өзі зардап шеккен, тұрғын үйлер мен офистердің төменгі қабаттарын су басыпты. Соңғы мәліметтерге қарағанда, бүкіл Италияда 20 адам сол тасқынның құрбаны болыпты. Сабақ болар жәйт.
Нөсер жаңбыр Испанияға жетіп, содан тасқын болып, жол жабылып, пойыздардың жүрісі де бұзылыпты. Көрші елдердегі жағдай қайталанбас үшін үкімет біраз шараларды қолға алған көрінеді. Әрине, мұны жөн-ақ дерсің.
Басқа елдердегі жағдайды айтқанда, өз еліңдегі жағдай үнемі көңілде тұрады. Өртті тілсіз жау десек, су тасқыны да соған ағайын. Оның да кездейсоқ кезігетіні де бар. Осыдан біраз бұрын Сарыағаш ауданындағы жағдай соған куә. Таситындай өзені көп емес өңір. Қары да қалың болмайды. Әдетте, сол қар ерігенде, тіпті жылға болып ақпай, негізінен жерге сіңіп кетеді. Сол жылы жердің тоңы жібімей жатып, күн бірден жылып, азын-аулақ қар жерге сіңбей, алдымен жылғаларға айналып, солардың басы қосылуынан құралған тасқын су жолындағы біраз нәрсені қиратқаны бар. Үйлер зақымданып, мал шығынына жол берілді. Дәл кезінде болмаса да, жергілікті органдар іле-шала зардап шеккендерге көмек көрсетті.
Осы мысалдың өзі ешқашан да қамсыз болмауды талап етеді.
Қам жасау дегеннен шығады, осыдан біраз бұрынғы Шығыс Қазақстан облысындағы жағдай әрқашан көңілге оралады. Қалың түскен қардың еруін бүкіл ел болып күтті. Ауылдар көшірілді, өзендердің арналары тазаланды. Дәл соның арқасында адамдар аман. Сондай дайындық болмасыншы, буырқанған асау өзендер малмен бірге адамдарды да алып кетер еді ғой.
Табиғаттың қатыгездігінің кейде қапы қалдыратыны бар. Сондай жағдай Алматы облысындағы Қызылағаш ауылында болды. Ауылдың біраз аймағын тасқын су опырып кетті. Өкінішке қарай, адам шығынына да жол берілді. Бірақ жергілікті орындар жәбір шеккендерге жедел қол-ұшын ұсынды. Апатқа ұшыраған ауылда жаңа, еңселі ғимараттар бой көтеріп, тұрғындардың барлығы да үйлі болды.
Сырдария өзенінің көктемгі тасуы жыл сайын талай жұртты әбігерге салатын. Бір облыстың халқы біраз уақыт шала ұйқы өмір кешер еді. Қыруар қаржы жұмсалып, тасқынмен күресіп жататын. Қамданудың, қамқорлықтың арқасында ел сол әбігерден құтылды. Көксарай су реттегіші салынып, қазір бұл аймақ су тасқынынан ғана құтылып қойған жоқ, егіншілікті дамытуға да жаңа мүмкіндіктер туды.
Иә, бір нәрсенің басы анық: ол табиғат апатының айтып келмейтіні, жер, ел, адам, ұлт талғамайтыны, келтірер зардаптарының қатерлігі. Ал бізде жағдай қалай, ахуал нешік? Төтеннен келген табиғат апаттарын ауыздықтауға мүдделі ведомостволар мен жергілікті билік орындары тас-түйін дайын ба? Адамдарды психологиялық жағынан әзірлей алдық па? Аяқасты қауіп-қатер төне қалған жағдайда қаншалықты шығынсыз шығу мүмкіндіктері бар? Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда оң тәжірибелердің қалыптасып, оқыс оқиғалардың алдын алудағы, жоюдағы кешенді шаралар өз жемісін беріп келе жатқанын айта кеткен орынды. Дүние-жаһанда болып жатқан қатерлі де қайғылы апаттарды егжей-тегжейлі талдап, себеп-салдарларына терең үңілудің арқасында зор экономикалық шығындарды былай қойғанда адам үшін зардабы өте ауыр жайттарды тізгіндеуге мүмкіндік туды. Соңғы жылдары Қазақстанды бірнеше топан су тасқыны шарпыды. Соның бірі Алматы облысына қарасты Қызылағаш ауылын шайып кеткен апатты ауыздықтауға бүкіл ел болып жұмылды. Қазақстандықтар ұйымшылдықтың, бауырмалдықтың үлгісін көрсетіп, көмек керуендері еліміздің әр қиырынан толассыз ағылып жатты. Елбасының тікелей қадағалауы арқасында Үкімет зор материалдық көмек берді. Ауыл қайта жаңғырып, танымастай өзгерді. Міне, өзгелер үлгі алатын тұс бұл! Қызылорда облысында жайшылықта жыламсырап ағатын Сырдария өзені тосын мінез көрсеткенде де жергілікті билік орындары бас болып тосын оқиғаны тез-ақ қалпына келтіруге жұмыла кірісті. Көксарай су реттегішін салу үшін мемлекет тарапынан қомақты қаражат жұмсалды. Сөйтіп, елді мекен тұрғындарының алаңсыз өмір сүруіне барынша жағдай жасалды. Сақтандыру жұмыстары алдын ала жүргізілмегенде Шығыс Қазақстан облысындағы әдеттегіден бөлек табиғат мінезі ауыр зардаптарға соқтырары анық еді. Үкімет тарапынан шұғыл шешімдер қабылданып, жасалған нақты іс-әрекеттер нәтижесінде Жантекей ауылындағы адамдар қытымыр қыс қыспағынан қысылмай шықты. Қираған үйлер қалпына келтіріліп, тегін әлеуметтік көмектер берілді. Батыс Қазақстан облысындағы тасқын судың алдын алудағы және жоюдағы тындырымды істер айтып келмейтін апаттың салмағын әжептәуір жеңілдетті. Әйтпесе, зәрені алатын, үрейді ұшыратын тосын оқиғаның шығыны еселене түсері анық еді.
Табиғаттың тосын апаттарын кім болжапты?! Әйтеуір, беті аулақ болсын дейік.
Мамадияр ЖАҚЫП.