Жаңадан құрылатын Аягөз округіне басқаларымен қатар бүгінгі Көкпекті, Тарбағатай аудандары жеріне қоныстанған матайдың қаптағай бөлігіне жататын қараужасық, қаракерейдің мұрын, байжігіт және қыржы рулары да кіруге тиіс болды. Осылардың ішінде мұрындар мен қыржылар орысқа қараған, ал қараужасықтар мен байжігіттер қытай ықпалындағы руларға жатты. Ал шындығына келгенде, Аягөз округі құрылар қарсаңда Алтай мен Тарбағатайдағы, кейіннен түсетін орыс-қытай шекарасына қарай орналасқан рулар көп жағдайда өздерінің беделді сұлтандары мен ру басыларына бағынып, еркін жағдайда жүрді.
Сол кездегі Тарбағатай өңіріндегі осы мәселе бойынша қалыптасқан қөзқарас, 1831 жылы Аягөз сыртқы округі ашылғанда, орыс мемлекетінің осы әкімшілік билік құрылымына үміт артқан жергілікті ел билеушілердің атынан Сарт Жошыұлы генерал В.Броневскийге табыстаған, 7 тармақтан тұратын талаптың мәтінінде айтылады. Онда: «...Ел иелігіндегі жер мен байлығы мәңгілік еркімізде болсын, біздің азаматтарымыз ешқашан жасаққа алынбасын, әскер жерімізге жіберілмесін, өлімнен басқа іс мұсылмандық жолмен шешілсін, ішімдік үйлері салынбасын, ел құқығын қорғау үшін 3-5 жылда ақ патшаға өкілдік жіберіліп тұрсын...» делінген.
Сол кездегі Тарбағатай өңіріндегі орыс отарлауына табанды қарсы тұрған тұлғалардың бірі – Қожагелді батыр. Зерттеушілер Қожагелді Атанұлы шамамен 1757 жылы туған дейді. Туған жері белгісіз. Бірақ ата-бабалары бірнеше ғасыр жайлаған Сарыарқаның төріндегі Есіл-Нұра мен Сарысу өңірлерінде немесе Сыр бойында тууы да әбден мүмкін. Жасаған ием батырға қажетті мол қайрат, табандылық, үлкен жігер берген, ақылға да кемел Қожагелді Атан ұлының сүйегін ескіше таратсақ: қаракерей, мұрын, жолымбет, назар, жанболат, тоқабай сияқты руға айналған аталардың атымен кете береді.
Қожагелді жасақ жиып, қолбастаған уақыт Абылай мен Қабанбай заманы емес. Бұл кезде қазақпен арпалысқан жоңғарлар тарих сахнасынан кеткен. Десек те өңір әлі тынышсыз. Қытайдың және орыстың ықпалына енген рулардың арасында да әртүрлі қайшылықтар болып жататын, отарлаушылардың жуасыту жорықтары да жиі болатын. Кезінде Тарбағатайды жайлаған, қазақ-жоңғар соғысының барысында бұл өңірлерден қытай жеріне ауған қалмақтар мен Тарбағатайды мекен қылған қазақтар арасында да әлсін-әлсін қақтығыстар әлі болып тұратын. Қожагелді 16-17 жасында ат жалын тартып мініп, тәжірибелі жорықшы батырлардың жанына ерген XVIII ғасырдың 70-ші жылдарының басы, ел әлі бейбіт жағдайға толық көшіп болмаған кез еді.
Қожагелді батырға байланысты ел жадында қалған деректердің бір бөлігі – оның қырғыздарға жасаған жорықтары туралы болып келеді. Шынында Қожагелді батыр ат үстінде жүрген XVIII ғасырдың 70-80-ші жылдары қазақ пен қырғыздың арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісіп тұрған кезеңіне жатады. Кезінде жоңғарға бағынып қалып, отыз жылдан астам уақытқа созылған жоңғар-қазақ соғысында бейтарап жағдайда болған қырғыздар, Жоңғар мемлекеті талқандалғаннан кейін, қазақ әскері жан алып, жан беріскен соғыстармен босатқан Жетісу өңірін және т.б. жерлерді алу мақсатында жорықтар жасай бастады. Деректер бойынша Әтеке, Нәдірбала сияқты қырғыз батырлары Аягөз бойына дейін келген. Бұл кезде қазақтар, қалмақтармен жүргізген қиян-кескі соғыстарының нәтижесінде өздері жаудан босатқан, бір кездегі ата-баба жұрты Алтайды, Тарбағатайды, Жетісуды бұрынғы жоңғар жерлерін иеленуге құқылымыз деп есептеген Цин жаулап алушыларының қысымымен тастап шығып, орыс бекінісі Семей түбіне қарай шегінуге мәжбүр болған еді. Сол кезде өмір сүрген капитан Андреев қазақ руларының Шар өзенінен өте алмай, қытайлар оларды жібермей тұрғанын жазған. Қырғыздардың қазақтың өзі босатқан жерлерін иемденіп қалу үшін көрсеткен белсенділіктері осы кезге сай келеді. Бұл жағдай қазақтар тарапынан әділетті ашу-ызаны туғызғаны мәлім. Сол кезеңдегі оқиғалардың біразы қазақ-қырғыз қақтығыстарына арналған. Ақыры 1770 жылы қазақ әскері Шу өзенінің бастауларында, «Жәйіл қырғыны» деп аталған шайқаста қырғыздарды ойсырата жеңгені тағы шындық.
Біраз болсын саябырсыған қақтығыстар XVIII ғасырдың 80-ші жылдарына қарай қайтадан өршіді. Осы кезеңдерде Қожагелді батыр қырғызға қарсы жорықтардың барлығына қатыса бастаған. Оның батырлық қабілеті осы жорықтарда жұртқа мәлім болған. 1785 жылы қырғыз торуылшылары қазақтың атақты қолбасы батыры, заманында Ер Қабанбайдың серігі болған, шанышқылы Бердіқожа батырды Іле бойында қолға түсіріп, азаппен өлтіреді. Шанышқылылар кезінде жаудан босатылған шығыс өңірге сонау Тәшкен жақтағы Шыршықтан қоныс аударған болатын. Бұлар Бердіқожаның қазасынан кейін қайтадан бұрынғы жерлеріне кетуге мәжбүр болған. Бердіқожаның өлімі қазақтарды қатты шамдандырған. Ел ішіндегі әңгімелерде Қожагелді батырдың Бердіқожа үшін қырғыздардан кек алғандығы айтылады. Бір қызығы, мұрын табының назар тармағының ішінде өздерін Қожагелді қырғыздан әкелген сарыбағыштармыз дейтін туыстар кездеседі.
Бір сөзбен айтқанда, Қожагелді батыр қазақтың ертеден келе жатқан батырлық және жауынгерлік дәстүрін мол меңгерген, қазақ-жоңғар соғысына қатысқандардың жанына ерген, әңгімелерін тыңдаған, солардың ізін жалғастырған, бүкіл саналы ғұмырын елін, жерін жаудан қорғауға арнаған тұлға.
Тарбағатай-Зайсан бағытында орыс отарлауы белсенді түрде жүре бастаған уақыттарда Қожагелді Атанұлы мүмкін болса ешкімге де бағынбай, тәуелсіздікті сақтау тұғырын берік ұстанған. Оның мұндай көзқараста болуына да әсер еткен факторлар болды деп айта аламыз. Біріншіден, бұл кезеңде орыс отарлауы қанша қауырт жүре бастаса да, XIX ғасырдың соңы және XX ғасырдың басындағыдай қазақ жеріне шаруа переселендердің қаптап көшіп келуі жоқ еді. Бұл уақытта жерді отарлау азын-аулақ казактар арқылы ғана іске асырылды. Қазақтың саны қалай болғанда да басым. Осы жағдай күш біріктірсе, келімсектерге қарсы тұруға болады деген үміт отын да ұялатқан сияқты. Екіншіден, Қожагелдіге қатаң бағыт ұстануына мүмкіндік берген, осы ұстанымды қолдайтындардың ел ішінде біршама болуы деп те есептейміз.
Ел ішіндегі қайраткерлердің осы мәселеде ұстанымдарының тұрақты болмауы біршама қайшылықтарға әкелгенін көруге болады. Мысалы, Ақсуат жеріндегі бұрыннан келе жатқан әңгімелерде Ханқожаның үлкен ұлы Жанбөбек пен Қожагелдінің арасындағы болған бітіспес жаулық айтылады. Бірақ бұған халық әңгімелері одан арғы жауапты бермейді.
Біз оған жауапты тарихи деректерге үңілгенде табамыз. Қожагелді батыр қаза табатын 1826 жылдың қарсаңында, кейіннен өздері орыс билігіне қарсы күресті бастайтын ағайынды сұлтандар Жанбөбек те, Сыбанқұл да осы кезеңде орыспен жақындасу саясатын ұстанған. Осы уақыттарда бұлар үшін үлкен кедергі Қожагелді батыр болды деуге болады. Ақыры оқиғаның шиеленісуі ел ішіне Жанбөбек сұлтанның орыс қарулы отрядын шақыртуына алып келеді. Ол туралы «...султаны Мурун-Наймановской волости Ханкожины начинают просить о присылке к ним казачьих отрядов... Султаны на эту присылку обязались уплатить в пользу войска ремонтный сбор лошадьми, продовольствовать отряд на свой счет. Посланный в 1825 г. отряд возвратился на линию благополучно, командированные же в октябре 1826 г. сотник Везигин, при 25 казаках, встретил, по его словам при сборе лошадей сопротивления со стороны части мурунских киргиз, так что дело в конце концов, дошло до вооруженной стычки» деп көрсетілген. (Н.Коншин. Материалы для истории Степного края // Памятная книжка Семипалатинской области на 1900 г. Выпуск IV. Семипалатинск, 1900. С.8).
Осында қазақтардан лау сұраған казактар мен жергілікті тұрғындардың арасында болған қақтығыста үш адамның қаза тапқаны және бірнеше адамның жараланғандары айтылады. Соның бірі – ауыр жараланған Қожагелді батыр.
Қожагелді батырдың өлімін кездейсоқтық деу қиын. Оның жауабын жергілікті руларды қандай жолмен болсын бүтіндей бағындыруды көздеген орыс өкіметінің саясатынан табамыз. Біз бұдан, орыс бодандығына мүлде қарсы, ертеңгі күні елді үлкен қозғалысқа бастап шығуы мүмкін тұлғаның көзінің басқаларға сабақ болсын деп мақсатты түрде жойылғанын көреміз.
Қожагелді батырдың өліміне байланысты оқиғаның анық-қанығын тексеруге Омбыдан Тарбағатай өңіріне арнайы комиссияның келгенін де осыған жатқызамыз. Ақыры, Қожагелді батырдың руластарын, жақын ағайындарын, елді тыныштандыру мақсатында Тарбағатай өңірінен Санкт-Петербургке арнайы бітімгершілік депутация шақырылған. Сол кезеңде қазақ даласынан Петербургке талай делегацияның барғанын байқауға болады. Барғандарға патша үкіметі үлкен сый-сияпат жасаған. Мүмкін болса, императормен аудиенция да ұйымдастырған. Осындай шаралардың астарында, жаулап алынған жерлерді толық игергенше, жергілікті халықты алдап-сулап тыныштандыру саясатының да жатқанын көреміз.
Бұл туралы белгілі өлкетанушы Николай Яковлевич Коншин 1900 жылы шыққан «Памятная книжка Семипалатинской области» жинақ басылымында жариялаған өзінің мақаласында: «В декабре 1828 г. к Генерал-Губернатору поступило прошение от ездивших в Петербург депутатов (старшины Айдарбека Кутебаева и 3 биев) о взыскании с Ханкожиных куна за убитых в 1826 г. трех мурунцев и об удалении Ханкожиных из Мурунской волости» деп жазады. (Н.Коншин. Материалы для истории Степного края // Памятная книжка Семипалатинской области на 1900 г. Выпуск IV. Семипалатинск, 1900. С.13).
Біз бұдан Ақсуат өңірінде халық ішінде айтылатын «Қожагелді батырдың құнын жоқтап Шәкі би, батырдың інісі Айдарбек би және Қисық Тезекұлы Петерборға барған» деген сөздерге дәлел табамыз. Мұндағы айтылатын Айдарбек би сол кездегі көрнекті тұлғалардың бірі. Оның әкесі Көтебай Қожагелдінің бірге туған ағасы, яғни бұлар Атанның ұлдары.
Николай Коншин оқиғаны: «Наконец, в начале января 1828 г. Ючин приехал из Семипалатинска в Омск, откуда, в конце того-же месяца, и был отправлен в Петербург со «свитой» из пяти человек (одного бия, двух старшин, муллы и татарина Файзуллы Сейфуллина) и в сопровождении назначенного «приставом» к депутации начальника отделения Омского общего областного управления Сушина «при двух казачьих чинах» деп одан әрі өрбітеді. (Ол да сонда, 13-б.) Біздер бұдан Петербургке бес адамның барғанын көреміз. Олар: депутацияны бастаған, сұлтан Сарт Жошыұлы, Шәкі би, старшиналар деп көрсетілген Айдарбек би және 1734 жылы құрылатын Көкпекті сыртқы округінің болашақ аға сұлтаны, өз заманының аса көрнекті тұлғасы Қисық Тезеков, сол сияқты жол басшы Файзолла Сейфуллин деген татар азаматы мен аты-жөні белгісіз бір молда.
Депутацияға халық ішінде аса беделді сұлтан Сарт Жошыұлы, осы күнге дейін жұртшылық атын құрметпен айтатын Шәкі би, сол кезде ел ағасы болған, Қожагелді батырдың інісі Айдарбек би және Қисық Тезекұлы сияқты азаматтардың кіргендері-ақ оқиғаның бүкілхалықтық сипат алғанын, сонымен бірге батырдың халық ішіндегі беделінің қандай болғандығын аңғартады.
Қожагелді Атанұлы отаршылдардың қолынан 1826 жылы опат болғанда, азамат, ел ағасы, қайраткер ретінде кемеліне келген кезі 69 жаста болыпты. Бүгінгі мына тәуелсіз ел болған бақытты заманда, туған халқының жарқын болашағы үшін барлық қиындықтарға төзіп, бастарын оққа байлаған Қожагелдідей ерлердің жанкешті істерін ұмытпау, еске алып отыру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.
Мұхтарбек КӘРІМОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры