Аймақтар • 27 Желтоқсан, 2017

Бөліске түскен республикалық жол жағдайы қашан жақсарады?

288 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Облыс орталығына қарасты Ленин кентінен басталып, аудан орталығы Ертіс ауылы арқылы Ресей шекарасы Русская Поляна аумағына дейін созылып жатқан автомобиль жолы республикалық маңыздағы жолдар қатарына алынды. Ал Қашыр ауданы арқылы өтетін «Қашыр – Михайловка – Омбы шекарасы» республикалық жолы облыстық әкімдіктің қарауына берілді. 

Бөліске түскен республикалық жол жағдайы қашан жақсарады?

Жуырда облыстық әкімдікте Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішенбаев пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек жолдармен алмасу туралы құжатқа қол қойыпты.

Өткен жылдары республикалық маңызы бар «Ленин кенті – Ақсу – Үлкен Ақжар – Курчатов», «Ульяновский – Керней – Баянауыл – Қалқаман» жолдарын қардың күрт еруі кезінде су басқаны белгілі. Өңірдегі «Ақсу – Дегелең» темір жолының 199 шақырымындағы учаскені су шайып кету салдарынан пойыз қозғалысы да тоқтаған-ды. Курчатов қаласы осы Дегелең стансасына таяу жерде. Құрылысы 2008 жылы басталып 2011 жылы аяқталуға тиіс болған, жыл сайын қыруар қаражат бөлінетін Ленин кенті – Ақсу – Үлкен Ақжар – Курчатов аралығындағы республикалық жол әлі жөнделуде. «ҚазАвтожол» АҚ-тың жергілікті филиалының бізге берген мәліметтерінде 2017 жылы орташа жөндеу бойынша өңірде құны 3251,1 миллион теңгеге жалпы қашықтығы 168,5 шақырым 12 автожол учаскесі жөнделеді деп көрсетілген. Соның ішінде Ленин – Ақсу – Көктөбе – Ақжар – Курчатов жолы бойынша құны 345,3 миллион теңгеге биыл жалпы қашықтығы 12,2 шақырым 2 учаске жөнделіпті. Оның мердігері – «АЗА» ЖШС. Жоспар бойынша бұл аралық биыл қазан айында пайдалануға берілуі керек-ті. 

Екіншісі, қарапайым халықты әбден шаршатқан Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ульяновский бағытындағы республикалық жол да жыл сайын жөнделеді. Көктем келсе тасқын су басады, қазір ой-шұңқырға толы. Жергілікті бөлімше «мердігер биыл құны 912,8 миллион теңгеге 34,3 шақырым 5 учаскені ресайклирование әдісімен жөндейді» деген. Алайда «ҚазАвтожолдың» жергілікті өкілі М.Дарабаев Павлодар – Баянауыл бағытындағы жолды жөндеуге жауапты мердігер компания «Анис» ЖШС мемлекеттен алған қаржысынан қағылғалы тұр. Тиісті жұмыстарды кестеден кешіктірген компанияға 5 миллион теңге айыппұл салынған. Енді мемлекеттік конкурс негізінде жеңіп алған үш лоттың бірі кері қайтарылмақ», дейді. Яғни мердігер компания 13 миллион теңгені бюджетке қайтаруы қажет. Серіктестік басшылығы жұмысқа құрылыс материалдары жетіспеді десе, «ҚазАвтожол» өкілдері компания жұмысқа салғырт қарайтынын айтуда. 

Ақыры, өңірдегі республикалық маңыздағы жолдарды жөндеуге келетін мердігер компаниялармен «ҚазАвтожол» АҚ-тың жергілікті бөлімшелері арасындағы осындай түсініспеушілік алдағы уақытта да қайталана беруі мүмкін екенін ескерген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыс жолдарын сақтап, күтіп ұстау үшін енді аудандағы кәсіпкерлер де қолдау көрсетсе деп отыр. Яғни қажетті техникамен қамтылған кәсіпкерлер де енді мемлекеттік конкурсқа қатыса алады. 

Енді «жолдарды неге айырбастайды» деген мәселенің мәнісіне келейік. Баянауыл ау­данының әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтің хабарлауынша, 2018-2019 жылдары Қалқаман кентінен аудан орталығына дейінгі жол толық күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6,1 млрд теңге қаржы жұмсалады дейді. Жол құрылысына байланысты жобалау-сметалық құжаттама әзірленіпті. Бәрі де жақсы-ақ. Ал Лениннен басталып Курчатовқа әлі жете қоймаған Ленин кенті – Ақсу – Үлкен Ақжар – Курчатов жолы да 2007 жылдары облыстық маңызы бар санатынан алынып, республикалық маңызды жол қатарына жатқызылған-ды. Содан бері жол құрылысының жұмыс барысы әлі аудан орталығы Көктөбе маңайында жүр. 

Қазір Курчатовқа қарай Ақсу қаласы, Май ауданының ауылдары арқылы өтетін «Ақсу–Дегелең» темір жолы бар. Семей­ге, Өскеменге баратын жолдар жаңаруда. Ал Курчатовқа дейін көк­­темде су астында қалмайтын рес­публикалық дәрежедегі жол салу үшін де қаншама қаражат, үл­кен жұмыс күші, қаншама техника керектігі белгілі. 

 – Соңғы 10 жыл ішінде облыстық меншіктен республи­калық меншікке қабылданған жолдың алғашқысы «Ленин кенті – Үлкен Ақжар – Кур­чатов» тас жолы. Облыс­тық коммунал­дық меншікте бол­ғанда бұл жол­дың жағдайы өте нашар. Соңғы 5-7 жылдың ішінде біз бұл жолға күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргіздік, дейді Мереке Пішенбаев.

Егер күрделі жөндеу жұмыс­тары бөлінген қыруар қаражат­­қа сай уақытымен жасалғанда, 2011 жылдан бергі 7 жылда «Ленин кенті – Ақсу – Көктөбе – Ақ­жар – Курчатов» аралығын­дағы алмасуға түскен 234 шақы­­рым жолды дер кезінде пайда­лануға беруге болар еді. Об­лыс­тық меншікте болғанда жағ­дайы нашар еді деп барлық жолды республикалық санатқа бере беруге болмас. Облыс өзі қадағалайтын жолдарды назар­ға алуға тиіс. Қыруар қар­а­жат бөлінетін респуб­ли­ка­лық маңыздағы жолдар­дың бүгінгі жағдайының оңып тұр­м­ағаны тағы мәлім. Енді келіп ре­спубликалық жол жасаймыз дегенге халық сене қойса игі. 

Айырбасқа түскен тағы бір рес­публикалық дәрежедегі жол Қашыр және Железинка аудандарын облыс орталығымен және Ресейдің Но­во­сібір облысымен байланыстырады. 

– Қашыр мен Михайловка арқылы Ресейге апаратын тас жолды облыстық меншікке беру өңірдің жол желісін әрі қарай дамытады. Бұрын бұл жол арқылы Новосібір облысына баратын болса, қазір бұл бағытта көлік қатынасы соншалықты тығыз емес, – дейді облыс әкімі Болат Бақауов.
Бірақ, Новосібір облысының аумағындағы тұрғындар мен Павлодар облысының халқын, ағайын-туыстарды, студенттер­ді, басқа да жолаушылар­ды күнделікті таситын автобустар екі ел арасына осы жолмен жүреді. Новосібір жақтың жолы жақсы. Біздің жолдың әбден тозып біткені көрініп тұр. Сондықтан қандай маңыздағы жол болсын, жолаушылар қауіпсіздігі үшін жөнделуі аса қажет. Бұл мәселе айтылғалы да талай жыл өтті.

Біздіңше, облыстық жол­дар­дың иесі облыс, аудан болуы қажет. Қазір аудандарға барған­да «Жолды неге жөнде­мейсіз­дер?» деген сұрақ­қа әкімдіктегі­лер «Бұл жол біздікі емес» деп жауап береді. Жауапкершілік жоқ. Респуб­ликалық жол бөліктерін жергі­лікті жердегілер бөліске салып, «сен саларда мен салар» деп жүргенде осылай бақылаусыз қала береді. 

Облыстағы республи­ка­лық маңызы бар автомобиль жол­дары­ның жалпы ұзынды­­ғы 1 510 шақырым болса, облыс­тық және ау­дандық автомобиль жолдары 4148,3 шақырым­ды құрайды. Облыстық жол бас­қармасының мәліметін­ше, өткен жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 3366,016 миллион теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен – 149,6 миллион теңге, облыстық бюджеттен 3216,416 миллион теңге бөлініпті. 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы